​«Екі досына мені «сыйлап жіберді»: қызылордалық келіншек басынан өткен оқиғасымен бөлісті

0
2 201

«Қиналғанда жәрдемді жігіттерден көрдім, құрбыларым менен теріс айналды»


​«Екі досына мені «сыйлап жіберді»: қызылордалық келіншек басынан өткен оқиғасымен бөлісті
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Адамның қалағаны емес, Алланың жазғаны болады» дегендей, мен де тағдырдан біраз теперіш көрген жанмын. Менің жіберген қателіктерімді келешекте сіңлілерім қайталамаса екен деген ниетпен өздеріңізге хат жазып отырмын», - депті Қызылорда қаласының Айсана есімді тұрғыны.


Махаббаттан жолы болмай, талай қиындықты бастан өткерген келіншек өткен өмірін ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Негізі, балалық шағым туралы көп ашылып әңгіме айтқым келмейді. Әкем ерте көз жұмды. Әкесіз өскен соң бағынбай кетеді деп ойлады ма екен анам бес баланы қатал ұстады. Ашуы келсе, қолына түскен нәрсемен ұру оның күнделікті әдеті еді. Шынымды айтсам, анам ұрмаса екен деген уайыммен кәдімгідей жасық болып өстім. Өзіммен жасты қыздар сылаңдап, rкөңілді кештерді жағалап жүргенде жігітке қараудың не екенін білмейтін едім. Жүрегім «беймәлім» бір сезімдерге бөленгісі келеді. Бірақ мен одан қатты қорқатынмын. «Анам білсе өлтіреді» деген оймен сөз салған жігіттердің бетін бірден қайтарып тастайтынмын. Содан шығар мінезім де томаға-тұйық қалыптасты.


Сөйтіп жүріп өз еңбегіммен жоғары оқу орнына түстім. Жатақханадан жай алдым. Үнемі қатал анамның қабағына қарап өскен маған мұндағы еркіндік ғажайып ертегідей көрінді. «Бойжеттім, енді өз қалағанымды істей аламын» деп қатты қиялдап кетсем керек, алғаш сөз айтып, жылы қабақ білдірген жігітті болашақ жарым болады деп қабылдаппын. Оңбай алданғанымды екіқабат екенімді білген кезде түсіндім. Мұны естіген «жігітім» қарасын көрсетпестен тайып отырды. Бойыма біткен шарананы алдырып тастауға менің де дәтім бармады. Қалайда оны өмірге әкелуге бел будым. Осы жағдайдан кейін басыма қара бұлт үйіріле бастады. Басқаларды айтпағанда, қасымдағы бірге жүрген құрбыларым мені көрсе теріс айналатынды шығарды.


Байқағаным, мұндай жағдайда қыздар жағы мүлдем көмектеспейді екен. Керісінше, группадағы, жатақханадағы жігіттер «Айсана, не жейсің, не ішесің, халің қалай?» деп қолдау көрсетті. Ол кезде жап-жаспын ғой, жүктілік кезінде денсаулығым мазалаған жоқ. Бірақ бәрі маған қылмыс жасаған адамдай қарайтын. Көп адамдар ұрысты, ақыл айтты. «Алдырып таста, не қыласың аяғыңды тұсаулап» деп ақыл айтқандар көп еді. Дәрігерлер де оң қабақ танытқан жоқ. Көп қиналдым. Университет басшылығы жиналысқа салды. Қысқасы, айналамдағы адамдардың «қара күйесі» мен болдым.


Анам да менің жағдайымды естіген заматта «менің сендей қызым жоқ, қараңды көрсетпе» деп теріс айналған. Жылап-еңіреп жатақханаға қайта келдім. Вахтер апайдың адамгершілігі бар екен, жертөлесінен бір бөлме тауып беріп, оқуымды жалғастыруыма жәрдемдесті. Тағы да сол бір нанды бөлісіп жеген жігіт достарым мен сабаққа кеткенде балама қарайласып, ас-ауқатымды әперіп, әжептеуір қолдау көрсетті. Бір күні вахтер апай «сен қызды бір жігітпен таныстырайын, жүре бермей соған тиіп ал, балаңа дұрыс тамақ, жағдай керек» деп қоймады. Таныссам танысайын деп келіскем. Бұрын үйленіп, ажырасқан екен. Көп ұзамай соның екі бөлмелі пәтеріне көшіп бардық. Басында бәрі жақсы еді, ішіп-жемнен қиналмаймыз, пәтерін тап-тұйнақтай етіп жинап, кешкі асын істеп қоям. Ол да балама ерекше мейірім танытып, оны-мұны әперіп жүретін. Үш ай өтер-өтпес біртүрлі қылықтар шығара бастады. «Төсекте ашық бол, мынадай тірлік істе» деп бұйырады. Айтуға ауыз бармайтын нәрселерді қинап істетеді. Күйеуім болғасын көніп жүргем. Бір күні жұмысынан ішіп, удай мас болып екі досымен түннің жарымында үйге келді. Шайларын беріп, дастархан жасап жүргем. «Менің қатыныммен қайсың болғың келеді? Бүгін сендерге дарю, өзім де көшеден тапқам» деп мені екі досына сыйлай салды. «Да ну, бересің ба, шынымен» деп екеуі екі жақтап зорлағанда, өлген жерім осы шығар деп ойладым. Өз дегендеріне жетіп, үшеуі үш жақта тырайып жатқанда баламды алып, киім-кешегімді жинадым да, басым ауған жаққа шығып кеттім.


Бет-аузымды көзімнен аққан жас жуып, көшеде ебіл-дебіл жылап келе жатқам, бір көлік келіп тоқтады. «Қарындас, түннің жарымында балаңызбен жайша жүрсіз бе, отырыңыз жеткізіп тастаймын» деп қоймайды. Мен еркек атаулыдан жиіркеніп келе жатқам, әлгінің қамқорлығын басқаша түсініп, бой бермедім. Сол жерде болған жағдайды жасырмай айтып бердім. Үйленбеген, бойдақ жігіт екен. Құдайдың құдіреті, Жаратқанның оң қабағы шығар, ол мені жан-жүрегімен түсінді. Балама өз баласындай қарап, қамқорлық жасады.


Әрине, ата-анасы біздің үйленуімізге бірден қарсы шықты. Тіпті «бұрын үйленіп, айырылысқан болсаң бір сәрі, баласымен әйел алып не көрінді?» деп анасы бізді үйден қуып шықты. Көлігін де алып қойды. Екеуіміз көп қиналдық. Тұратын жеріміз жоқ. Ол - студент. Мен еден жуамын әрі оқимын. Жаяулап біраз күн іздеп арзанға жалға беретін үй таптық. Орыстың бұрын тауық қамаған үйшігі екен. Жарығы бар әрі жылы болғасын кіріп алдық. Қожайынмен бір аулада тұрамыз, олардың үйі зәулім сарай. Иттерін үйге кіргізіп алған. Жұбайыма «орыстың иттері қандай бақытты, жанға жайлы үйде тұрады» дейтін едім...


Әйтеуір өлместің күнін көріп, тірлік жасадық. Кешкілік базар жағалап жүреміз. Картоп, пияз, капуста сататын кісілер шамалы босап кеткен көкөністерді тастап кетеді. Соларды жинап алып, үйге апарып тамақ пісіреміз. Сөйтіп, аз-маз ақша жинап, ұсақ-түйек тауар алып сата бастадық. Бес-алты жыл пәтер жалдадық. Сол қиын күндерден қалай шыққанымызға қазір таңғаламын. Күйеуіме тағы екі ұл, бір қыз сыйладым. Немерелері пәтерде қаңғып жүргесін ата-енемнің реніші тарқап, бізді үйлеріне кіргізді. Бірте-бірте қабақ шытқан күндер артта қала бастады. Қазір, Аллаға шүкір, бақыттымыз.


Айтайын дегенім, ауылдан қалаға келіп, «бостандық деген осы екен» деп ал тілімен алдайтын жігіттерге сеніп, еріп кете беретін қыздар абайласа екен. Некеге дейін жүкті боп қалу өміріңе көп кедергісін тигізеді. Өз адамыңды жолықтырғанша сақ болу керек".