​«Ажырассам, қызымнан айырыламын»: қызылордалық келіншек қиын жағдайда қалғанын айтып отыр

0
3 014

«Құдай неге бар ауыртпалықты маған артып қоя салды...»


​«Ажырассам, қызымнан айырыламын»: қызылордалық келіншек қиын жағдайда қалғанын айтып отыр
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Әйелдің бұл өмірдегі басты миссиясы – бала сүйіп, ұрпақ өрбіту. Мен осындай мүмкіндікке ие болған әрбір әйелге қызыға да, қызғана да қараймын. Себебі олар теңдессіз байлыққа ие, Жаратушының мейіріміне бөленген адамдар. Ал мен... мен ана болсам деген арманыммен, омырауымды идіріп бала емізсем, толғақтың қандай болатынын сезінсем деп жүрген арманшыл пендемін», - дейді Гүлмира есімді қызылордалық келіншек.


Жолдасымен он жылдан бері перзент сүйе алмай жүрген Гүлмира жақында қайнысының қызын асырап алыпты. Бірақ соңы отбасылық жанжалға ұласқан көрінеді. Мәселенің мән-жайын ERNUR.KZ тілшісіне өзі айтып берді.


«Өзім Алматыдағы медициналық академияға оқуға түсіп, қызыл дипломмен аяқтап шыққанмын. Сосын өзім өскен Қызылордаға келіп, облыстық балалар ауруханасына жұмысқа тұрдым. Күн сайын неше түрлі бала көресің, бәрі тәп-тәтті. «Тұрмысқа шықсам, көпбалалы болсам» деп кәдімгідей қиялға берілетінмін. Сөйтіп жүргенде Асқармен таныстым. Асқардың жеңгесі біздің ауруханада дәрігер еді, «сенің абысының болғым келеді» деп әзілдейтін. Тағдырдың жазуы шығар, Асқар екеуміз танысқан күннен бастап сөзіміз жарасып, ақырында үйлендік.


Менің ата-анам да «сегіз жылыңды оқуға арнадың, енді тұмысқа шығуды ойла» деп айта беретін. Құда келеді дегенді естігенде қуанып кетті. Дереу тойдың қамына кірісіп, дүркіретіп ұзатып салды.


Үйлене сала жас отбасы ретінде пәтер кезегіне тұрдық та, көп ұзамай қала орталығынан екі бөлмелі пәтер алдық. Шексіз бақыттымыз, күйеуім ішпейді, шекпейді. Табысы да жаман емес. Менің де сүйікті қызметім бар. Енді тек балалы болу ғана қалған. Бірақ біз асыққанымызбен, Құдай асықпады. Осылайша жыл өтті, екі жыл, үш жыл, төрт жыл... Бұл аралықта Асқар екеуміз не істемедік, әулие де араладық, тәуіптерге де көріндік. Асқарға айтпай талай дәрігердің есігін тоздырдым. Бәрі бір-біріне түкіріп қойғандай, «сізден ешқандай кінәрат жоқ» деп шығарып салады.


Бір күні менің анам шыдамады. Себебі ағам мен жеңгем де сәби сүйе алмай жүрген. «Жүріңдер, Ташкентте мықты дәрігер бар екен. Соған барып, көрініп қайтамыз» деп қояр да қоймай тартып отырды. Ташкенттегі маман расында да өте тәжірибелі екен. Біздерден анализ алып, бастан-аяқ тексерді. Ақырында анама «Ұлыңыз гепатитпен ауырған екен, соның әсерінен бала сүйе алмай отыр. Мен берген дәрілерді ішіп, емді үзбей қабылдаса, балалы болады. Ал күйеу балаңыздың ұрығы қабілетсіз болып шықты» деді. Оны жеңгем, анам, үшеуміз естідік.


Сол сәтте дүние аударылып түскендей еді. Анамның аузы батыр еді, қой дегеніме қарамастан дәрігердің айтқанын ағам мен Асқарға айта салды. Қарап отырмай маған да «Жас өміріңді қор қылма, ажырас та, дені сау еркекпен көңіл қос. Балалы бол. «Сүйем, күйем» дегеннің бәрі бекер, ертең өкінесің» деп ақыл айта берді. Үйде күнде ұрыс, жанжал. Асқар «мен белсіз емеспін, айдаладағы бір өзбек менің тағдырымды шеше салар ма екен? Мен әлі өзімді дәлелдеймін» деп достарымен түнделетіп қыдыруды шығарды.


Мен сонда да Асқардан ажырамадым. «Бәрі бір Алланың қолында. Берем десе береді, тек шыдау керек» деп жүре бердім. Тағы бес жыл уақыт өтті. Бұл аралықта аяулы анам қатерлі ісіктен көз жұмды. Бізді ойлап жүріп өзінің дертін байқамай қалған екен. Әл үстінде жатқанда да бізді ойлап, «есің бар болса, балалы болуды ойла» деп аманаттап кетті.


Бірақ енем менің кетуіме қарсы болды. «Келін босанайын деп отыр. Олардың рұқсатын алып қойдым. Құрсағындағы қыз болса да, ұл болса да сендерге беретін болды. Майкөтен болып, артынан ерер, сәл сабыр етіңдер» деп Асқар екеумізге ақ батасын берді.


Келінім мен қайным уәделерінде тұрып, қыздарын туа сала біздің бауырымызға салып берді. Сондағы қуанышты сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Дос-жаран, туған-туыстарымызбен ырғатып-жырғатып перзентханадан шығарып алдық. «Ясина» деп атын қойып, тойханада дүркіретіп шілдехана тойын жасадық. Көптен күткен қуанышымыз ғой, ештеңеден аянып қалған жоқпыз. Бірақ сонымыз бекер болды ма, тойдан кейін біздің отбасымыздан береке кетті.


Күндіз-түні Ясина қызымның қасынан шықпаймын, күннен күнге қылығы шығып, өзіне магниттей тартып барады. Асқарға да бұрынғыдай көңіл бөлмей кеткен сияқтымын. Ол менен суи бастады. Жұмыстан кеш қайтады, тіпті кейде үйге де келмей қояды. Мұның бәріне басында мән бермейтінмін. Сөйтсем ол басқа біреуді ұнатып, екеуі кездесіп жүрген екен.


Бір күні жұмыстан келді де, сабырлы қалыпта «екеуміз ажырасайық, мен басқа біреуді ұнатып қалдым» деп киімдерін жинады да, кете барды. Өң мен түстің ортасында қалып кеткендей болдым. Он жыл өмірімді Асқар үшін арнап, соның көңіліне қаяу түспесін деп келгенім ол үшін көк тиын екен. Ішім өртеніп кеткендей сезімді бастан кештім.


Асқардың үйден кеткеніне бір апта болғанда үйге енем келіпті. «Екеуің үй боп кетсін деп бәрін істедім. Оған өзің куәсің. Балам басқаны сүйдім, күйдім деп отыр. Айтсам тыңдамайды. Амал не, ақыл тыңдайтын жастан өтіп кеткен. Не істерімді білмей отырмын. Алда-жалда заңды түрде ажырасып жатсаңдар, қызды туған әке-шешесіне қайтару керегін айтайын деп келдім. Басың жас қой, шырағым. Өз балаларыңды сүйерсің» деп кетіп қалды.


Енді мен үшін бұл өмірдің мәні қалмады. Балалы бола алмағаныма менің түк кінәм жоқ еді ғой. Құдай неге бар ауыртпалықты менің мойныма арта салды? Бес айдан бері бауырыма басқан Ясинамсыз енді қалай өмір сүрмекпін? Асқардың опасыздығын қалай ұмытамын? Әл-дәрменім қалмады. Не істейін, адамдар, ақыл айтыңдаршы...»