​«Әжетхана үшін бет көрместей боп кетті»: шымкенттік азамат көршілерімен болған оқиғаны баяндап берді

0
2 434

«Ақырында бітпеген үйімді сатып жібердім. Ондай көршілерден іргені аулақ салған дұрыс екен»


​«Әжетхана үшін бет көрместей боп кетті»: шымкенттік азамат көршілерімен болған оқиғаны баяндап берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Көршің жақсы болса туыстың да керегі жоқ. Алыстағы ағайыннан жаныңдағы көрші жақын. Себебі күн сайын хабарыңды біліп тұратын ең жақын адам – көршің. Сондықтан да қазақ «үй алма, көрші ал» деп айтатын. Іргелес тұратын адамдардың мінезі, тұрмысы өзіңе сай келсе, сөзің жарасса, онда жолдың болғаны. Ал керісінше болса ше?..


Шымкенттік Сағатхан есімді азамат екі көршіден әбден мезі болдым деп шағынып отыр. Оқиғаның мән-жайын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Ауылда көршілердің үйінде аунап-қунап өскен баламыз ғой. Баяғының көршілері өз ата-анаңдай болушы еді ғой. Қарның ашса кіріп барасың, өз баласынан кем көрмей ішіп отырған тамағынан салып беріп, ақырында сол үйде қонып қалатынбыз. Пейілдері ерекше болған екен. Қазір ондай адамдарды табу, әй, қайдам... Ілуде біреу шығар. Күнделікті күйбең тіршілікпен көршіні де көп көрмейсің. Қазір әдейілеп шақырмасаң, біреудің үйіне біреу қыдырып бара алмайды. Заман солай боп кетті.


Баяғының тәрбиесімен өскен соң ба, үйленіп, алғашқы баспанамызды аларда алдымен көршілерді сұрастырдық. Ол кезде көпқабатты үйден екі бөлмелі пәтер алғанбыз. Жанымызда Сәлима деген апа, Жамал деген келіншек тұрды. Есігіміз жабылмайтын. Басымыз жас, қыдыру көп. Ондайда Сәлима апа балаларымызды қарап беріп, үйімізде отыра беретін.


Бала басы көбейген соң жер алып, үй салдық. Ол жақтағы көршілеріміз де жақсы екен. Мерекелерде үй аралап қыдыратынбыз. Кейін үйімізге қызыққан адамдар көбейді де, «бізге сат» деп бір досым тұрып алды. Саудасы келген соң салған үйді сатып жібердім де, тағы бір жерден үй салдым. Ол жерде көп тұрмадық. «Бағасы қанша болар екен, жарнамаға беріп көрейінші» деп сайтқа сала салғам, сатсам менен шыққан шығынның үстіне әжептеуір ақша қосылады екен. Оны да саттық. Осылайша мен үй салып, бітіргесін сатып жіберуді кәсіпке айналдырып алдым.


Он жылдың ішінде он үй ауыстырыппыз. Қазір Аллаға шүкір, туысымнан көршім көп. Кейбірімен жілік ұстасып, жекжат болып кеттік. Біразымен ай сайын гәп ойнаймыз. Менің үйімді алдын алған бір-екі кісі кейін осы кәсіпке ден қойып, үйлерін сатып жіберіп, әжептеуір пайда тауып жүрді.


Бір күні Мақсат және Құрман көке деген экс-көршім әйелдерімен біздің жаңа үйімізге қыдырып келді. «Сен жылдан жылға үйдің дизайнын қатырып жүрсің. Мына үйің алдыңғысынан да керемет шығыпты» деп екеуі таңдай қағысты. Сосын ет желініп, сорпа ішіліп болған соң екеуі маған «көрші болайық» деп ұсыныс білдірді.


«Сағатхан, сені білеміз, мына үйіңді де саудасы кетсе сатып жіберетін сияқтысың. Үй жақсы болғанымен орталықтан әжептеуір алыстау екен. Сен ондан да мына үйді сат та, үшеуміз қатар тұрған үш жерден бірдей етіп үй салайық. Сөйтіп өмірлік көрші болайық» деді Мақсат деген құрдасым. Оның ойын Құрман көкеміз де қоштай кетті.

«Қашанғы үй салып сата бересің, балаларың өсіп қалды, алды үйленгелі жатыр. Тыңғылықты бір жерге қоныстан» деп ақыл айтты. Әйелім де осы ойда жүрген.

«Сәке, көшіп-қонудан шаршадық. Нормальный үй салып бер де, кейін басқа жерден сататын үйіңді сала берші» дейтін. Екі көршімнің ойы дөп келді. Содан үшеуміз жер қарастыра бастадық.


Бұрын көрші боп тұрған жерден сәл арырақта алма бау болатын. Егесі соны бөліп, тұрғын үй салуға сатып жатқан екен. Іздегенге – сұраған, дереу әлгі жерді саудаласып, сатып алдық. «Үйдің жобасы, размері сенің мойныңда. Ақысын береміз. Үш үй бірдей болсын, бірақ ішін әркім өз қалауынша әрлеп алады» деді. Осы ойға тоқтадық. Содан көктем шыға әлгі үйді салуға кірістік қой.


Қош, сонымен бір күні Құрман көке келді. «Сағатхан, әжетхананы мына бетке соғайық. Арғы бұрышқа барбекю істейтін орын істесем ба деймін. Сен қалай дейсің?» деді. Әбден үй соғып қалған адаммын ғой. «Құреке, орталықтандырылған кәріз жүйесі жоқ, септиктен иіс шығып, Мақсаттан ыңғайсыз боп жүрмей ме?» деп пікірімді айттым. Ол кісі тыңдамады. Ақыры өзінің дегенін істеді.


Арада апта өткенде Мақсат келді. Қабағы түсіп кеткен. «Сағат, ана кісіге әжетханаңды шетке сал деп неге айтпадың. Ортадағы үйміз, әлгінің сасығы дәл біздің үйдің тұсына келеді, ертең демала алмай қалмаймыз ба?» деді. Содан Құрман көкеге хабарласып, «әжетханаңызды басқа жерден соғыңыз, мынауыңыз дұрыс емес» деп еді, әлгі көкеміз айтқанынан қайтпай тұрып алды.


Ойламаған жерден екі көршім қырық пышақ болып қырылды да қалды. Соңы төбелеске ұласып кете ме деп едім, қатты кетті. Бір-бірінің бетін көрместей сөздер айтылды. «Сенің мұндай ит екеніңді білгенде, жолатпас едім. Сағатқа бұл идеяны мен айтып едім, енді келіп қыстырылып, білгеніңді істеп отырсың» деп Мақсат ренжіп, қолын бір сілтеп кетті. Құрман көкеміз де қырсық екен, «салсам, үйді өз ақшама салып отырмын, міндетсінбе олай» деп ол кетті. Екеуінің ортасында отқа түскен көбелектей боп мен қалдым.


Болған жағдайды әйеліме айтып ем, ішіне сыймай жатқан ақылын ақтарып салды. «Сол Құрман көке дегенің о баста ұнамайтын. Мақсаттікі дұрыс қой, бір әжетхана үшін дауласудың не керегі бар еді? Арғы шетіне салса аттан түсіп қалмас еді ғой. Әй, мынадай адамдармен көрші боп опа таппайтын сияқтымыз. Үйге кірмей жатып ұрысты, көрші боп тұрса атып жіберетін шығар. Сәке, саудасы келсе бітпеген үйіңді сатып жібер де, басқа жерден соғып алайық» деп қоймады. Содан таныс риелторларға айтып жүріп, бітпеген үйді саудалап жібердік. Оны әлгі екі көршім әлі білмейді.

Қысқасы, он жылда талай көрші кездестірдік қой, бірақ бір әжетхана үшін біраз жерге барысқан адамдарды алғаш рет кездестірдім. Лажы болса болмашы дүние үшін тартыспай, кешірімді, қайтымды бола білген дұрыс қой. Көршімен тату тұрғанға не жетсін!..»


«Екі әпкемнен құтыла алмай жүрмін»: тараздық бойжеткен тұрмыстың тауқыметінен шаршағанын айтады


«Бір түнге ғана шамасы келді»: күйеуінен амалсыз ажырасқан келіншек жалған жаланың құрбаны болдым дейді


«Елуге келгенде ебі болмай қалды»: қызылордалық келіншек ешкімге айтпаған құпиясын жайып салды