​«Қайын атамды күйдіріп қойдым»: Оңтүстіктің келіні не себепті халат кимейтінін айтты

0
4 407

"Бетімнен отым шықты-ау. Үсті-басым қамыр-қамыр боп ауыз үйге атып шықтым" ...


​«Қайын атамды күйдіріп қойдым»: Оңтүстіктің келіні не себепті халат кимейтінін айтты

Халат дегенде көз алдымызға дәрігергердің ақ желеңі келетіні рас. Бірақ бұл оқиғадағы халат – оңтүстік өңіріне таныс болса керек-ті. Әдетте, жас келіннің «Беташар» рәсімінен соң киетін дәстүрлі киіміне айналған халат тұрмысқа шыққан қыздың соңынан апаратын киім-кешектің ішінен де орын табады.

Осы киімге қатысты өз оқиғасын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген шымкенттік келіншек жас келіндерге ұзын халат кигізудің жөні жоқ деп санайды.

- Жамандағаным емес, оңтүстігім қашанда қаймағы бұзылмаған дәстүрімізді сақтап, әйел затының ізет пен ибадан ажырамағанын қалайды. Бірақ жас келінге етегі тоққа түсетін хатал кигізіп қоюды дұрыс емес деп білемін. Қазір өзім келін алатын жасқа жеттім. Осы халат туралы бір емес, екі бірдей оқиғам есіме түссе ұялып кетемін, - деген ол әңгімесін күліп бастады.


Осыдан 21 жыл бұрын алтын босағасын аттап келін атанған Жансая етегі ұзын халатының кесірінен атасының алдында ұятқа қалыпты.

- Қазіргідей тізеден сәл ғана түсетін халат пен шалбар жоқ онда. Бүгінде базарда неше түрлісі толып жатыр ғой. Ол кезде етегі сүйретіліп, тобыққа түсіп тұратын. Жас келін болған соң не кигізсе де үндемейсің, оның үстіне етегі қысқа киімге көз де, бой да үйренбеген.

Бір аптадан соң соңымнан киім жіберген анам да ұзын халаттар алыпты. Бірінен соң бірін ауыстырып киіп қызметімді барынша атқарып жүрмін. Атам мен енеме күніне кем дегенде бес рет шай қоямын. Самауырды сақырлатып қайнатып әкеп демедеген шайымнан ата-енем науатпен терлеп-тепшіп отырып ішеді.

Студент кезде тұрмысқа шықтым ғой. Әбден шалбар киіп үйреніп қалған мен кейде үстімде етегі ұзын халат барын ұмытып кетемін. Бір күні ас желініп болған соң табақты ала салып орнымнан тұрамын деп етегімді басып қалып жерге жалп ете қалдым. Қолымдағы жарты табақ ет тамақ үстіме аударылып, босағасын аттаған үйімде айға жетпей масқара болдым.

Енем де, атам да «мынаның дені сау ма, теп-тегіс жерде орнынан тұра сала жалп ете қалғаны несі?» дегендей аңырып қалыпты. Бетімнен отым шықты-ау. Үсті-басым қамыр-қамыр боп ауыз үйге атып шықтым. Күйеуім мен қайынсіңлім домалап күліп жатыр.


Жансаяның етегіне сүрінгені тек ол ғана емес екен. Ұзын етекке үйрене алмай үй шаруасын істеп жүріп талай рет шалыныпты. Келесі жолы қайын атасын күйдіріп қойып, естен кетпес оқиғаның себепкері болған көрінеді.

- Ұзын етектің кесірінен атамды күйдіріп қойғаным есіме түссе, о дүниелік болған атамнан іштей әлі кешірім сұраймын.

Қайнап тұрған самауырды әкеп қойып шайды демдедім де, дастарханға әлдене қоймағаным есіме түсіп орнымнан ұшып тұрдым. Қалай болғанын өзім де байқамай қалдым, етегіме самауырдың құлағы ілініп қалып аударылып түсті. Ыстық су үстелдің астына аяғын созып отырған атамның аяғына шашырап, біраз жері күлдіреп қалды.

Жарықтық, мені ұялпайын деді ме, күйсе де «ештеңе етпейді» деп шыдап отыра берген ғой. Әйтпесе, ыстық су шашырағанда шошынып, басқа біреу болса үстелді аударып жіберер ме еді?


Сол оқиғадан соң енем кешкісін менің үйге киетін халаттарымды алды да, бәрінің етегін қырқып тігіп берді. Сосын ішінен киетін шалбар әкеп берді базардан. «Айналайын, өзің де, басқалар да майып болмай тұрғанда осы сөлеңдеген халатыңды құртшы. Сәлеміңді салып, ибаңды сақтап жүрсең болды. Тізеден түспегені дұрыс киіміңнің. Өзіңе ыңғайлы болсын. Денеңе жабыстырмай, ашық-шашық болмай жүрсең жетеді», - деп енем өзі рұқсатын берді.


Алғашында ұялғаным-ай! Атамның аяғына енем ойбайлатып дәрі жаққан сайын өзімді кінәлі санаймын. Атамның көзіне екі-үш күн түспей жүрдім, кейін енемнен айтып жіберіпті. «Әдейі істеген жоқ, қысылмасын. Жазым ғой, ештеңе етпейді» деп. Күйеуім мен қайынсіңлім көпке дейін күліп, мазақтап жүрді. «Ашуына тисеңдер самаурынды ақтара салады үстіңе» деп... Әлі күнге айтып қоямыз күліп...

Содан кейін алған алған халаттарымның етегін тізеден сәл жоғары етіп қырқып, астынан кең-мол шалбар киюді әдетке айналдырдым. Бұрын онша бола бермеуші еді, қазір неше түрі сатылады. Сол дұрыс. Бастысы, ашық-шашық, денеге жабысып тұратын болмаса болды. Қазір тіпті, ұлттық үлгідегі көйлектер, оюлы қамзолдар да шықты. Соған ден қойып жатқан жастарға разымын. Өзім де келін түсірсем ұзын етекті көйлекті тек жиынға, ал былайғы күні тек ыңғайлы киіммен жүруін қалар едім, - дейді ол.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«6 миллион теңгеден айырылдық»: Алматылық отбасы ақша үшін туған жерінен көшіп кеткен


«Енем «Пәк емессің» деп бетіме басқан жоқ»: Алданып қалған қыз бүгінде алты баланың анасы