​«Аузыма түкірген екен»: Шымкенттік әйел бақытсыздығын ырымнан көреді

0
4 020

Әсіресе, «пәленшеге, түгеншеге ұқсасын, сол сияқты болсын» дегеннен аулақ болған жөн деп санайды ол.


​«Аузыма түкірген екен»: Шымкенттік әйел бақытсыздығын ырымнан көреді

Ырым-тыйымдарға келгенде әркімнің пікірі әрқалай. Бірі оны тәрбие үшін ойлап табылған десе, енді бірі бос сөз санайды. Ал ERNUR.KZ тілшісіне өз өмірі жайында әңгімелеп берген келіншек көпшілікке ырым жайындағы ойын да білдірді.

«Осындай ырымдарды қазір де істеп жатқандар бар. Бірақ соңын ойламайды ешкім. Әр адамның бірегей екенін ұмытып, әйтеуір өздеріне жақсы болып көрінеген адамға ұқсатуға тырысады. Кішкентай баланың аузына түкіртіп, соған ұқсатқысы келіп тұрады. Шындығында оның қандай екеніне көз жіберіп қарамайды», - дейді ол өз өмірін өкінішпен айта отырып.


Жанардың (өз өтінішімен есімі өзгертіліп алынды) тағдыры қиындау өрбіпті. 18 жасқа толғанда алып қашып кеткен күйеуі құрсақ көтермегені үшін бар кінәні келіншекке жауып, ұрып-соға берген. Үш жылдан соң ғана бойына бала біткенмен, жұдырық жұмсап үйренген әдетінен арылмаған. Айтуынша, күйеуі тек ішкілікті ғана жақсы көріпті.

- Ішкіш күйеу деген жаңалық емес қой. Үйленгелі көргенім оның бөтелкесі болған. Екі күннің бірінде мас болып келетін де, көзіне шайтан елестегендей маған бас салатын. Әйтеуір себеп табатын тиісуге.

Басында «тумайсың» деп кінә тақты. Кейіннен ұруы әдетке айналды. Бар құқайды көрсем де, сыртқа білдірмей ұстадым. Көзім көгерсе, боядым. Жылап ешкімге бармадым. Енем мен атам жаны ашыса да балаларын қойдыра алмады. Сөйтіп жүріп 4 баламды тудым.

Ауылдың бәрінің айтатыны, үлгі ететіні мен болдым, мақтанатын нәрсе емес қой бірақ. «Пәленшенің келінін қарашы, байы алқаш болса да балаларын туып, ата-енесіне қызметін жасап, үйін таптай етіп ұстап отыр. Ол үйдің құты ғой» деп айтатынын да білетінмін. Ішімдегіні сыртқа шығармай, сыртқа жақсы болып көрінуден шаршағанымда оңашада жылап алам да, балаларым үшін бойымды қайта түзеймін. Бәрін тастап кетіп қалғым келетін кезім көп болған, бірақ баланы әкеден, ата-әжесінен қалай айырамын?! Сол үшін бәріне көнуіме тура келді, - дейді Жанар.


Көргені аз болғандай, Жанарды ата-енесінің үйінен күйеуінің бауырлары қуып жіберген.

-Үлкен қызым 13-ке толған жылы күйеуім қайтыс болды. Ішіп алып түнделетін келе жатқанда каналға түсіп, қайта шыға алмай қалған. Екінші күні кешкісін денесін тауып әкелді ағайын інілері...

Қартайған ата-енеме қиын тиді баласының өлімі. Құдай өзі кешірсін, аса қатты қайғырмадым. Әбден көңілім қалса керек, жүрегімді жібіте алмаған оны жоқтап жылауым да өтірік болған шығар-ау. Тек балаларымның жастай жетім қалғаны жүрегімді қатты ауыртты. Соларға қарап жыладым қазада...

Содан кейін белімді буып, бала-шағамды асырауға өзім шықтым. Бұрын да күйеуімнің тауып келетіні шамалы еді, тек әкесінің малымен ғана күн көріп жүргенбіз. Қала берсе, зейнетақы бар. Еңсесі түсіп қалған қарт ата-енемнен қайрат кетіп, барлығы маған қалды. Меншігіміздегі жерге бидай еккізіп, ауылдың еркектерімен қатар жүруіме тура келді. Жалтақтайтын ешкімім жоқ, бәрін өз мойныма алдым. Ауыр болса да төбемнен төніп отырған ешкім жоқ, есесіне маған қарап отырған бала-шағам бар.

Осылай екі жылды өткізгенде қара шаңырақтан маған да кетуге тура келді. Өйткені, тек балаларымның жағдайын жасап, ата-енемді ұмытыппын күйеуімнің бауырларының айтуынша. Басына бастаппын, сол үшін үйді босатуым керек екен. Ал қауқары кеткен ата-енем немерелерінен айырылғысы келмеді. Үйде әжептеуір дау-жанжал болды, ауылдың үлкендері араласқанмен күйеуімнің екі әпкесі мен ағасы тыныштық бермеді. Кешірім сұрап, Шымкентке көшіп кеттім. Әйтеуір, еншің деп берген екі сиырдың ақшасы мен енемнің жылап тұрып ұстатқан жиған-тергені, өзімнің да жинап жүрген қаражатыма саяжай алуға жарады.

Жаңа өмір бастадық бала-шағаммен. Ауыр болса да тағдырдың жазғанына төтеп бердік. Қазір келін түсіріп, қыз ұзатып отырмын.


Өміріндегі қайғылы оқиғадан соң ғана Жанар бала күнінде өзінің аузына түкірген әйелді есіне түсіріпті.

- Шешем жас кезімде «аузыңа пәленше деген әпкең түкірген, мінезің де содан аумайды» деп жиі айтып отыратын. Айтқан әпкеміз – бүгінде Алматы қаласында тұратын, атамның кіші қарындасы, қазір жасы 70-ке таяп қалды. Бір жиында сол кісіні жолықтырдым. Ашық-жарқын, ер мінезді кісі, сыртынан ғана танушы едім. Мен туралы төркінге барғанда естісе керек, «сенің аузыңа түкіргенім бекер болды ма, тура менің тағдырымды қайталапсың» дегені қатты ойландырып қойды. Біраз сөйлестік.

Менің аузыма түкіргенде институтты жаңа бітірген жалындап тұрған шағы екен. Алып қашудың құрбаны болып, алыс ауылға келін болып кете барған. Бірақ бірде бір жаман аты шықпапты, мақтаулы келін болыпты. 35 жасында бес баламен жесіп қалып, өмірдің бар қиындығын көріп әзер жеткізген. Көрмеген құқайы да қалмапты күйеуінің туыстарынан. Тіпті, біреуі әмеңгерлік алмақ болған соң елінен кетуге тура келген. Үлкен қалаға барып, бес баласын асырау үшін істемеген жұмысы да қалмаған.

Ол айтып жатқанда мен жылап отырдым. Мен де жесір қалдым, мені де бала-шағамның кіндік қаны тамған үйінен қуып шықты. Мен де жалғыз жеткізіп келемін. Мен де күйеуден көп теперіш көрдім... Не деген ұқсастық?!, - деген Жанар кейбір ырымдарды жасауға түбегейлі қарсы екенін айтты.

Әсіресе, «пәленшеге, түгеншеге ұқсасын, сол сияқты болсын» дегеннен аулақ болған жөн деп санайды ол.

«Содан бері баланың аузына түкірту десе қарсы боламын, жасатпаймын. Әркім өз тағдырын өзі жасап, өзімен өзі өмір сүрсін. Ырым да ескіреді, бәріне бірдей сене берудің жөні жоқ. Сосын қандай ырымды жасатсаң да оның соңын да ойлау керек екен», - дейді балаларын жалғыз жеткізіп отырған ана.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Асаба...Үш баласынан қашып жүр»: Азаматтық некедегі әйел күйеуінің тастап кеткенін айтып берді


«56 жасымда күйеу балама тұрмысқа шықтым»: Үш рет некелі болған әйел тағдырын айтып берді