«Асырап алған ұлымыздан бас тартқымыз келеді»: ақтаулық ана баласынан таяқ жегенін айтты

0
2 623

«Қанына тартпай қоймайды екен»


«Асырап алған ұлымыздан бас тартқымыз келеді»: ақтаулық ана баласынан таяқ жегенін айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды

«Тапқан ана емес, баққан – ана». Бұрынғылар осылай дегенде титтейінен асырап алған ұлымнан көп үміт күтетінмін. Ақ сүтімді бермесем де, аузынан ақ майды ағызып өсірдім ғой деп ойлайтынмын. Сөйтсем мың жерден тәрбие беріп, мейіріміңді төксең де, бала қанына тартпай қоймайды екен», - дейді Сәуле есімді ақтаулық ана.


Айтуынша асырап алған ұлы қазір өз анасын аямай, ұрып-соғады екен. Отбасындағы мүшкіл жағдайды Сәуле ханым ERNUR.KZ тілшісіне бастан-аяқ баяндап берді.


«Жолдасым екеуміз кеш үйлендік. Мен бұрын тұрмысқа шығып, денсаулық жағдайыма байланысты ажырасып кеттім. Сосын араға біраз жыл салып, қазіргі күйеуімді кездестірдім. Ол кісі де бұрын үйленіп, бір қызымен ажырасқан екен. Екеуміздің сөзіміз жарасты да, бірге тұруға шешім қабылдадық.


Жолдасым өте жуас жан. Қақ-соқпен ісі жоқ. Мінезі жайлы, мен не айтсам соған көне береді. Екеуміз қала іргесінен жер алып, үлкен үй тұрғыздық. Үйіміздің шатырын жапқан жылы аяғым ауырлап, дүниеге қызымыз келді. Ол үш жасқа толғанда денсаулығым тағы сыр берді де, дәрігерлер маған бала тууға тыйым салды.


Бұл жағдай маған да, жолдасыма да оңай тиген жоқ. «Ізіңді жалғайтын ұрпақ тауып бере алмайтын болдым» деп талай түнді жылаумен өткізетінмін. Сонда күйеуім «Құдай маған екі қыз берді, оған да шүкір. Пешенемізге жазылғанын көреміз, ұл тумадың деп екінші мәрте ажырасатын ойым жоқ. Балалар үйінде жетім қалған бейкүнә сәбилер өте көп қой. Біреуін асырап алайық» деп үгіттей бастады.


Содан біз қаладағы балалар үйін әбден аралап, шарлап жүріп бір баланы бауырымызға бастық. Шешесі тұрмысқа шықпай жүкті болып, баласынан бас тартқан екен. Бар мейірімімізді салып қарадық. Үлкен үй, жаюлы дастархан, таза киім, жайлы мектеп, баламызда осының бәрі болды. Менің төркінім де, қайын жұртым да Ерасылды бөтенсіген жоқ. Ерасылды асырап алғанда қызым небәрі үш жаста еді ғой, бауырының бөтен екенін ол да білмей өсті. Інісі үшін жанын беруге әзір тұрады. Бір сөзбен айтқанда, баламыз хан баласындай күн кешті.


Бірақ өсе келе мінезі өзгере бастады. Достарымен қыдырып кетеді. Сұрану дегенді ұмытты. Үйге кеш келеді. «Мама, мен видео әнші болғым келеді» деді, расында да музыкаға бейімі бар еді. Онысын да орындап, ән жаздырып беріп, киімдерін әпердік. «Мама, мен мобилографтың курсын оқимын, видео түсіріп, блогер болам» деді, әкесі екеуміз онысын да құптадық. Оқуының ақысын төлеп, қымбат смартфон әпердік.


Сөйткен ұлым бір жылдан бері басымызға сор болып жүр. Алдымен үйдегі алтындар жоғалды. Өзімізден басқа ешкім жоқ, кімнен көрерімді білмей дал болдым. Қызым таңертең жұмысқа кетеді де, түнге қарай бір-ақ келеді. Біз де жұмыстамыз. Баламыз ғана үйде. «Бірдеңеге ұрынып, бізге айта алмай, балалықпен алған шығар, қыспаққа алып көрейін» деп сұрақтың астына алдым.


Сөйтсем шынында да балам алыпты. «Алдым, маған керек болды, не істесің ал?! Ұрасың ба, ұр!» деп ашуыма тиді. «Әй, есің дұрыс па, сонша алтынды не істедің? Тірнектеп жиған дүниеміз ғой» деп төмпештей бастап едім, өзіме қол жұмсап, бөлменің арғы бұрышына қарай лақтырып жіберді. Басым дуалға соғылып, жарылып, жаным көзіме көрінді.


Сол кеткеннен балам бір апта үйге келмей қойды. Іздемеген жеріміз жоқ. Мектебіне де бардық, сабағы жайына қалған. Тек бір досына «мені іздемесін, өзім бір күні келемін, полицияға хабар берудің қажеті жоқ» деп сәлемдеме жолдапты. Бір Аллаға сыйынып, жолын тосып отыра бердік. Бір аптдан кейін келді. Амандық жоқ, саулық жоқ, «Бір жылдан соң кәмелетке толамын, сосын сіздерге есеп бермеймін. Әзірге мазамды алмаңдар!» деп бөлмесіне кіріп алды. Не әкесін, не мені тыңдамайды.


Қайбір күні күйеуімнің телефонына «кредит төлейтін күніңіз жақындап қалды» деген хабарлама түсіпті. Ол аң-таң, өмірінде несие алып көрмеген ғой. «Мынау не бәле?» деп маған жүгіріп келіпті. Түп-тамырын анықтап көрсек, баламыз әкесінің құжаттарын алып, суретін пайдалана отырып онлайн-несие рәсімдеп, үш миллион теңге алыпты. Оған барып Ресейден келіп жатқан ескі көліктердің бірін сатып алыпты. Өзі әлі кәмелеттік жасқа толмай жатып көлік айдап, жылдамдықты асырғаны әрі құжатсыз рөлге отырғаны үшін бізге ірі көлемде айыппұл салыпты.


Күйіп-пісіп отырмыз. Бала емес бәле болды. Күннен-күнге проблемасы ұлғайып келеді. Осының бәрін туған ініме айтып едім, «Басыңды жалмамай тұрғанда сотқа жүгін де, балаңнан бас тартуға арыз таста. Ертең он сегіз жасқа толса, үйдің заңды мұрагері болып шыға келеді. Ондайда бұдан да сорақы тірліктерді істеуі мүмкін» деп ақыл айтып отыр. Ал ұлымыз біздің өзін асырап алғанын білмейді. Біреулерден естімесе, өзіміз айтқан емеспіз.


Шынымды айтсам, қартайған шағымда осындай жағдайға тап боламын, отбасымның шырқы бұзылады деп ойламаппын. Жетімнің басынан сипап, тәрбие беріп, барымды алдына тосқанымыз үшін айыптымыз ба? Баламызды қайтсек түзетеміз? Әлде туыстарымыз айтқандай осы бастан бас тартқанымыз дұрыс па? Көпшіліктен кеңес сұрағым келеді».


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Күйеуімді қайтарып берді»: шымкенттік келіншек пен күйеуін көңілдесі қайта жарастырған


«Көршінің баласына лағынет айтамын»: алматылық жігіт қалай "көгілдірге" айналғанын жайып салды