​«Фундаментімді тесіп, үйіме суын ағызыпты»: шымкенттік азамат көршісінің үстінен сотқа арыз жазғанын айтады

0
811

«Төрт тонна цементім жарамсыз боп қалды»


​«Фундаментімді тесіп, үйіме суын ағызыпты»: шымкенттік азамат көршісінің үстінен сотқа арыз жазғанын айтады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Қазақ көрші таңдауға қатты мән берген. «Үй алма, көрші ал» деген сөз осыдан қалса керек. Көршің жақсы болса, туысыңнан жақын боп кетеді. Ал керісінше боп шықса ше? Мәселен, Шымкент қаласының іргесіндегі шағын аудандардың бірінде тұратын Марат есімді азамат Е. деген көршісінің үстінен Қаратау аудандық сотына арыз тастауға тас-түйін бекініп отыр.


Көршім маған материалдық шығын келтірді деп шағынып отырған азамат болған оқиғаны ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Жер телімін 2017 жылы алдым. Ол кезде айналамызды үй жоқ-тұғын. Алған жылы сыртын қоршап қойдық та, екі жыл ат ізін салмай кеттік. Себебі үй бастауға қыруар қаражат керек. Құрылыс материалдары да қымбаттап кетті. Шынын айтқанда қол қысқа болды. Содан үшінші жылы іргетасын құйып қойдық. Одан кейінгі жылы кірпішін көтеріп, төбесін жаптық. Сол жылы оң жағыма әлгі көршім келіп, фундамент құя бастады. Жаныма үй түсетінін көргенде шын қуандым. Бұл кезде мен үйімізге су, свет тартып қойғам. «Көрші, еш қысылма, свет керек болса менен тартып ала бер. Ақшасын төлесең болды. Суды да уайымдама, сыртқы есіктің кілтін беріп кетем, беймарал ала беріңдер. Әрі менің үйіме көз-қырыңды салып тұрасың» деп туғаныма сенгендей алдына түсіп томпаңдап кеттім. Ол да жап-жақсы жігіт сияқты көрінген. «Болды, көке, рахмет» деп алғысын жаудырды.


Үйіміздің төбесін жауып қойғасын тағы екі жыл тиіспедік. Балалар өсіп қалған, әйелім екеуміздің тапқанымыз тамақтан артылмайды. Несие алуға о бастан қарсы адаммын. Бұйырған уақытта бітер, басымызда баспана бар ғой деп еш уайымсыз жүре бердім. Бұл уақта әлгі көршім үйінің ішін толық бітіріп, әйелі, екі баласымен көшіп келіп алды. Анда-санда барып, үйімнің жағдайын көріп кетіп жүрдім.


Ал әлгі даулы оқиға, биыл, наурыздың бас жағында орын алды ғой. Елдің есінде шығар, өткенде екі-үш күн тоқтамай жаңбыр жауды. Нөсерлетіп құйғанда талай адамның әбіржіп қалғаны рас. Соның арасында өзім де бармын. Содан бір-екі күн бұрын үйдің ішін сылатам, қалғанына есіктің алдына «стяжка» құям деп төрт тонна цемент алғам. Бәрі үнемшілдіктің кесірі ғой, жүк таситын кісілерге ақша шығармайыншы деп інімнің жүк көлігімен әкелгенбіз. «Ойбай, көке, белім ауырады, осы жерге түсіре салайын» дегесін әлгі цементті есіктің алдындағы бастырманың астына жинай салғанбыз. Сыртын жауып, жаңбыр тимейтіндей етіп кеткем.

Жаңбыр шелектеп құйған күні қалада болмай, жер үйге бара алмадым. Ертеңіне салып ұрып барсам, цементтерімнің бәрі суда қалыпты. Бір қабы да жарамай қалған ғой. Есігімнің алды кілкіген су, кәдімгі сел жүріп өткендей. Аң-таң болып, айналамды бір қарап шықсам, әлгі көршім өз үйі жағындағы фундаментті тесіп тастапты.


«Бауырым, мынауың не?» деп бардым. «Көке, келініңіз бен балаларды алып, қыдырып кеткенбіз. Кештетіп үйге келсек, есіктің алды тізеге дейін су. Үйге кіруге сәл-ақ қалыпты. Көше жақ сәл биіктеу ғой, асфальт жолдан аққан судың бәрі дарбазаның астынан біздің үйге кіре берген. Есіктің алдына жинап қойған балкаларым қалқып жүр. Сосын амал жоқ, сіз жақты тесіп, суды сол жаққа жіберуге тура келді» деп бетіме бақырайып қарап тұр. «Есің дұрыс па, егесі жоқ болғасын басынайын дедің бе?» деп ашуланып, көршімнің жағасынан алдым. Қайтейін, әрең алған цементімнің бәрі жарамай қалса.


«Мен сенің цементіңнің барын қайдан білейін? Пысық болсаң кіргізіп қоймайсың ба ішке! Шық үйімнен!» деп бірталай әңгіме айтып, мені қуып жіберді. «Көке, айып етпеңіз, бір ашуыңызды беріңіз» десе үндемес едім ғой. Баламмен жасты боқмұрынның «Мықты болсаң бітіріп, кіріп, қарауылдап отырмайсың ба?» деп әкіреңдегені өңменімнен өтіп кетті. Өз қолыммен құйған цементімді ойып, білгенін істегені дұрыс па енді? Сорғызып, тазаласа да болады ғой.


Екі аптадай кешірім сұрап келетін шығар деп күттім. Безірейіп көлігімен әрі-бері өтіп жүр. Тәрбие көрмеген бала екенін байқадым. Мұндайлардың сазайын беріп, орнына қоймаса, ертең көшіп келіп жатсақ талай нәрсені көрсетер екен. Маған материалдық шығынымды төлеп, орнына төрт тонна цементімді қойып берсін».


Көршісінен көңілі қалған оқырманымыз осындай шешім қабылдапты. Бұл оқиғаның соңы немен аяқталарын алдағы уақытта көре жатармыз. Әйтеуір екі көршінің татулығына жаңбырдың суы кесір болмаса екен...»