​«Қатерлі ісік бар, көмектесіңіздерші»: алматылық азамат қалай алданғанын айтты

0
3 527

Әлеуметтік желілердегі "Аурумын, қайырымдылық жаса" дегендерге де, дәрігер диагнозына да бірден сене салуға болмайды.


​«Қатерлі ісік бар, көмектесіңіздерші»: алматылық азамат қалай алданғанын айтты

Дәрігерлер де пенде, олар да қателеседі. Сондықтан «қатерлі» деп қойылған алғашқы диагнозға сене салуға болмайды, басқа да медорталықтарға барып тексерілуге ерінбеңіз.

«Сеніңіз, бірақ тексеріңіз» деген сөз бекерге айтылмаған ғой. Көбіміз дәрігерлердің, УДЗ аппаратының диагнозына құдайдай сенеміз. Егер мен де қайталап тексеруден өтпегенде, қазіргі күйім не боларын кім біледі?!», - деген алматылық Елжас есімді апталдай азамат екі жыл бұрынғы оқиғасын еске алды.



Ол бұл туралы кеңінен ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді:

«Жазғы еңбек демалысымды пайдаланып, денсаулығыма бір көңіл бөліп, тексеріліп қояйыншы деп, жекеменшік медорталықтың УДЗ аппараттарына түстім. Оның директоры өзімнің сыныптасым еді. Ол мектеп бітіргенімізге 20 жыл толуына байланысты сыныптастарға барлық қызметке 50 пайыз жеңілдік деген. Жеңілдік десе, соны пайдаланып қалуға тырысатын пенде емеспіз бе?!

Мамандар ішкі құрылысымның бәрін жеке-жеке УДЗ-ге түсірді. Қабылдау бөліміндегі медбике екі күннен соң келіңіз деп шығарып салды. Екі күннен соң сараптама қорытындысын қолыма берді. Сыныптасымның кабинетіне кірдім. Ол қағаздарға ұзақ үңілді. Орнынан тұрды, қайта отырды, тыпыршып кетті.

Бір уақытта «Досым, бауырыңда қатерлі ісік бар, операция жасатпасаң болмайды» деді. Бауырым мазалаған емес. Еш жерімнің ауырмайтынын, жай жеңілдік деген соң тексеріле салғанымды айтып жатырмын. Іштей әзілдеп жатқан шығар деп, «20 жылдық басқосуға қатысып үлгеріппін ғой» деп, қалжыңдап күлдім. Ал ол күлген жоқ, салмақты түрде «Неғұрлым ертерек операция жасалса, өміріңді сақтап қалу мүмкіндігі бар» деді.

Бір-екі күн ауруыма мән бермей күліп жүргем. Қайдағы, ойламайын десем де, сыныптасымның «қатерлі ісік бар» деген даусы құлағымнан кетпейді. Бір айдың ішінде кәдімгідей жүнжіп, жүдеп кеттім. Адамды ой жеп қояды деген рас екен.

Қолым босай қалса ютуб каналынан «Комеди клаб» көріп, өзіммен-өзім ішек сілем қатып күліп отыратынмын. Комедия көру үшін ғана емес, әйеліңмен әңгімелесу үшін де көңіл күй керек екен ғой. Ешқайда барғым да, ешкіммен сөйлескім де келмейді. Тіпті жұмыс та істегім келмей қалды. Әйтеуір сол кезде демалыста боп әбүйір болған екен, әйтпесе жұмысқа да бармай қояр едім-ау?!

Бұрын біреулердің жазбасынан «Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалдым» дегенді оқығанда, сенбейтінмін. Рас, жұмыс істеп шаршасам да түнде ұйықтай алмай қалдым.

Операция жайында сұрап едім, қомақты ақша керек екен. Сондай-ақ бауырымының 80 пайызын алып тастайтын көрінеді. Одан кейін иммунитетім жақсы болса ғана бауыр өсіп қалпына келеді дейді. Қысқасы, операциядан кейін онкологиялық жасушалардың жойылуына кепілдік жоқ. Ал менде аурумен алысатын артық ақша жоқ, үйді ипотекаға алғанбыз, әлі 15 жыл төлеуіміз керек. Әйелім екіншісіне екіқабат. Шақшадай басым шарадай болды. Көп ойландым, бірақ мәселеден шығар жолды таба алмадым. Кепілдік болмаса, операция жасатып қайтем? Не де болса пешенедегіні көрем деп шештім.

Әй, сонда да өмір тәтті екен. Шыдай алмадым, үш айдан соң қаладағы басқа медорталыққа барып, қайтадан тексеруден өттім. «Бауырыңыз сау, өт сұйықтығы сәл қоюланған, оң жақ бүйрегіңіздің көлемі аздап ұлғайған. Қорқатын ешнәрсе жоқ» деді дәрігер. Мүмкін емес. Үш ай бұрын қатерлі ісік табылған еді. Кімге сенерімді білмедім.

Араға бір ай салып, үшінші клиниканың тексеруінен өттім. Ол да қорқатындай ешнәрсенің жоқ екенін айтты. Қолыма сараптама қағаздарын алып, сыныптасыма жеткенше асықтым. Дәрігер сыныптасым аң-таң. Ол мені кабинетінде қалдырып, өзі орталығындағы барлық маманға жиналыс өткізді. Жеке-жеке сөйлесіп, мен тексерілуге келген күннің қағаздарын ақтарды, тексерді. Бір шикіліктің шеті көрінгенін айтып, хабарласатынын айтып шығарып салды.

Қысқасы, қолыма сараптама қорытындысын ұстатқан медбикенің қателігі анықталыпты. Ол медорталықтың атын пайдаланып, «қатерлі ісікке шалдыққан» деген өтірік диагноз қағазын жасаудың шебері екен. Жағдайы жоқ таныстарының фотосын ақшаға сатып алып, солардың Каспий голд карточкасының нөмірін жазып, «Көмек беріңіздерші. Аурумын» дегенді жазып, әлеуметтік желілерде таратып, ақша тауып жүрген алаяқ екен. Табысты фотосын берген, видеоға түсіп әртіс болған таныстарымен бөлісетіні де анықталыпты.

Медбике қыз инстаграм парақшасына дайындаған ақпаратымен шатасып, соның басына менің аты-жөнімді жаза салған көрінеді. Қаншама ай түнерткені үшін, уайымға салғаны үшін медбикені сотқа беретінімді айтып ашуландым.

Сыныптасым медбикенің үстінен қылмыстық іс қозғалса, медорталығы жабылып қалатынын айтып жыларман болды. Медбикеден моральдық айыппұл өндіргенін айтып, қолыма қомақты ақша ұстатты. Істі ушықтырмауымды өтініп сұранды.

Несін айтайын, мен содан кейін ол сыныптасыммен байланысты үздім. Қайда барсам да сараптама қағаздарын ғана емес, біреудің сөзін де тексеріп көрмейінше сенбейтін болдым.

Жақында бір көршімнің келіншегі «Балаңыз ауру боп туылады» деген диагноздан кейін аборт жасатқанын естіп, «Сонда сене салдың ба? Неге басқа маманға барып тағы тексерілмедің» деп күйіндім. Мүмкін ол маман сауатсыз шығар, мүмкін қателескен шығар?! Ақ халат кигендердің де отбасында, жеке өмірінде мәселелері бар. Ойға шомып отырып, қателесуі әбден мүмкін. Сондықтан да қойылған диагнозға сену үшін басқа клиникалардың тексеруінен де өту артық етпейді...»

Иә, Елжастың айтқанындай, алғашқы диагнозға сене салуға болмайды. Тіпті «Сізде бәрі жақсы» десе де, басқа медоталықтың тексеруінен өтіп, көз жеткізген дұрыс-ақ.



Ұқсас оқиғалар:


«Үш қызымды 3 еркектен туғаныма өкінбеймін»: тараздық келіншек күйеуі білмейтін құпиясымен бөлісті

«Отбасылы еркекпен жүрме»: алматылық келіншек анасын тыңдамағанына өкінеді