​«Ауруханада жатсам да ақша сұрай береді»: жас келіншек анасына деген өкпе-ренішін жеткізді

0
1 990

«Анамнан көрмеген мейірімді енем мен күйеуім беріп жатыр»


​«Ауруханада жатсам да ақша сұрай береді»: жас келіншек анасына деген өкпе-ренішін жеткізді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Аурухана төсегінде жатырмын. Дәрігерлер «көңіліңді көтер, жаныңдағы адамдармен әңгімелес, өмір мұнымен біткен жоқ» деп жұбатып кетеді. Қанша жерден ойымды бөлейін десем де, жүрек пен санам бағынбай барады. Ерте есейткен өмірге өкпелімін. Үйдің тұңғышы болып, бар ауыртпалықты арқалаған өзіме ренжулімін. Өз қалауыммен жүріп-тұра алмағаныма, өзім ұнатпаған істі істемейтінімді айта алмағаныма өкінемін...», - дейді Шапағат есімді жас келіншек.


Ол таяуда ғана құрсақтағы сәбиінен айырылып, ауруханада жатқанын айтты. Басына түскен сынаққа анасын кінәлап отыр. Оның себебін Шапағат ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Әкемізден ерте айырылдық. Жасы келген апам бар, шиеттей бауырларым шешеме аузын ашып, қарап отыр. Соны сезген анам маған үнемі «оқуға түсем деген арманың болса, онда ұмыт. Мына бауырларыңды екеулеп жеткізуіміз керек» деп құлағыма құя берді. Мен шешеме қарсы келмедім. Інілерім оқысын, солар ішсін, жесін деп жүріп мектеп бітірдім. Жанымдағы сыныптастарым қалаға оқуға кетіп, студенттік шақтың қызығына батып жүргенде мен жастықты құшақтап алып дымымды білдірмей жылайтынмын.


Бір жылдан соң бар күш-жігерімді жинап, анама «Мен қалаға барып оқимын» деп қалауымды айттым. Ол кісіге менің шешімім мүлдем ұнамады. «Оқимын деп кетсең, онда менің бетімді көрмей-ақ қой» деп айтқанынан қайтпай тұрып алды. Жап-жас, ауылдың сарыауыз балапаны болсам да қалаға жалғыз өзім келіп, колледжге құжаттарымды тапсырдым. Кетерде анама «Бауырларымды адам ету үшін де білім керек. Қазір оқымаған адамды еден жуушы етіп те алмайды ғой. Бағымды байламаңыз» деп кеткенмін. Құдай мені өлсін деп жаратып па? Грантқа ілігіп, шәкіртақы ала бастадым. Оны айдан-айға әрең жеткізіп, анама салмақ салмай, ақыры оқуымды аяқтап шықтым. Кезінде мені қалаға жібергісі келмеген анам «ауылға келіп, осы жақтың мектебіне мұғалім бол» деп миымды жей бастады.


Қалада сүйікті жігітім бар еді. «Оқуыңды бітірсең, үйленейік» деп қоймай жүрген. Оған берген уәдемді шорт кестім де, анамның айтқанына көніп, ауылға кеттім. Жігітім ер екен. «Мен сені күтуге дайынмын» деп шығарып салды.


Бұл кезде апамның да денсаулығы жиі сыр беріп, жатып қалатын. Күйбең тіршілікке көміліп кетердей өкпем қысылып, білімімді одан әрі жетілдіргім келіп, іштей күйзелдім. Жігітіме деген сағыныш да өлтіріп бара жатыр. Бір күні шешеме сүйген жігітімнің барын, үйленгісі келетінін айтып едім, ыршып түсті. «Саған беретін жасауым да, жағдайым да жоқ. Кетем десең кете бер, ертең артымнан дүние әкелмедің деп өкпелеме» деп кесіп айтты. Шешемнің маған келгенде мұншалықты тасжүрек болғанын түсіне алмадым.


Бір күні шыдай алмай жігітіме «Мені алып қаш» деп хат жаздым. Менің бір ауыз сөзімді күтіп жүрген екен, сол күні түнде үйге келіп, бүкіл ауылды шулатып, мені өз еліне алып кетті.


Анам сол жағдайдан кейін менімен бір айға жуық уақыт сөйлеспей қойды. Өзім жаңадан келін атанып, көңілім алабұртып жүрген маған анамның сырт айналғаны жүрегімді тілімдеп кескендей әсер етті. Іш-дертімді күйеуіме айтып, жылап алатынмын. Ата-енем өте жақсы адамдар, «Той жасайық» деп сөз қозғай берді. Ұялсам да «менің мамам жасау әкелуге дайын емес, сәл қоя тұрайық» деп ашып айттым. Анам бес ай дегенде жасауымды түгендеп бітіп, ақыры біздің тойымыз болды.


Онша-мұнша кем-кетігіне түсіністікпен қараған ата-енеме риза болдым. Барлық кемшіліктің тігісін жатқызып жіберді. Және оны осы уаққа дейін бетіме басып, айтқан емес.


Тек қынжылатыным, анам мазамды ала береді. «Қайынжұртыңның жағдайы жаман емес екен. Бізге ай сайын жиырма-отыз мың салып тұр» деп шарт қойып отыр. Менде қайдан ақша болсын?! Түсінбейді, түсінгісі де келмейді. «Қалада тұрасың, ініңді үйіңе жатқыз!» деп қоймай жатыр. Өзіміз көпқабатты үйде тұрамыз, басы артық адам жүрсе жуынатын бөлмеге кезек күтіп қалатынымызды анама түсіндіре алмай-ақ қойдым.


Осыдан екі апта бұрын «апаң қатты ауырып қалды, келіп, жанында біраз күн бол» деп шақырып алды. Расында да қартайып, төсекке таңылып қалған екен. «Әкеңнен ерте айырылып, еркелікті білмей өстің-ау» деп кемсеңдеп қалды. Апама аяғымның ауыр екенін айтқым келді, «шөбересін көріп кетсе екен» деп тіледім. Бірақ ешкімге ішімде тағы бір жүректің соғып жатқанын айтпадым.


«Оншақты күн апаңа қарайлас» деп анам жібермей қойды. Енем мен күйеуім бұл жағдайға түсіністікпен қарап, маған рұқсатын берді. Күн сайын апамды жуындырып, далаға демеп шығарып, дәретке отырғызып жүріп өзімді ұмыт қалдырған екем. Ауыр жұмыстар әсер етті ме, бір күні ішім қатты ауырып, бүк түсіп қалдым. «Төркініне барып баласынан айырылды» деп сыртымнан өсек тарамасын деп дымымды білдірмей қалаға келдім де, ертеңіне «Жедел жәрдем» шақыртып, ауруханадан бір-ақ шықтым.


Өзім ауырып, баламнан айырылып, қайғыдан қан жұтып жатсам, анам хабарласып «Ауылда жүре беруің керек еді, қалаға бардың да бәлеге душар болдың. «Каспи голдыңда ақша болса, салып жіберші» деп өз проблемасын айтып кетті. Оған менің қазіргі жағдайым қызық емес сияқты. Енем мен күйеуім жаныма демеу, күн құрғатпай келіп, халімді біліп тұрады. Туған анамнан көрмеген жылулықты бөтен біреулер беріп жүр.


Анашым, мен сізбен бетпе-бет отырғанда осының бәрін айта алмаймын. Батыл емес екенмін. Ішімдегі сезімімді осылай жеткізгім келді. Егер осы оқиғадан өзіңізді танып отырсаңыз, онда бір сәтке мені де ойлаңызшы. Маған сіздің мейіріміңіз жетіспейді...»

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: