​«Қарындасыма үйленіппін»: алматылық жігіт әйеліне шындықты айта алмай жүр

0
19 330

«Айтпаған анасы кінәлі!»


​«Қарындасыма үйленіппін»: алматылық жігіт әйеліне шындықты айта алмай жүр

иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден

ЕСКЕРТУ: көшіріп басуға тыйым салынады!


Қоғамда өз руын білмейтіндер көп пе? Жалпы, руға байланысты көзқарас қандай?


"Ру таратудың не екенін балаға басынан үйретіп, айтпаған соң осындай да қайғыға душар етеді екен... Не істеймін енді? Қалай болады, миым жетпей жүр... Бұл да әкелердің қателігі... Менің ағамның қатесі ғой?! Неге қызын іздемеген? Неге оған анасы айтпады екен?"


Осылай деп ERNUR.KZ тілшісіне өз басындағы жағдайын айтып, көршіліктен ақыл сұраған алматылық Нұралы есімді жігіт өзін кінәлі сезініп жүргенін жеткізді. Айтуынша, сүйіп алған жары өзінің ауылдас ағайын ағасының қызы болып шыққан.

- Екеуміз колледжде таныстық. Оқуымызды бітіргенше тек достарша араласатынбыз. Диплом алып жұмысқа тұрған соң арамыз жақындай берді. Жиі кездесіп, жақсы таныған сайын оны жақсы көре бердім. Анаммен, қарындасыммен таныстырдым. Ол анасынан жалғыз еді. Аурушаңдау анасының жағдайын көп айтып, оған алаңдайтын. Сол себепті басқалар секілді ұзату тойын жасаған жоқ, келіскен түрде алып қашуға рұқсатын беріпті. Солай үйленіп, отау құрдық.

Мұсылманша некемізді қиып, беташар салтын жасадық. Анасы ешқандай «хабаршы-қуғыншы» болмайтынын, екі аптадан соң жасауын жіберетінін айтқан келісім бойынша. Жас жарымды құшып, бал айын өткізіп жатқанбыз. Бір ай бойы ауылда болып, сосын Алматыға қайтатын болып жоспарладық. Тойға асықпадық, себебі елдегі жағдайға қарап асықпайық деп шештік. Бірақ анам бізбен бірге үлкен қалаға келіп, жалдаған пәтерімізге құдағиын тамаққа шақырып таныспақ болды.


Жақсылап дайындалып, келіншегімнің анасын күтіп алдық. Қасына ерте келген құрбысы екеуіне сый да дайындағанбыз. Бірінші рет сол кезде таныстым. Анам арқа-жарқа болып, екеуінің сөздері де жарасты. Ас желініп, шайға отырғанда әңгімеден әңгіме шығып біздің түпкі, аталарымыздың ауылы туралы сөз болды.


«Қай ауыл?» деп анықтап сұрағанда келіншегімнің анасының түрі бұзылып кеткендей көрінді маған. Қызы оны ауырып отырға санап, дәрісін әкеліп құрақ ұшты. Содан кейін көңіл-күйі болмады, кетуге асықты.


Бірнеше күн өткен соң маған қайын енем қоңырау соқты. Жұмыста едім, бір аллеяға шақырып сөйлесу керектігін айтты. Дауысы жақсы емес еді, шын көмек керек боп қиналып жатқан болар деп сұранып тездетіп жеттім. Бірақ оның айтқандарын естімегенім дұрыс еді...


Әбден қипалақтаған ол бір кезде жылай отырып, менің келіншегімнің өзіме жақындығы бар ауылдас ағамыздың қызы, яғни, қарындасым екенін айтты. Жүрегім жердің астына түсіп кеткендей күй кештім. Ондай сезімді мен ешқашан сезінбегем, сұмдық қорқыныш па, әлде жиіркеніш пе өзімнен, сондай бір масқара күйге түстім...


Қысқасы, менің төртінші атаммен туысқан атамыздың немересі екен келіншегімнің әкесі. Әскерден келе салысымен үйленіп, кейін қайта борышын өтеген елге, Ресей жеріне оралыпты. Ол жақты жерсіне алмаған қайын енем ажырасып, құрсағындағы баласымен қайтып келген екен. Содан кейін тұрмысқа шықпаған, тек қызын өсіруге арнапты бар өмірін. Ал әкесі қызының барынан хабардар болса да, бір рет те іздемеген. Сол күйі 47 жасқа келгенде қайтыс болғанын да айтып отыр.


Расында ұзақ жылдар бойы Ресейде тұрған ағамызды қайтыс болды деп естігенбіз. Олай дейтін себебім, біз де туған ауылымыздан мен есімді білмей тұрғанда көшіп кеткен екенбіз, тек қыдырып қана барып тұрамыз.

Айтып отырғанының бәрі тура келіп тұр. Мен руын сұрағанда ол анасының елін айтқан екен. Оған солай үйреткен бала кезінен.


«Осы ру деген қажет болады қызыма деп ойламадым. Сондықтан өзімнің руымды айтқызып, соған сендіріп үйреткен едім. Ол әлі де білмейді... Ауылдарыңды айтқанда барып күдіктеніп, бәрін сұрап зерттедім. Мұнда қате жоқ, расы солай... Енді не болады? Қызыма не бетімді айтамын? Құсадан өліп кетіп, айырылып қаламын-ау қызымнан?!» деп жылағанда не дерімді білмедім. Ашумен орнымнан тұрып кетіп қалдым. Қанша рет қоңырау соқса да тұтқаны көтермедім.


Содан бері жеті ай өтті. Келіншегімнің аяғы ауыр. Бұйыртса, жақында әке атанамын. Бірақ қорқамын. Иә, біздің қатеміз емес, сонда да құдайдың қаһарынан, қанның бұзылуынан қорқамын.

Келіншегімнің анасы айтқан оқиғаның барлығын алыстан жүріп сұраттым, рас екен. Үйленіп қайта Ресейге кеткені, одан ажырасып, сол жақта өзге ұлттың қызына үйленгені, 47 жасында қайтыс болғаны... Бірақ ауылда ол ағамыздың бірінші әйелін танитын, қайдан, кім екенін білетін жан қалмапты. «Көп те тұрған жоқ, құдалық та шақырысып үлгермеген ғой аталарымыз. Сосын да тез ұмытылды. Мен ол кезде келін болып түспегенмін әл, көрген емеспін. Апаралымыз айтатын еді» дейді сол үйдегі жеңгеміз.


Қайын енем екеуміз сыр шашпауға серттестік. Бірақ мен шыдай алмадым. Бұрын жеті атадан асып, арнайы ру таратып барып үйлендіретін ата-бабамыздың қан тазалығын сақтауын қазір ғылым да дәлелдеп жатыр. Ал менің санауым бойынша келіншегім екеуміздің арамыз небәрі бес-ақ ата. Ол менің туысқан қарындасым болып тұр ғой?! Ал қан таза болмаса ертеңгі ұрпақтың денсаулығында кінәрат болуы мүмкін деседі.


Қазақтың анасы мен әкесіне, әулетіне қарап, сұрасып-білісіп құда болу себебінің бір түйінін түсінгендей болдым. Егер біз де солай құдаласып, үйленбей тұрып танысқанымызда мүлде үйленбес пе едік? Мұндай қателік орын алмас па еді? Анасы қызына бар шындықты айтып, бізді дер кезінде тоқтатар еді ғой?!


Құдайға шүкір, әзірге ешқандай қауіп жоқ, болмай-ақ қойсын. Бірақ жаным тынышталар емес. Келіншегімнің жүктілігін желеулетіп қасына да көп жолай бермеймін. Ал ол мені «өзгердің, біреуің бар» деп айыптап жүр...

Не істерімді білмей басым қатып кетті. Мұнан да мүлде білмегенім дұрыс еді...


Осылай деген Нұралы ендігі жерде қалай боларына көзі жетпейтінін, жүйкесіне салмақ түскенін айтады. Мұндайда кімге жүгінерін, кімнен ақыл сұрарын білмей отырғанын жеткізді...


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Күйеуім алаяқ сияқты»: алматылық келіншек күдігінің себебін айтты


«Сыныптасымнан туып алғым келеді»: 43 жастағы әйел мұңын айтты