«Балаларыңызды қарғамаңыздаршы!»: атыраулық әйел оның зардабын айтты

0
4 521

​Ешқашан ұл-қызыңызды қарғамаңыз, өйткені...


«Балаларыңызды қарғамаңыздаршы!»: атыраулық әйел оның зардабын айтты

Ата-әжелер, ата-аналар арасында перзентіне, немерелеріне «Көгермегір. Тұқымын құрғыр. Бояу болғыр» деп ұрсатын бар. Ашуланғанда сөздің мағынасына үңілмей жұрттан естіп алғанын айта береді. Бірақ оның қарғыс екенін олар түсінбейді.

Ал дін мамандары «Жаратқан Иеміз міндетті түрде жауап беретін дұғалардың бірі – ата-ананың баласы үшін жасаған дұғасы. Сол сияқты олардың қарғысы да қабыл болады» дейді. Атыраулық Пернекүл есімді әйел дін қызметкерлерінің бұл тұжырымымен келісетінін айтады.



Ол анасының қарғысы айна-қатесіз орындалғанын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.

«Жас кезімде анамның ашумен айтқан кейбір сөздеріне ренжіп қалатынмын. Қазір ойлап қарасам, күйіп кеткеннен айтады екен ғой. Бірақ анам әжем сияқты «Көгермегір. Тұқымын құрғыр» деп қарғамаған. Тек «Өзің сияқты перзентің болсын, сол кезде мені қаншалықты күйдіргеніңді түсінесін» дейтін қатты ашуланғанда.

Бірде ағам «Мама, өз балаңызды неге қарғап жатырсыз?» деп ренжігенде, анам «Мен қарғап жатқан жоқпын, өзің сияқты перзентің болсын деп тілеп жатырмын. Перзентіңнің жақсы болғанын қаласаң, онда өзің де жақсы перзент бол. Жақсы болсаң, ол да жақсы болады» деген еді.

Осы сөзін жиі естіген соң ба, санамның түкпірінде жатталып қалған екен. Арада қаншама жыл өтіп, өзім де ана атанғаннан кейін мамамның сол тілегі есіме түседі. Өзім өз, етегім бөз болғалы соңғы кезде тіпті жиі еске алатын болдым.


Анамның «Өзің сияқты перзентің болсын» деген қарғысын ғана емес, қаншама рет қақсатқанымды, қайғыртқанымды, түнделетіп қыдырып, есейгенде де мамамның түн ұйқысын төрт бөлгенімді ойлаймын да қамығамын.


Мен ғана емес, басқа перзенттері де әрнәрсеге бір ұрынып жүретін. Әлі есімде, «Ажырасамын» деп үйге барғанымда, мамам «Жетпегені осы еді. Анау сенің кластасың Жәмила қаладан жер сатып алып, ағалары үй салып жатыр екен. Ауылдағы ата-анасын көшіріп әкетпекші. Әне, жұрттың ұл-қыздары әке-шешелеріне қаланың төрінен үй тұрғызып жатыр. Ал менің балаларым ауылдың шетінен маған көр қазып жатыр. Сен сол көрді тереңдетіп қазу үшін келдің бе? Ажалымнан бұрын мені көрге тығасыңдар сендер. Ертең қызың дәл өзің сияқты болса ғой, менің жайымды сонда ғана түсінерсің» деп ұрсып, соңында ашулы сөзі көз жасына ұласқан еді.

Қазір ойлап отырсам, анамызды талай жылатқан екенбіз ғой. Неге соншалықты тасмейір болғанбыз? Неге анамыздың көз жасынан қорқып, тым болмаса аяп, екінші рет ашуландырмауды, мұңайтпауды ойламағанбыз?

Бұрын анам менің сыныптастарымның әр басқан қадамына қызыға қарап, ата-анасына жасаған жақсылықтарын тізіп айтып отырушы еді. Немене солардың өмірін аңдып отырасыз ба дейтінмін. Қазір мен де солай, балаларымның құрдастарының не істеп, қайсысы қайда жүргенін бәрін білем. Бұл аңду емес, өз перзенттеріңмен салыстыру ма, әлде өзіңдікі күйдіре берген соң басқаныкіне қызығу ма, түсініксіз сезім. Бұл сезімді бір ауыз сөзге сыйдырар болсақ, «Баланың жақсысы – қызық, жаманы – күйік» дегенге саяды.


Сондай-ақ «ата-анаға не істесең, алдыңа сол келеді» деген мәтелдің де Құранның аяты сияқты анық екенін, дәл келетінін айтқым келеді. Осы мәтелді барлық перзент жадыңда сақтап жүрсе, ата-анасын ашуландырмас еді деп ойлаймын.


Менің қазір төрт перзентім бар. Жақында туған күнім болды. Әрине карантин шаралары әлі де толық аяқталмағандықтан ба, ешкім үйге құттықтап келмеді. Тек туған-туыс пен дос-құрбы телефон шалып, вацап арқылы құттықтап, тілектерін айтып, ниеттерін жеткізіп жатты.

Туған күнімде Алматы қаласында тұратын бір сыныптас құрбым «Төрт перзентің бар. Мен сені төрт құбыласы түгел жан деп санаймын. Бақыттысың ғой. Бақытың еселене берсін» деп жазып жіберіпті. Ажар есімді бұл сыныптасымды бетпе-бет көрмегелі он жылдай уақыт бопты. Біз тек телефон арқылы сөйлесеміз, леуметтк желіде суреттерімізді жіберіп отырамыз бір-бірімізге. Ол менің суретке өтірік күліп түсетінімді, жақсы жерлерде түскен суреттерімді ғана жіберетінімді қайдан білсін?!

Адамның бәрі әлеуметтік желілерге салған суреттеріндей өмір сүріп жатқан жоқ деп ойлаймын. Өйткені мен сол көп адамның бірімін. Суретте ғана бақыттымын, ал үйде кәдімгі мұңлы, бақытсыз әйелмін.

Бақытсыздығымның шет жағасын ғана айтып өтейінші. Бойжеткен қызым екінші курста жүкті боп қалып, жүйкемді тоздырған, ертеңін ойлап уайымнан ұйықтай алмаған түндеріп көп болған. Содан бері күлкі менен кеткен. Кімнен жүкті болғанын сол күйі жасырып, әлі күнге дейін айтпай келеді. Амалсыз жасанды түсік жасатқан едік. Енді сол қызымды күйеуімнің жақсы араласатын досы ұлына сұрап жүр.


«Құда болайық. Ұл мен қыз бір-бірін ұнатып жатса, осы жылдың жазында ұзатып алып кетеміз» дейді ол. Ал қазір жас маман боп жұмыс істеп жүрген қызымның жүкті болғанын да, аборт жасатқанымызды да әкесі білмейді.


Сол кезде жасырмай әкесіне айтуым керек пе еді, қазір енді жалғыз өзім іштей қуыстанып, күйеуім «Досымның баласы жақсы. Тәрбиелі отбасыдан шыққан. Біздің қыз да ешкімнен кем емес» дегенде, не айтарымды білмей өзімді қинап күлімсіреймін.

Осы кездегі уайым мен қуыстану қатар келген сезімімді жазып жеткізе алмаймын. Бұл қызды күйеуге берген күнде де некесі баянды бола ма, ол енді балалы бола ала ма бұл жағы тек бір Аллаға ғана аян. Ол менен жасырып кейін де аборт жасатпады ма екен деп те күдіктенемін. Бәрі мүмкін...

Ал екінші қызым, биыл бірінші курсты бітіретін еді. Оқуға түсіргенбіз. Ол «Студенттерді жұмысқа шықарамыз. Жалақысы 150 мың теңге» деген бір жарнама арқылы пирамида секілді бірнәрсеге кіріп кеткен. Оқуға құй деп берген ақшаны сол пирамидалық жұмысына құйып, институттан шығып қалды. Әлгі жұмысқа тұрғалы айлап сабағына да бармаған. Жаяулатып жүріп, аялдамаларға, подъездерге жарнама жабыстырып жүре берген ғой. Оны үйге полиция мекемесінен хабарласқанда ғана білдік. Біреудің жекеменшік мекемесіне жарнама жабыстырған, олар ескерту жасап қағазды жұлып тастаса, біздің қызымыз барып қайтадан «Жұмысқа шақырамыз» деген жарнаманы жабыстырған. Мекеме күзетшісі учаскелік полицияға шағымданған. Жарнама мен хабарландыруларды заңсыз жабыстыра беруге де болмайды екен. Су-газ құбырларына, ағаштарға, трансформатордың сыртына жарнама жабыстыру заңбұзушылық болып табылады екен. Айыппұл төлеп қызымызды шығарып алдық. Осы күні оның оқуынан шығып қалғаны да белгілі болды. Күйеуім күрсінді, мен жыладым. Басқа қолымыздан не келеді?

Екі қызымнан кейінгі екі ұлым да оңып тұрған жоқ. Біреуі болбыр, біреуі жалқау. Олар өскенде сүйіндіре ме, әпкелері сияқты күйіндіре ме білмеймін. Әйтеуір аман болсыншы.

Перзенттерім уайымға салғанда, марқұм анамның «Өзің сияқты перзентің болсын, басқа айтарым жоқ» деген қарғыс сөзін еске алып, оның әруағынан кешірім сұраймын.

Түсінгенім, ата-ананың қарғысы тілекпен тең екен, олардың қарғысы да, тілегі де қабыл болатынына көзім жетті. Сондықтан мен өз балаларымды ешқашан қарғамаймын деп өз-өзіме уәде бердім...»

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Тек өз перзентіңізді ғана емес, басқаларды да қарғаман жөн және қарғатпаған дұрыс.


Ұқсас оқиғалар:


"Күйеу балама жаным ашиды": шымкенттік әйел қызының қылықтарына өзін кінәлайды

«"Алып кетіңдер!" деген»: көзі көрмей қалған жамбылдық келіншектен күйеуі мен енесі бас тартқан