​«Араққұмар ене, табысы жоқ күйеу, тозығы жеткен үй...»: түркістандық келіншек өз өмірінен сыр шертіп, жастарға ақыл айтты

0
2 120

«Бақытты күтпе, оны өзің жасап ал!»


​«Араққұмар ене, табысы жоқ күйеу, тозығы жеткен үй...»: түркістандық келіншек өз өмірінен сыр шертіп, жастарға ақыл айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Жалғыз қайынсіңлім бар, мен сол үйге келін болып түскенде сегізінші сыныпта оқитын қыз еді. Жақында тұрмысқа шыққан. «Барған жерімнің жағдайы нашар, қалағанымды жей алмаймын» деп үйге жылап келіпті. Жер-жебіріне жетіп ұрыстым, өзінің баяғы күнін есіне салдым», - дейді Алтынай дейтін түркістандық оқырманымыз.


Тұрмысқа шыққанына он жыл болған келіншек баяғы күнін еске алып, ERNUR.KZ арқылы жас қыздарға ақыл-кеңесін берді.


«Бір үйдің әлпештеп, аялап өсірген жалғыз қызымын. Ештеңеден таршылық көрмей өстім. Университетті үздік аяқтап, магистратураға оқуға түскен кезім еді, бірнеше айдан бері сөйлесіп жүрген Нұрболат есімді жігітке тұрмысқа шықтым. Балалығым ба, білмеймін, қыз бен жігіт боп жүргенде жігітімнің үйіне барып, отбасымен танысып, тұрмыс-жағдайын көрмеппін. Әйтеуір әкесі жоғын білдім, бір дөкейдің бала-шағасын мектепке таситын жүргізуші болып істейтінінен хабардармын, болды...


«Мен сені алып қаша салайын» деген соң ойланбай келісе салғам, келін болып түскен үйді көргенде шалқамнан түсе жаздадым. Ескі үй, қабырғалары әктеле беріп, жұқпайтындай жағдайға жеткен. Едені сырланбағанына біраз болған, басқан сайын сықырлайды. Терезедегі перделер күннен күйреп кеткен, ұстасаң жыртылып жатыр. Қап-қараңғы, күн көрмей әбден зәктеніп кеткен үй екен.

«Әке-шешемді жерге қараттым-ау» деп ойладым. Атамыз осыдан жиырма жыл бұрын қайтыс болған, енеміз кейін біреумен шатысып, бір қыз туып алған екен. Аздап араққұмарлығы бар көрінеді. Мен келін боп түскенде ішіп алып, ел-жұртқа масқара болған.


Босаға аттап қойған соң, артқа қайтуға жол жоқ, амалсыз «өз еркіммен келдім» деп әке-шешеме қолхат беріп жібердім. Әкем бес баланың ішіндегі үкілеп өсірген жалғызының кеткеніне қатты қиналып, хабаршылармен тілдеспей, жер бауырлап жатып қалыпты. «Ақылы бар қыз еді ғой, неге ұзатылып кетпеді» дей беріпті. Оны естігенде жүрегім ауырып, түн баласы жастық құшақтап жылай бердім.


Енем құдалық жайын ойламады да, әруақтан қорықты ма, бір қой беріп жіберіпті. Қалың мал деген атымен жоқ. «Қызым-ау, қандай жерге тап болдың, елге не бетімізбен қараймыз енді» деп анашым звондаған сайын жылайды. «Мама, әлі-ақ бізде бәрі жақсы болады» деп жұбатып қоям, бірақ өз сөзіме өзім сенбейтінмін.


Бір аптадан кейін Нұрболат жұмысқа шығатын боп, қалаға кеттік. Ертеңіне осы қайынсіңлім колледжде оқимын деп артымыздан келіп алған. Пәтер іздеп, қаланың әр шетіне сандалып, жүрген күндеріміз қазір көрген түстей. Қалтамызға ыңғайлысы оңайлықпен кезіге қоймады. Нұрболат жалақы алмайды, бастығымен 3 жыл балаларын тасыса, көлік өз меншігіне өтеді деп келіскен екен. Оның әлі 2 жылы бар. Бос уақытында таксовать етіп, тиын-тебен табады. Бар үміт менің шәкіртақымда. Үйтіп-бүйтіп жүріп қуықтай бір бөлмені 10 мың теңгеге таптық. От жағып тұру керек, өмірімде тезек, көмір көрмеген басым, бәріне төздім.


Көктемде өз күшіммен тест тапсырып, қаладағы мектепке мұғалім боп орналастым. Содан шәкіртақымның мұртын бұзбай, жинадық. Бір жылдан соң декреттік демалысқа шығып, оған да әжептеуір ақша түсті. Бұл уақытта Нұрболаттың да көлігі өз меншігіне өткен, оны сатып, арзанын алдық. Үстінен жонған ақшаға жинағанымызды қосып, қала шетінен жер алдық. Келесі жылы әупірімдеп екі бөлмелді үй тұрғыздық. Үш жылда күйеуімнің табысы ұлғайып, бес бөлмелі үлкен үй тұрғыздық. Ауылдағы тозығы жеткен үйде отырған енемізді қолымызға алып, емдетіп, адам еттік. Оның маған, менің оған үйренуімнің өзі бір хикая. Сонда да сабыр еттім, ит те болса күйеуімнің анасы ғой деп қылықтарына көз жұма қарадым.


Содан жаман болған жоқпыз. Қазір бір мектептің директорымын, күйеуім Қытайдан тауар алдырып, көтерме бағамен базарларға өткізеді. Төрт баламыз бар. Жақында ғана күйеуім он жылдық мерейтойымызды дүркіретіп тойханада атап өтті. Әке-шешеме ризашылығым деп машина мінгізді, екеуін Меккеге, қажылыққа жібермекші. Кезінде маған ренжігет ата-анам қазір бақытты. «Нұрболат баламыз» деп бәйек болып отырады.


Қайынсіңліме бала күнін еске салып, сабырға шақырдым. Адам бақытты күтпейді, оны өзі жасап алады. «Маған кім комфорт сыйлайды» деп жүре берсең, жете алмайсың. Өзіңе керек жағдайды өзің жаса! Ерінбей еңбектенген адамның алмайтын қамалы жоқ екен қайынсіңліме де, басқа бойжеткендерге де айтқым келеді».