«Қайтыс болған қайынатам қарызға батырып кетті»: жамбылдық келіншек жанайқайын айтты

0
2 339

Қайтыс болған адамның қарыздарын кім төлейді?


«Қайтыс болған қайынатам қарызға батырып кетті»: жамбылдық келіншек жанайқайын айтты

Біреудің әкесі малын, үйін мұра етіп қалдырады. «Жемісін балаларым жесін» деп, ағаш егіп қалдыратын әкелер де бар. Қолынан түк келмесе тым болмағанда өмірлік азық болар ақылын айтатындар көп. Ал оқырман, сіздің әкеңіз мұраға не қалдырды?

Өлгеннің артынан жаман сөз айтуды дұрыс көрмейтін қазақ емеспіз бе? Дегенмен, басқаларға ой салсын деген мақсатта жамбылдық келіншек қайынатасының ұлдарына қандай мұра қалдырғанын айтып берді. Ол қыруар қарыз, кредит қалдырыпты...



Бұл туралы Айсана ERNUR.KZ тілшісіне егжей-тегжейлі баяндады:

«Мен келін боп түскелі қайынатамды көрген емеспін. Күйеуіммен танысқанда ол әкесінің жоқ екенін айтқан. Мұңын қалыңдатқым келмегендіктен көкейіме кептеліп тұрған «Қайда?», «Тірі ме?», «Тастап кеткен бе?» деген секілді сан сұрақты қоя алмағанмын.

Менің бақытты болуыма жігіттің әкесінің бар-жоғы әсер етпейді ғой. Бастысы, жанашыр анасы болса болды емес пе?!

Өз әкем қартайғанында зейнетақысын түгел ішімдікке жұмсап, келіндерін балағаттап отыратындықтан, шынымды айтсам қайынатамның болмағанына қуанғанмын да...

Жігітіммен үш ай кездестім де, ұсынысын қабыл алып, тұрмысқа шығып кеттім. Өйткені жасым 26-дан асып қалған еді. Оның үстіне жігіт қалада тұрады. Мен үшін осы ғана маңызды болатын. Әрине арамызда сүйіспеншілік болмаса бас қоспас едік қой. Бір-бірімізді ұнаттық, сөзіміз жарасты. Үш жылда екі қыздың анасы атандым.

Енем өте мейірімді адам. Қайын сіңлілерім мен қайныларым да үй тірлігінде қолғабыс боп, балаларыма қарасып, бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып жаттық.

Мен үйдің үлкен келінімін. Сондықтан қайын сіңлілерім тұрмысқа шыққанда, екі қайным үйленгенде ауырлығы түспей қоймады. Әрқайсысы өз теңдерімен жарасым тауып, өз арбаларын өздері сүйреп өмір көшіне ілесіп кетсе болғаны. Ал шаршау, шалдығу әйел үшін түк емес, толғақ сияқты ұмытылып кететін жағдай ғой.

Енем менің еңбегімді бағалап, әрдайым алғысын айтып, ағайын-туыстар ортасында мақтап отырады. Той-жиындарда «Сәл шыда, кішкентай қайның үйленген соң еншілеріңді беріп бөлек шығарамын» деп айтатын. Иә, енем тоғыз жылдан соң рахметін айтып, бізді бөлек жіберді.

Көп отбасы сияқты біз де жалдамалы пәтерге шықтық. Енемнің жалғыз өзіне бес перзентін асырап, өсіру оңай болмағанын білем. Қасында күйеуі болмағандықтан, жалғызбасты әйелге «Неге бізге баспана әпермеді?» деп ренжу орынсыз. Әйтеуір тапқан табысымызды енді баспана алуға жинап, өзіміз үшін өмір сүретінімізге қуанғанмын. Рас қой, бөлек шықпайынша табысыңды жинай да алмайсың.

Күйеуім жуас, іске бос, сондықтан отбасы бюджетін жоспарлауды өз қолыма алдым. Менің балабақшадан алатын азын-аулақ жалақымды пәтерақы мен азық-түлікке жұмсауды, ал күйеуімнің табысын «Отбасы банкіне» салып жинауды жоспарладым. Күйеуімнің атынан депозит ашып, екі жылда екі бөлмелі пәтердің алғашқы жарнасына жуық ақша жинадық. Бірақ үш жылда пайыздың төмендейтінін естіп, тағы да бір жыл пәтерде жүріп, депозитке ақша салуды жөн көрдік. Егер ойламаған жерден қайынатам пайда болмағанда біз биыл «Шаңырақ» бағдарламасымен ипотекаға баспана алар едік.

Күтпеген жерден жоспарымыз да, өміріміз де өзгереді де кім ойлаған десеңізші. Қайынатам арманымның күл-талқанын шығарды.

Фото: s.zefirka.net

Бір күні енем қоңырау шалып, үйіне шақырды. Небәрі 35 жасында бес баламен тастап кеткен күйеуі Алматыдағы ауруханалардың бірінен хабарласыпты. Ауыр халде екен. Бір-екі ай ғана өмірі қалғанын айтып, кешірім сұрапты.

Күйеуім «Осы уақытқа дейін бізді көруге жарамаған адамға шынымды айтсам жаным да ашымайды. Өлігі сол жақтан шықсын» деді анасына ашуланып. Енем «Ағайын-туыстан ұят қой. Үйге әкеп қарайық. Ұл-қызы бар, өлігі үйден шыққаны дұрыс» деді жыламсырап. Сол-ақ екен, қара шаңырақтағы кенже қайным да «Иә, алып келейік. Перзенттік парызымыз ғой» деп анасын қоштады. Күйеуім амалсыздан келісті.

Дәрігерлер өңешінде қатерлі ісік бар деп диагнозын айтып, қанша күн ғұмыры қалғанын жорамалдап, ұлдарына қайынатамды табыстады.

«Түу, жетпегені осы еді?!» деп, бастапқыда жақтырмадым. Бірақ қайынатамды көргенде менің де аяушылық сезімін оянды. Еті сүйегіне жабысып, құр сүлдері қалған. Қу таяқ, өте әлсіз. Әрең сөйлейді. Қиналып тыныс алады.

Енем де, ұл-қыздары да оның барлық айыбын, қателігін кешіріп, күні-түні күтімін жасап қасында болды. Аузына қасықпен тамақ құйып, балаша күтті. Дәрі-дәрмегін сатып алып, ем-дом да жасады. Алайда дәрігерлердің ескерткеніндей, қайынатам бір жарым айдан соң көз жұмды.

Жаназасында имам «Марқұмның перзенттері бар ма? Қарыздарын кім мойнына алады?» деп сұрағанда ешкім үндемеді. Үшінші рет қайталағанда ағайын-туысқандардың бірі «Үш ұлы бар ғой» деді. Жұрттан ұялғанынан үйінің үлкені болған соң күйеуім ортаға шықты. Ол әкесінің қарыздарын өтеуге келісім берді. Әкесінің қарызы көп екенін ол қайдан білсін?!

Жеті күндігі өтпей жатып, үйге екі адам қарызын сұрап келді. Енемнің жинап жүрген зейнетақысы бар екен, соны берді. Қырық күндік асында тағы да үш адам келді. Қомақты ақша. Төлей алмайтынымызды айтқанда, қайынатамның нотариус арқылы өз қолымен жазып берген қолхатын көрсетіп, сотқа жүгінетіндерін айтып қорқытты.

2 миллион қарызды неге алғанын естігенде, қайынатамның ойынқұмар болғанын білдік. Ол өмір бойы әр әйелдің үйін паналап, оларды тәтті сөзімен тойдырып, тапқанын тек өз тамағы мен құмар ойынға жұмсаған екен.

Енем жылап отырған соң күйеуім маған айтпастан депозитке жинап жүрген ақшамызды түгел шешіп алып беріпті. Жағдайды түсінсем де күйеуімнің бұл ісіне қатты ашуландым. Балаларымның тамағынан жырып екі жылдан астам уақыт жинаған ақшамызды қалайша әкесінің қарызын жабуға жұмсады?

Егер әкесі өмірін балаларына арнаса бір сәрі. «Біз үшін денсаулығынан айырылды. Бізді оқытты» деп айтатындай да емес. Тек өз қарабасы үшін өмір сүрген адамның қарызын не үшін біз төлеуіміз керек?

Сонымен тынышталса да мейлі дер едім. Жақында екі банктен кредиттің қағазы келгенін естіп талып қала жаздадық. Қайынатамның әлі қанша кредиті мен қарызы бар екенін бір құдай ғана білер.

Ақыры соншама қарызы бар екенін біледі екен, қайынатам ауруханадағыларға неге «Ешкімім жоқ» деп айтпады? «Жақсы ит өлігін көрсетпейді» демеуші ме еді, неге ұлдарының мойнына қарызын іліп кетті, түсінбеймін. Жақсылық жасай алмады екен, неге жамандық жасап кетті? Зығырданым қайнайды...

Қайынатам қайтқалы әр күніміз ырың-жырыңмен өтіп, күнде керісетін болдық. Енем күннен-күнге шөгіп бара жатыр. Ал күйеуім үнемі ойға шомып отырады, бұрынғыдай жарқылдап сөйлеспейді де. Мен бе, мен тиындап жинаған ақшамыздың текке кеткеніне ішім ашып, ұйқыдан қалдым...»


«Бір адамның кесірі көпке тиеді» деген сөз осындайда айтылса керек. Әркім ең бірінші ешкімге зиянын тигізбеуді ойласа, мұңлы, бақытсыз адамдар болмас па еді, кім білсін?!

Ал, оқырман, сіздің зияныңыз ешкімге тиіп жатқан жоқ па?



Ұқсас оқиғалар:


Ораза ұстап, балалы болдық»: түркістандық әйел перзентті болуға көмектескен ғибадаты туралы айтты

“Орамал тақпасаң ажырасам деді”: Көпбалалы әйел күйеуінің қойған талабына көндіге алмай жүр