​«Балаларды баспанасыз қалдыра ма деп қорқам»: шымкенттік кейуана күйеу баласының өз перзенттеріне қарамайтынын айтып көмек сұрайды

0
1 784

«Ішімдіктен аузы босамайды, балаларына тәрбие берген емес»


​«Балаларды баспанасыз қалдыра ма деп қорқам»: шымкенттік кейуана күйеу баласының өз перзенттеріне қарамайтынын айтып көмек сұрайды
фото Батпа апаның жеке мұрағатынан, өзінің рұқсатымен салынды


Ана үшін перзентінің қазасын көргеннен артық қасірет жоқ. Десе де тағдыр басқа салған соң бәрін көнесің, төзесің. Тірі адам тіршілігін жасайды. Шымкенттік Батпа апа да туған қызын осыдан үш жыл бұрын жер қойнына тапсырған. Көзінің жасын сүртіп, берілген сынақты қасқая қарсы алған ана қазір қызынан қалған үш перзентті бауырына басып, асырап отыр.


Алайда күйеу баласы енесі мен балаларына тыныштық бермейтін көрінеді. Жағдайды Батпа апаның өзі ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.


«Өзім Бәйдібек ауданынан боламын. Шалым қайтыс болған, баламмен бірге тұратынмын, зейнеткермін. 2019 жылы қызым жаяу жүргіншілерге арналған жолақтан өтіп бара жатқан кезде көлік қағып кетіп, қайтыс болды. Жыладық, сықтадық, бірақ қолдан не келер дейсің? Артында қалған тұяқтары аман болсын деп қала бердік.


Күйеу бала қызымды студент кезінде алып қашып кеткен. Алып қашқанда да сонау Сарыағаш жаққа апарып, ешкімге көрсетпей, хабар бермей бірнеше ай бірге тұрып, аяғы ауырлағанда бір-ақ хабар берген. Қызым медициналық академияға оқуға түскен-тұғын. «Қалған оқуыңды өзім оқытамын» деп уәдені үйіп-төккен ғой. Аңқау қызым соған сеніп, күйеуге тие салды.


Балалы болған соң қайдағы оқу, жайына қалды бәрі. Құда-құдағимен де қарым-қатынасымыз онша болмады. Себебі той істеп, кәде-жоралғыларды жасаған жоқ. Қызым қайтыс болғанда да еліне апарып жерледік те, жеті күндік асы өтер-өтпес «балаларды өзіңізбен бірге алып кетіңіз» деп айтты. Күйеу баламызбен бірге қалаға келдік.


Үйдегі ұлым «Мама, жиендер жалғыз қалмасын, қалаға, солардың қасына барып тұрсаңызшы» деген соң, біржола қалаға көшіп келгенмін. Қызымызды қағып кеткен бала «үй әперейін» деп кешірім сұрап келген соң, ойлана келе қала сыртынан жер үй алған дұрыс шығар деп ойладым. Себебі күйеу балам дәнекерлеуші болып істейтін. Есігінің алдынан кәсіп ашатын шығар дегем ғой. Қайдағы? Балаларды маған тастады да, қаңғыруға көшті.


Қызым бар кезде де ішетін еді, ол кеткен соң үдете түсті. Қазір айлап жоқ болып кетеді, есіне түскен кезде үйге келеді. Онда да жалғыз емес, жанында өзі сияқты араққа салынған балалар бар. Пакет тола сыраны ортаға алып алады да, ауыздарына келгенді оттайды. Бір уақта жылайды.


Мен байғұс «әйелінің қазасына күйіп жүр ғой» деп бастапқыда жаным ашып, келсе қазанымды асып, ыстық-ыстық тамағын беріп, кірін біртіндеп қолмен жуып беретінмін. Үш жыл өтті өзгеретін ол жоқ. Балаларына да жарытып тәрбие бермейді. Не ас-ауқатпен қамтамасыз етпейді. Шыдамым таусылды. Қажып кеттім.


Құдай куә, екі мәрте үйлендірдім. Балаларға ана болар жақсы әйел алса, өздерімен өздері болса дегем. Сол себеппен алыс құдашаммен таныстырып, құдалығын жасап, үйге әкелдік. Ол қыз бұрын тұрмыста болған, бала таппаған адам еді. Обалы не керек, үш немереме жақсы қарады. Бар мейірімін төкті. Бірақ мына күйеу балам оңбады ғой. Жақсы күйеу бола алмады. «Кәсіп ашамын, қатырамын» деп 500 мың теңгеге несие алғызып, ақырында оны төлемей, лағып кетті. Сосын ол әйел де кетіп қалды.


Екінші мәрте өзі бір қызды тауып, үйленемін деді. Оған да жөн-жоралғысын жасап барып, ата-анасының алдынан өтіп, үйге әкелдік. Бірақ ол бір күн де тұрған жоқ. «Мен мынадай үйде тұратын адам емеспін. Талғат маған басқа үйді көрсеткен. Қора тола малым бар, малшы жалдап қойғанмын деген еді. Егер оның ішетінін, жұмыссыз жүргенін білгенде мен тұрмысқа шықпас едім» деп шынын айтты. Сөйтсем күйеу балам менің ұлымның үйін суретке түсіріп, оны малшы ретінде сырттай таныстырып, бәрін «қатырып» қойған екен ғой.


Осылай, міне, үш жыл болды, шықпа жаным шықпа деп күн көріп келеміз. Менің зейнетақым бар, балаларға мемлекет тағайындаған 63 мың теңге жәрдемақы бар, соны айдан айға әрең жеткіземіз. 63 мыңды да күйеу балам алып, бізге анда санда 5-10 мыңнан беріп тұратын еді. «Мына балаларыңның несібесі ғой, өздеріне жаратайын. Картаны маған бер» деп жалынып жүріп алып қойдым.


Өткенде үйге су кіргізбекші болдым. Су кіргізетін мекеменің балалары удай қымбат ақша сұрады. Мен оларға отбасылық жағдайымды айтып едім, «Апа, онда мына жерді қазып қойыңыздар» деп тапсырған. Соны күйеу балама айтып едім, «Бұл менің үйім емес, қазбаймын» деп бүк түсіп жатып алды. «Әй, менің үйім емес дегенің қай сасқаның?! Балаларың ішетін су ғой. Осы күнге дейінгі тірлігіңе көз жұмып келдім. Ендігің мынау, үйім емес деп отырсың. Үйің болмаса кет, масыл болмай. Сенсіз де үш баланың ас-ауқаты оңай емес. Бұл үйде сенің нең бар еді? Соны ал да, тайып тұр» деп ашуландым.


Обалы не керек, жұмыс істеп тұрған шағында асүйге шай үстелін әперген. «Анау кухнядағы стол мен орындықтар менікі, несиесін өзім төлегем» деп шықты. Мына сөзге не күлерімді, не жыларымды білмей, «Ойбуй, балам, сен адамдықтан кеткен екенсің. Өз балаларың шай ішіп отырған үстелді меншіктеп отырсаң, онда ал да, кете бер» деп күлдім. Сол сәтте күйеу балам отыратын орындықты алды да, маған қарай періп кеп жіберді. Орындықтың аяғы ішіме тиіп, демала алмай қалдым. Немерелерім шулап, жанымда жылап жүр. Ызам келді. Өз анасы қарамай отырған балаларды бауырыма басып, қызымның аруағы үшін үйімнен безіп жүрген менің қадірімді білмеді-ау...


Содан бері қарасын көрсеткен жоқ. Ресми құжатта балалардың қамқоршысы ретінде көрсетілген. Бірақ қамқорлық танытып жатқан әкен көрмедім. Ішіп, аузына келгенін оттап жүрген адамнан ендігі не үміт, не қайыр?!


Осыларды ескере келе балаларды өз қамқорлығыма алсам деп отырмын. Үй үлкен немеренің атына жазылған. Ертеңгі күні қамқоршысы ретінде бір зияны тиіп кете ме, баспанамызды сатып жібере ме деп қорқамын».


P.S. Батпа апа мен үш бала «Тұрлан» мөлтек ауданында тұрады. Балаларға тағайындалған 63 мың теңге мен өзінің зейнетақысы коммуналдық шығындар мен ас-ауқатқа әрең жетеді екен. Осы себепті Абай аудандық әкімдігінен тым болмаса мерекелерде азық-түлік, киім-кешек сияқты көмектер берілсе екен дейді.