«Енем ұлынан жасым үлкен екенін айта беретін»: алматылық әйел не үшін кетіп қалғанын айтты

0
3 129

Ұлыңыз жасы үлкен қызға үйленсе, не істейсіз?


«Енем ұлынан жасым үлкен екенін айта беретін»: алматылық әйел не үшін кетіп қалғанын айтты

Енесі де, келіні де жақсы отбасы көп пе? Қай шаңыраққа бармаңыз, не ене, не келін, екеуінің біреуі жаман боп шығады. Ал егер салыстырар болсақ, жаман енеге қарағанда жаман келін көп екен.


Біреуінің ісі, екіншісінің сөзі ұнамайды енеге. Ісі мен сөзі келісті болса, онда да әйтеуір бір жаман жерін тауып, ұлына лайық көрмейтін енелер табылады. Мысалы, Махаббат есімді алматылық келіншек бесаспап, мейрамханалардың бірінде администратор. Тамақтың түр-түрін пісіріп, қонақ күтуді қатырады. Тазалықты жақсы көреді. Сұңғақ бойлы, жүзі жылы, тартымды. Алайда енесі әу баста-ақ ұнатпаған, ақыры ажырастырып жіберіпті.



Бұл туралы Махаббат ERNUR.KZ тілшісіне кеңірек баяндап берді:

«Менің жеңгелерім көп. Келін жұмсап отырған туысқан апаларым да бар. Олардың сөздерінен байқайтыным, келіндік міндетіңді мінсіз орындап, сөз қайтармасаң, ұлының айтқанын орындасаң, бала тапсаң және ай сайын алатын жалақыңды қолына әкеп берсең болды, сенен жақсы келін болмайды. Түсінгенім, енелерге үйдің шаруасын тап-тұйнақтай істейтін, табыс та, бала да табатын келіндер ұнайды.

Айналамнан осындай сөздерді естіп, жағдайларды көріп өстім. Сондықтан да мен әу баста жақтырмағанымен, енемнің жүрегін жаулап алатыныма сенімді болдым. Оның үстіне біздің махаббатымыз шынайы еді, бір-бірімізді қатты жақсы көрдік. Сондықтан да өзгелердің қарсылығына қарамай бас қостық, шаңырақ көтердік. Бірақ жігіт жақ қана емес, менің туысқандарым, ата-анам да қуанбады. Себеп дейсіз бе?

Себебі мен күйеуімнен алты жас үлкенмін. Алайда біз құрдас сияқты көрінеміз сырт көзге. Менің денем нәзік, талдырмашпын, ал күйеуім ірі, бойы менен ұзын. Ешқашан жасымның үлкендігін күйеуіме көрсеткен де емеспін. Сонда да біздің жас айырмашылығымыз алдымнан шыға берді, шыға берді.

Жаста тұрған не бар екен? Жастар бір-бірімен тіл табысып, ешкіммен ұрыспай-керіспей, бақытты өмір сүрсе болды емес пе? Ата-ана ұлын үйлендіргенде, қызын ұзатқанда бұдан басқа ешнәрсені тілемейді де, қажет те етпейді ғой. Жастың үлкендігі, не кішілігі бақытты болуға кедергі болмайды.

Несін айтайын, біз жүректің әмірін орындадық. Күйеуімнің, ата-енемнің сызған сызығынан шықпай, айтқанын істеп отырдым. Үйге келген қонақтар тамағымды мақтап, кішіпейілділігіме риза болса да, енем безірейіп отыратын. Мен енеме жақын болғым келетін. Бірақ ол менімен сөйлеспейтін. Иә, біз бір шаңырақ астында екі жарым жыл тұрып, жарқылдап сөйлескен емеспіз. Енеммен арадағы кедергіні бұзуға талай рет талпындым. Әңгімеге тартпақ та болып әрекеттендім. Бірақ енем үнемі менің жанымды жаралайтын сөздер айтып, жанына жолатпады.

Енем айтқан сөздері мені қинайтынын, жанымды жаралап жатқанын біледі. Біле тұра әдейі айтады. Барын алдына қойып, жалақымды алақанына салып, жағдайын жасап отырсам да, «Ұлыма Сабырдың қызы лайық еді. Бәрібір мен сол қызды келін қылмай қоймаймын» дейтін. Ұлының сол бір қызға үйленбегеніне өкініп отырады. Мұндай сөздерді көпшіліктің алдында да жасырмайды. Тіпті үйге келген қонаққа да, көршілерге де әңгіме арасында «Сіздің қызыңыз жақсы ғой. Менің келінім осындай болса деп армандаймын» дейді. Көпшіліктің алдыңда енемнің осылай дегеніне бірде ренжіп, бірде ұялып ыңғайсыз жағдайда қаламын. Өйткені енемнің ұлдарының бәрі отбасылы. Сонда ол қай ұлына келін іздеп армандап жүр? Әрине менің күйеуіме.

Еркектің көрші әйеліне сұқтанып қарап, оны қызға сені қазға балайтыны қаншалықты ауыр екені белгілі. Ал ененің жұрттың қыздары мен келіндеріне сүйсініп отыруы одан да жаман. Мұның бәрі өтер де кетер деп шыдадым. Алайда енем менің жанымды ауыр сөздерімен ауыртуын доғармады.

Үйде екеуміз ғана қалғанда маған реніші болса, көксегені болса, сол уақытта айтпай ма? Жо-жоқ, оңашада менімен әңгімелеспейді де. Ал қонақтардың алдында мені жас баланың басын айналдырып тиіп алғанға балап, жасымның үлкендігін айтып масқаралайды. Бар тапқан айыбы осы ғой. Басқа кемшілік жоқ менде.

Фото: d1bpj0tv6vfxyp.cloudfront.net

Табысымды тықпаймын, түгелімен енеме тапсырамын. Жұмыстан шаршап келгеніме қарамай, үйдің тірлігін бітірмей ұйықтамаймын. Үйдегі барлық адамның адамның аяқ киімдерін сүртіп тазалаймын. Таңертеңгі дастарханға міндетті түрде ыстық бір нәрсе пісіремін. Бәрі ұйқыға кеткенде ертең киетін аяқ киімдерін сүртіп, бәріне жұмысқа, сабаққа алып кететін тағамдарын ыдыстарына саламын. Осының бәрін істеп боламын дегенде түннің бір уағы болады. Бәрінен кейін жатып, ерте тұрсам да, жан-жағымды тазалап ұстасам да, енемнің көңілі тым болмаса бір рет те толған емес.

Немересі туылған соң өзгерер дегенім де бекер. Тұңғышыма жүкті кезімде керісінше қинағысы келді. Ол менің туғанымды қаламады. «Балаң түсіп қалғыр» дегенін талай рет естідім. Адам осыншалықты қатігез бола ма? Мейлі мені өлтірсе де болады, бірақ әлі ана құрсағында жатқан бейкүнә шаранаға қалайша өлім тілейді? Оның үстіне менің оңай құрсақ көтере салмағанымды да біледі ғой. Бір жылдай емделдім. Тағы бірде енем ұрысып отырып, құрсағымдағы баламды қарғады. Екі жылда бірінші рет енемнен «Неге мені сонша жек көресіз? Мен сізге не жамандық жасадым?» деп сұрадым. «Үлкенсің. Баламның басын айналдырып...» деді енем. Аузына келгенін айтып жатты.

Мені ғана емес, немересін де көргісі келмейтін адамның көңілін ешқашан таба алмайтыныма анық көзім жетті. Өзімді де, енемді де азапқа салғанша, өз жолыммен кеткенім дұрыс деп шештім. «Қорықпаңыз, қарғамаңыз. Балаңызды сізден айырмаймын. Мен онымен заңды түрде ажырасамын» деп үйден шығып кеттім. Қайын атам енемнің айтқанына бас шұлғып отыра берді.

Кетіп бара жатып «Менің кеткенімді естісе күйеуім қандай күйде болар екен?» деп ойландым. Жүрегім артқа тартса да, бұрылғым келмеді. Төркініме де бармай, кешкі автобуспен Алматы қаласына кеттім. Екі қолға бір күрек табылар, қолымнан іс келеді ғой. Перзентімді аман-есен босанып алсам болғаны, басқа ешнәрсе керек емес маған.

Арада бір ай уақыт өтер-өтпес күйеуім соңымнан іздеп келді. Мені қатты сағынғаны көздерінен көрініп тұр. Мекенжайымды анамнан алыпты. Қолындағы сөмкесінен оның әке-шешесінен кеткенін сездім. Екеуміз жылап көрістік. Менімен ешқашан ажыраспайтынын, мәңгі менің қасымда болатынын айтып, уәдесін беріп жатыр, жылап жатыр...

Содан бері бес жыл уақыт өтіпті. Екі ұлымыз бар. Күйеуіме «Қаншама жыл өтті, мүмкін барып қайтармыз» десем, «Бәрін ұмытып кеттің бе? Ал мен ұмытқан жоқпын. Туған анам менің бақытыма тілектес болудың орнына керісінше мені бақытымнан айырмақшы болды ғой. Осы жұрттың аналары «Баласы бар болса да, орыс болса да әйтеуір басыңді екеу етші» деп, ұлдарын үйлендіре алмай жүр. Әнеугүні жұмыстағы бір жігіттің анасының «Бізге емес, өзіңе ұнаса болды. Бізге қызмет те етпей-ақ қойсын, сенің тамағыңды істеп, кіріңді жуса, бір-біріңді сыйласаңдар жетеді» дегенін естігенде анамның қылықтары есіме түсіп, жылағым келді. Ұлын келінімен татуластыра алмай шарқ ұрып жүрген аналар да бар ғой. Ал менің анам ше?..» деп, күрсінді.

Күйеуімнің реніші орынды. Бірақ мен қайтсем де күйеуімді ата-анасымен жарастыруды ойлап жүрмін. Ал ата-енем мен туралы не ойлап жүргенін кім білсін?!»


Ене келінін жасы үлкен болғаны үшін ғана жақтырмауы мүмкін бе? Сіз ше, ұлыңыз өзінен бес-алты жас үлкен қызға үйленем десе, қарсы боласыз ба? Ал қызыңыз өзінен алты жас кішіге тұрмысқа шықса ше?..


Ұқсас оқиғалар:


«Жаңғақты «ӨЛУГЕ жақындағанға» емес, КӨП ЖАСАҒАН қарияға еккізеді»


«Қайын атамды күйдіріп қойдым»: Оңтүстіктің келіні не себепті халат кимейтінін айтты