​«Әжетхана қағазына ақша бермейді»: Үнемшіл отбасынан шаршаған келін шындығын жайып салды

0
5 475

"Суды үнемде" деп тағы ұрсады..."


​«Әжетхана қағазына ақша бермейді»: Үнемшіл отбасынан шаршаған келін шындығын жайып салды

иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден

Отбасы қаражатын үнемдеу, ортақ бір мақсат үшін жинау жақсы әдет. Бірақ мына төменде айтылған жағдай сол «дұрыс үнемдеуге» жата ма? Бағасын көпшілік берер...


ERNUR.KZ тілшісіне сырын айтып, өмірде осындай да жағдайлар бар екенін білдіргісі келген келіншек аты-жөні мен қай өңірде тұратынын атамауды сұрады.

Айтуынша, отбасындағы шектес тыс үнем жасаудан зардап шегіп жүрген көрінеді.

- Әжетхана қағазын сатып алмайтын адамдарды осы жерге келін боп түскенде көрдім. Жиырма бірінші ғасырда отырып ескі дәптер, газет-журналдың қағазын пайдалануды қабылдай алмай-ақ қойдым. Жарамды да емес қой?!

Бұрын үнсіз көне беруші едім, соңғы кезде жүйкеме тиіп бітті. Қазір өзіме ғана арнап әжетхана қағазын сатып алып қоямын. Оны да ата-енемнен жасырып... Әйтпесе, соған бола ұрыс-керіс болады үйде, - дейді жыларман күйдегі келіншек.


Ол ғана емес, үш балалы болып үлгерген келіншек ата-енесінің де, күйеуінің де балаға бірреттік жаялық алуға қарсы екенін жеткізді.

- Баламның алды төртте, кішісі бір жаста. Үйдің шаруасы тағы бар. Олармен жүргенде кішкентайым жиі бүлдіріп қоя береді. Сенесіз бе, тұңғышымды босанғанда бір қорап жаялықты перзентхана берген. Үйге келген соң тағы алдырайын десем, бәрі қарсы шықты. «Ол зиян, қымбат. Шүберек қойып, бесікке бөле. Өзіміз балаларды солай өсіргенбіз» деген соң үнсіз көндім. Тек бір жолға шыққанда болмаса, үлкен екеуім «памперс» киген жоқ. Енді кішімді босанған соң үй шаурасымен жүремін, үлкен екеуім де әлі кішкентай. Бәріне үлгермеймін. Оның үстіне айналаңның барлығы қолданып жатқанда өзіңді бір қор сезінеді екенсің.

Иә, ыстық күндері онсыз да терлеп кетеді деп қолданбаймын ғой. Қыста, түнде «памперс» кигізуге болатын шығар?! Астын бүлдіріп қойып, салқындап қалып қанша рет ауырып қалды балаларым. Оны айтсаң, «Бала туған әйелдің ұйқысы сергек болмай ма екен? Бесікке бөлей алмайсың» деп өзіме ұрсады. Ондайда жаутаңдап күйеуімнен қолдау күтсем, ол да анасының жағына шығып кетеді.


Ұсақ-түйек шығар, бірақ осындай жағдайлар жүйкемді жұқартады. Мейлі, жаялық алмайын. Бірақ енді бүлдірген киімін жуу үшін су керек. Әр бүлдіргенін жуып жайып қоймасаң кеппей, кигізетін киім таппай қаласың. Бүлдірген сайын жуып жатсам, «суды үнемдемейсің, таңертең кешке дейін неғылған бітпейтін киім» деп тағы сөйлейді. Бір ғана шалбарды жуғанша, қасына сүлгі, үлкенінің кір болған көйлегі, күйеуімнің нәскиі деген сияқтыларды қосып шая салайын дейсің ғой.


Менің жүйкем осының өзіне ғана жүндей түтіліп жүр. Жұмысқа шықсам, өз жалақымды өзім пайдалансам деген арманым да далада қалатын сияқты. Баламның жөргекпұлы, жәрдемақысы бәрін де енем алып келді осы уақытқа дейін. Бір тиынын ұстамадым. Бір отбасымыз деп үнсіз келіскеніме өкінемін. Балаларыма дәрумен, дәрі-дәрмек аларда жалынғандай боп әзер аламын. Сондай бір ұрыс-керісте «беріңіз өзіме, Сіз емес, мен ғой туған!» деп қатты сөйлегенімнің пайдасы тиді. Содан кейін сұраған ақшамды жаратпаса да береді. Бірақ «анама қалай сөйлесің?» деп күйеуіммен ұрысып қалдық.


Әжетхана қағазын алуға ақша қимайтындармен бірге тұрып шаршадым. Мен ғана емес, қайынсіңлім мен қайным да өкпелерін маған айтады. «Мектепті бітірсек кетеміз» деп жиі қайталайды. Менен әжетхана қағазын сұрайды. Қайынсіңлімнен обал, мектепке барғанда бірреттік төсеме алу үшін де маған келіп жылайды. Оны түсініп жатқан анасы жоқ.

Өздерінен неге сонша аяйтындарын түсіне алмаймын. Әйтпесе, атам да, енем де жұмыс істейді. Күйеуімнің жалақысы бар. Бәрін бірге ұстап ортақ бір дүние сатып алып жатса мейлі. Әйтеуір жарымаймыз ештеңеге... Бөлек шығып кетейік десем күйеуім көнбейді. Бүйте берсе шыдамымның шегі таусылады-ау, - деген келіншек кетіп қалғысы келіп жүргенін де жасырмады.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Көршімнің етін ұрлады»: Шымкенттік ана келінін төркініне өзі апарып тастаған


«Жеті шелпек тарату күнә дейді»: түркістандық ана баласының қылығынан шаршағанын айтты