​«Екінші әйелім көзімше ойнастық жасады»: тараздық азамат бір жылдан соң отбасына қайта оралған

0
2 290

«Сыған әйелдің айтқаны айдай келіпті»


​«Екінші әйелім көзімше ойнастық жасады»: тараздық азамат бір жылдан соң отбасына қайта оралған
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Еркек көп нәрседен өзін тыя білетін шығар, бірақ нәпсіге келгенде ұстамды болу екіталай екен. Мен де нәпсінің жетегіне ерем деп, отбасымнан ажырап қалған адам едім. Бірақ әйелімнің арқасында бәрі қалпына келді», - дейді Төрехан есімді тараздық азамат.


Қызметтес келіншекке есі кете ғашық болған Төрехан "дуа мен сиқырдың" кесірінен біраз жағдайды бастан кешіргенін айтады. Болған жағдайды ол ERNUR.KZ тілшісіне жасырмай жайып салды.


«Құдай сүйген құл екенмін. Себебі мен ештеңеден таршылық көрген жоқпын. Жас болсам да дүние мен ақшадан қысылмадым. Сүйген жарым Гүлмираның ата-анасы, өзімнің әке-шешем ортадан ақша шығарып, қаланың қақ ортасынан үш бөлмелі пәтерді сыйға тартты. Әйелім мектепте мұғалім, өзім жекеменшік фирмада маман болып істеймін. Ел қатарлы күн кешіп жаттық.


Келіншегім өте жайдары жан еді. Жұмыс пен үйдің жағдайын қатар алып жүретін пысық болатын. Отасқан сегіз жылда үш қыз, бір ұлды өмірге әкеліп үлгерген-тұғын. Отбасымның жағдайы жақсы болғасын қызметте де емін-еркін жүретінмін. Еркекті азғыратын да көңілдің тоқтығы екен ғой. Ақша көп, көйлек көк болған сайын мен де өзге қыздарға көз сала бастадым.


Бірде біздің жұмысқа Наргиза деген қыз келді. Аппақ, фигурасы келіскен, әзіл-қалжыңға бір табан жақын қыз екен. Өңшең еркектерден құралған коллективтің гүлі болды. Наргизаға қызықпаған жігіт жоқ шығар, бәрі сол қызды құшсам деп армандап жүретін. Өзі мені көргенде ерекше жымиып, сәл ұялғандай төмен қарайтын. Онысын «сыпайы, тәрбие көрген қыз екен» деп қабылдайтынмын.


Бір күні көңілге желік кіріп, «осы қыз қалай екен» деп ойлай бастадым. Оған дейін әйелімнің көзіне шөп салмақ түгілі, біреудің тіке қарап көрмегенмін. Ендігісі мынау, күн сайын алдымнан көлбеңдеп шыға беретін сұлу қызға есім кете бастады. Күннен күнге үйдегі әйелім жақпай, үйдің ішін қара түнек басып тұрғандай, сыртта көп жүретінді шығардым.


Бір күні жұмыста кеш қалып кеткенмін, кабинетіме телефон қуаттағышын сұрап Наргиза кіріп келді. Сол сәтте мені сайтан азғырды да, жанына жақындап, ерніне сүлікше жабыса кеттім. Сол түні біз менің кабинетіме қонып қалдық. Қылықты екен, мені бірден баурап алды. Ертеңіне әйеліме «мен іссапармен кетіп барамын, біраз уақыт қалада болмаймын» деп ескерттім де, Наргизаның үйіне қонып жүрдім. Таңға дейін ыстық шарпысулар мен тәтті өбісулерден ес жия алмай біраз күн бірге болдық. Ақырында өзім «Алматыға көшіп кетейік, жаңа өмір бастайық» деп ұсыныс білдірдім. Банкте жинап жүрген ақшам бар еді, сол заманда бір бөлмелі пәтер алуға жететін қаражат еді, қалтаға салып алдым. Алматыға келіп, қаланың шет жағынан пәтер сатып алып, оны Наргизаның атына жазып қойдым. Өміріме ризамын, жаныма керектің бәрі бар сияқты, әйелімнің қылығы жанымды баурап, өзімді жұмақта жүргендей сезіндім.


Обалы не керек, анда-санда балаларымды, Таразда қалған әйелімді ойлап қоям. Бірақ соңында әлгілерге жиіркенішім оянып, өзімнен өзім ашуланамын. Ондайда сүйіктім жаныма келіп, ашуымды тарқатып алады. Осылай өң мен түстің ортасында бір жыл жүріппін.


Сол аралықта мен жұмыссыз қалдым да, ақшадан таршылық көре бастадық. Жоқшылықтың соңы ішімдікке әкеп тіреді. Алматыдан араққа жақын адамдарды тауып алып, бірге қосылып ішетінбіз. Кейбірін тіпті үйге ертіп келіп жүрдім. Наргиза үндемейтін, тіпті менің ішетініме қуанғандай ма? Бір күні мас болып ұйықтап қалғанмын. Бір есімді жисам, әйелім менімен еріп келген жігітпен төсекте аймаласып жатыр. Екеуі тырдай жалаңаш. Тәлтіректеп барып екеуін бас салдым. Бас жарылды, қол сынды, ерін жыртылды... Сол сәтте сүйіктімнің шынайы бет-бейнесі көрінді. Сұлу деп келген адамым албастыдай біреу екен. Оның жанында өзімнің әйелім айдай сұлу сияқты. «Мен не бүлдірдім» деп сылқ түсіп отыра кеттім.


Біз тұратын аулада үнемі бір ақсақал отыратын. Басымнан өткен жағдайды әлгі кісіге айтып беріп едім, «Шырағым, басыңды оқытып алған сияқты ғой. Бұл әйел сен жоқта талай еркекті қабылдап жүретін. Ерлі-зайыптылардың арасына түспейін деп үндемеуші едім. Есіңді жиғаның дұрыс болыпты. Енді ертерек отбасыңа бара ғой» деп қалтасынан ақша берді.


Үйге келіп едім, әйелім еңіреп жылап жіберді. «Сыған әйел әулие екен» деп қайталай береді. Мен түк түсінбей тұрмын. «Үйге кір, жуынып ал» деп бәйек болып жатыр. Кейін айтты ғой, мені жоғалтып алған соң іздемеген жері, бармаған тәуібі қалмаған екен.

Бір күні күдерін үзіп, базар маңынан өтіп бара жатса, сыған әйелі тоқтатыпты. «Басыңа іс түсіп тұр екен, күйеуіңді жоғалтып алдың ба? Оны қайтарудың жалғыз жолын мен білемін» депті. Сұраған теңгесін қолына салған соң «Күйеуіңді бір қыз оқытып, басын дуалап алған. Суреті болса бер, сыртынан оқып берем» депті. Суретіме қарап ұзақ уақыт күбірлеген сыған келіншек ақырында «Тұп-тура бір жылдан соң күйеуің үйіңе келеді, ризамын десең қолыңдағы жүзігіңді шешіп бер, барлық бәле-жала сонымен кетсін» деп қолқа салған. Әйелім әлгіге имандай сеніп, сұрағанының бәрін берген. Құдайдың құдіретін қарамайсыз ба, бір жыл екі күн дегенде мен үйге келіппін.


Гүлмира екеуміз жырақта жүрген күндерімізді еске алып, әбден жылап алдық. «Сенің кінәң жоқ, мен кешірдім» деп өткенді жабулы қазан күйінде қалдыра салды. Оның кең пейілділігіне, даналығына тағы бір мәрте тәнті болдым. Басқа біреу болғанда менің қателігімді кешпес еді-ау...»