​«Енем мен абысыным жұмсай берген соң ажырасып кеттім»: шымкенттік келіншек себебін айтты

0
2 876

Ажырасуға бұл себеп бола ала ма?


​«Енем мен абысыным жұмсай берген соң ажырасып кеттім»: шымкенттік келіншек себебін айтты

«Бұрын жас кезімізде жігіттерге ауылдың қызы сұлу ма, қаланыкі ме?» деп сұрақ қоятынбыз. Қаланың қыздары сұлу дейтін сол сыныптас жігіттер ауылдың қыздарына үйленді. Басында олардың таңдауын түсіне алмағанмын, бірақ қазір менде де ең мықты, ең сұлу әйел ауылдың қыздарынан шығатынын мойындаймын», - дейді шымкенттік жас келіншек.

Ол әсіресе ауылда тұратын келіндердің пысықтығы мен шыдамдылығына таң қалып отыр. «Олардың істегенін қалада тұратын келіндер істей алмайды», - деген Диана абысынына бас иетінін айтты. Бірақ ол өзі ауылдың қым-қуыт тірлігіне шыдай алмай үш айда кетіп қалғанын да жасырмады.



Бұл туралы Диана ERNUR.KZ тілшісіне кеңінен айтып берді:

«Мен қаланың қызымын. Тағдырдың жазуымен ауылдың жігітіне тұрмысқа шықтым. Қалада пәтер жалдап тұрамыз, бірақ апта сайын ауылдамыз. Бармасақ, шақырып алады. Сосын тыным таптырмай жұмсайды.

Ауылға барғанда сәл демалып алғым келсе, күйеуім «Қалаға барып демаласың ғой, жеңшеме көмектес. Сен келгенде ол демалсын» дейді. Амал жоқ қимылдаймын, бірақ тірлік таусылар емес. Абысыным да тынбайды, сонда да жұмыс шыға береді. Оның шаршамайтынына таң қалам.

Қара шаңырақта абысыным ата-ененің қолында тұрады. Алты баласы бар. Үйі де, балаларының үсті де қашанда тап-таза. Бәріне үлгереді. Демалуды, шаршауды білмейтін абысыныма қарап қайран қалам. Мен ол сияқты бола алмайтынымды мойындаймын.

Шынымды айтсам, ауылдағы тірлікке мен екі-ақ күн шыдай аламын. Содан соң күйеуіме «Қайтайықшы. Қалада анау шаруа бар, мынау тірлік қалып кетті» деп, әр түрлі сылтаумен қайтқанша асығам. Бұл тірліктен қашқаным емес, шаршап-шалдыққаннан. Олар бүкіл тірлігін демалыс күндеріне жинап, мені күтіп отырады.

Ауылға барғанда ерте тұрам. Сағат 6-да тұрсам, сыртта енем мен абысыным қыбырлап жүреді. Екеулеп сиырларды сауып, даладағы қазанға сүт пісіріп жатады. Ал мен таңғы шайды дайындап, үйдегілерге шай құям. Одан соң дастарханды жинап, ыдыстарды жуып бола бергенде сап етіп екі-үш қонақ кіріп келеді. Қайтадан дастархан жаю, шай қою, тамақ істеуге кірісеміз. Қара шаңырақ болған соң ол үйден қонақ үзілмейді.

Қайынатамның асқазаны ауырады. Абысыным оған бөлек тамақ істейді. Енем мен қайнағам бесбармақты жақсы көреді екен. Сондықтан да екі күннің бірінде абысыным қамыр жаяды. Әрине мен барғанда қамырды маған жайғызады.

Үйде көп жан болғандықтан күн сайын абысын нан жабады. «Бірден көп етіп жауып қоймайсыз ба?» деп едім, абысыным «Атам мен апам жұмсақ нан жегісі келеді, сондықтан күнде жабуға тура келеді» деді.

Одан кейінгі абысыным да сол ауылда. Оның бес баласы бар. Үйлерінде қандай да жиын бола қалса, мені шақырады. Олар мені қалада демалып жатқан сияқты көреді. Менің де жұмысым бар, мен де сенбі мен жексенбіде демалығым келеді. Бірақ олар мені түсінбейді.

Енем де жұма күннен бастап қоңырау шала бастайды. «Банка жабу керек», «Тұсаукесер жасайын деп жатырмыз», «Кілемдерді жууға кеп көмектес қалада жата бермей», «Алма тереміз» деген сияқты жұмыстары дайын тұрады.

Демалыс күндерімде ауылға барып тірлік істеймін, сонда мен қай күні демалам? Ауылға апта сайын барып-келуге кететін жолақыны да ешкім есептеп жатқан жоқ.

Анам «Сәл шыда. Ары кетсе алты ай қызмет етерсің, сосын ұмытады ғой» деп еді. Қайдағы, үш айға әрең шыдадым. Мүмкін түсік тастап қоймағанымда, көніп жүре берер ме едім, кім білсін?!

Екіқабат екенімді біле тұра енем де, абысындарым да апта сайын тірлік істетуін тоқтатпады. Шаршағанымды айтсам, «Біз бұл жұмыстарды күнде істеп жүрміз өлмей-ақ» дейді.

Соңғы барғанымда бір көшеде тұратын екі абысыным кілемдерін сыртқа шығарып дайындап қойыпты. Бір үйдің күні бойы, ал екінші үйдің кілемдерін түн ортасына дейін жудырды. Сол күні белім ашып ауырып, екіайлық шаранамды тастап қойдым. Ашуландым, жыладым. Айта алмай жүрген сөзімнің бәрін абысындарыма айтып салдым. Ұрыс-керіс, айқай...

Жүктілігімнің үзілуіне бәрін кінәлап кетіп қалдым. Одан соң ауылға баруды қойдым. Ал күйеуім «Менің анамды, жеңгелерімді ренжіттің» деп маған тоңтеріс боп екі апта жүрді. Енем де, абысындарым да күйеуіме күнде қоңырау соғып, миын ашытып жіберді. Бәрі бір адамды жаман дей берсе, кім болса да оны жаман көріп кетпей ме?!

Күйеуім пәтерден кетіп қалды. Сонда оған мен емес, өмірі ерте үзілген баламыз емес, туған-туыстары артық боп тұр ғой.

Заңды түрде некемізді тіркеп те үлгермеген едік. Сондықтан да біз үшін екіге айрылысу да оңай болған сияқты.

Әрине, мен ауылдың келіндеріне бас ием, бірақ олар сияқты бола алмаймын. Бұл сөзімді күйеуіме де айттым. Бірақ ол бұрылмады.

Егер маған жаны ашымаса, ондай күйеуді қайтем? Менің балалы болуымды, денсаулығымды ойламаған енем мен абысындарыма апта сайын қызмет етіп жүре беруім керек пе? Жоқ, ауылдың келіні болу қолымнан келмейді екен...»



Ұқсас оқиғалар:


«Нанды енемнен тығылып жеймін»: алматылық келіншек мәселесін айтты


«Қартайғанда көтеріп қойдым»: түркістандық әйел келіндерінен ұялып жүр