​«Ажырасқандарды татуластырып қажеті жоқ!»: Түркістандық әйел өз ісіне өкініп жүр

0
2 917

«Өздері бір-бірін тауып, шаңырақ көтергендердің ортасына түсіп, оларға ақыл айтып керегі жоқ» деп санайды ол. Тіпті, ренжісіп қалса, жарастыруға да болмайды деген көзқараста.


​«Ажырасқандарды татуластырып қажеті жоқ!»: Түркістандық әйел өз ісіне өкініп жүр

Мұндай пікірінің себебін түркістандық әйел ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген еді.

- Өздері тапты ма, өмірлерінде кездесетін қиындықтарды да өздері жеңуі керек. Жеңе алмаса, өз тағдырларына тек өздері ғана жауапты. Бекерге араласқан адам кінәлі болады екен. Мен сондай оқиғаға куә болып, өз басымнан өткердім. Тіпті, сол кезде жас келіннің анасы «сенің де басыңа келсін» деп еді, сол қазір өзімде де болып жатыр, - дейді ол өкінішпен.


Айтуынша, жастау күнінде қайнысының шаңырағында болған талай дау-дамайға араласқан көрінеді.

- Екеуі бірін-бірі сүйіп-ақ қосылған. Ол кезде менің үш перзентім бар еді. Жақын тұрған соң қандай қиындық болса жүгіріп барамын. Енем оларды маған тапсырған. Үлкендердің тапсырмасын таптай етіп орындап үйренгенбіз.

Бірде ұрыстарына қызғаныш себеп болады. Енді бірде ақша, тағы бірде болмашы ғана тұрмыстық жағдайлар. Бір-бірінің сөзін көтере алмай әп-сәтте ұрысып, келін төркініне кете салады. Қайным да мінезді, ол да сабырлы болудың орнына «одан ары» деп отыра береді.

Бірнеше рет келіннің өзімен сөйлесіп, үйінен алып келіп екеуін жарастырдым. Бірақ соңғы рет кеткен себебін мен де түсіне алмадым.

«Анау тағы кетті» деп хабарласқан қайнымның артынша құдағи телефон шалды. «Қызымды далаға шығарып жіберіп, есікті жауып қойыпты» дегеніне сене қоймадым. Үйіне барсам, асүйі ақтарылып жатыр. «Тамақ істемеген, не киімім жуылмаған. Қайда болдың десем, мамам шақырды, соған барып келдім дейді. Одан да мамасымен тұрсын, менің не керегім бар?» деп ашуланыпты. Кетем деген келіншегін сыртқа шығарып, есікті жауып алыпты.

Шынымды айтсам, ұрыстарынан әбден шаршап едім. Сол күні барғым келмеді. Амал жоқ, құда мен құдағидың алдында төменшіктеп бардым. Сол кезде құдағи: «Осымен неше рет келдің? Несіне араласасың? Жарастырам деп құдайдың алдында куәлік етіп жүргеніңде білесің бе? Уәдеңді орындай алмасаң, бұлар түпкілікті жараспаса, ертең алдыңнан шығады ғой...» деген сөзі сүйегімнен өтіп кетті.

Амалдап келінді үйге алып қайтқаныммен өзіме енді қайтып ондай жерге бармаймын деп уәде бердім, - дейді ол.


Бірақ содан көп ұзамай қайынсіңлісі де ажырасып, соның дүние-мүлкін алып келуге енесі жұмсапты.

- Сөздің көкесін сонда есіттім. Екі баласымен ажырасқан қайынсіңлімнің сыртынан енесі қарғап-сілеп жатты. Үйіндегі жасауын жинастырып жатқан маған да тілі тиді. «Әлі-ақ құдай алдарыңа келтірсін! Сен де қыз өсіріп жатқан шығарсың?!» деп қарғанғанда жаным түршікті.

Сол сөздер көңілімде қатты қалып қойыпты. Содан кейін бәрібір қайным да, қайынсіңлім де қайта жараспады. Сол күйі ажырасып тынды. Кейін қайным екі рет үйленіп, қазір үшінші әйелімен тұрып жатыр. Ал қайынсіңлім болса, бір бағын сынап көріп, бақыты жанбаған соң бүгінде жалғыз өмір сүруде.

Өзімнің де ұл-қыздарым өсті. Үш жыл бұрын қызымды ұзатқанмын, бірақ бағы жанбады. Өткен жылы бір ұлымен қайтып кеп қалды. Өзі таңдап қосылған күйеу баламен дәм-тұзы жараспады. «Қол жұмсайды, ұрады» дейді. Не дейін, тұрғысы келмеген қызымды қинап қалай жіберемін?!

Мүмкін менікі дұрыс емес пе? Бірақ сол баяғы құдағилардың сөзі құлағымда күмбірлеп тұрады кейде. Сол кезде бекер араластым ба деп өкінемін қазір. Қарғысы тиді ме, қайдам... – деген әйел әңгімесін өкінішпен аяқтады.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Ұл туам» деп қайтыс болды: Қызынан айырылған ана әлі күнге күйеу баласын кінәлайды


«Ешқашан жолың болмайды»: Алматылық жігіт БАЙЫП КЕТУ үшін кімнің БАТАСЫН АЛУ керектігін айтты