«КЕЛІНІМ ТАМАҚ БЕРМЕЙДІ»: түркістандық келіншек атасының сөзінен талай рет таяқ жеген

0
8 691

​Түркістандық келіншек атасының алжып қалғанын ұзақ уақыт айта алмай жүріпті.


«КЕЛІНІМ ТАМАҚ БЕРМЕЙДІ»: түркістандық келіншек атасының сөзінен талай рет таяқ жеген

Жас ұлғайған соң ата-ененің есте сақтау қабілеті нашарлап, ұмытшақ боп қалады. Бірақ ұмытшақтық пен алжу екі бөлек. Бұны қарт ата-ененің қолында тұрған келіндер жақсы біледі.

«Егер кәрі адам қазір ғана шай ішіп, артынша үйіне келгенге «Келін шай бермеді, таңнан бері нәр татпадым» десе, бұл алжығандықты білдіреді», - дейді түркістандық Әлимаш есімді келіншек.

Ол үйінің кенже келіні, қолында қарт қайынатасы бар. Қайынатасының «Шай ішпедім», «тамақ жемегелі бір апта болды» деген сөздері үшін талай рет таяқ жеген екен. «Атам алжыған» десе, ұл-қыздары түтіп тастайтынын білгендіктен, келін үн-түнсіз қалуға тырысқан. Әрине кім болса да «әкең алжыған» деген сөзге шыдап тұра алмас.

«Мен олардың көзін жеткізудің амалын іздестірдім. Таптым. Сол күннен бері қайынағаларым мен қайынәпкелерім менің жағдайымды ұғып, ұрыспайтын болды. Керісінше көмектесіп, менің жағдайымды жасап әлек болады», - дейді түркістандық әйел.


Қарт ата-енемен тұратын әйелдерге ой салатын оқиғасын Әлимаш ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Үлкен отбасыға келін боп түстім. Күйеуім үйінің тоғызыншы перзенті. Ауылда тұрамыз. Ауылдың тіршілігі белгілі емес пе, таңмен таласып тұрып түнгі сағат 12-ге дейін тынбаймын.

Ата-енем, күйеуім төртеуміз ғана дегенімізбен, әр сенбі, жексенбі күндері қайынағаларымның балалары келеді. Жазғы каникулда қайынәпкелерімнің де ұл-қыздары келіп, у-шу боп жатамыз. Сол балалардың тамағы, кір қоңын жуудан басқа төрт сиырды сауу, сүтін пісіріп үлгерту оңай шаруа емес.

Қарт ата-ененің өзіне бөлек күтім керек. Оларды іздеп келетін жекжат ағайын да көп. Қазан оттан түспейді. Түске дейін қонақ күтіп оларды шығарып салсам, кешке тағы да сау етіп қонақ кіріп келеді. Бастапқы жылдары ағайын-туысы мен бауыры көп жігітке тұрмысқа шыққаным үшін өз-өзіме ашуланатынмын. Ол кезде әркімнің сөзін естіп жүйкенің шаршағанынан тірлік істеп шаршағанның әлдеқайда жақсы екенін білмеппін.

Сөзден жүйкенің шаршауын енем қайтыс болған соң көрдім ғой. Енем 78 жасында жүрекке жасалған операцияны көтере алмай қайтыс болды. Жұптары жазылмайтын қайынатам әйелінен айырылған соң бір аптаның ішінде тым қартайып кетті. Ешкіммен сөйлеспейтін болды. Ең сорақысы, атам мені енеммен шатастырып, «Әй, Тәттікүл» дейтінді шығарды.

Таңқалатыным, атам мен үйде жалғыз қалғанда солай атайды. Күйеуім вахталық жұмысынан келгенде айтсам, сенбеді. «Әкемді алжып қалған демекпісің?» деп айқайлап берді. «Енемнің өлімі психологиялық соққы болған-ау» дей бергенім сол, «Псих деп тұрсың ба?» деді де, шапалақпен салып қалды. Ашуын ноқталай алмағынын түсіндім де, бұдан кейін қайынатам туралы ешнәрсе айтпайтын болдым.

Бірде 15 күндік демалысқа келген күйеуімді атам жылап қарсы алды. «Келін тамақ бермейді, қарамайды» деді. Ақталып жатырмын. Күйеуім «Осы атаңның бір тамағын істеу қиын ба?» деп ұрысты, ренжіді. Сосын өзі тамақтандырды. Атам шынымен бір апта ешнәрсе жемеген адам сияқты. Қай уақытта тамақ ішкенін ұмытып қала береді.

Үйге кім келсе де атам «Қарным аш, келін шай да бермейді» деп жиі айтатын болды. Қайынәпкелерім шын көріп, мені отырғызып қойып жиналыс жасадыды. Еңбегімнің еш кеткеніне қынжылдым. Мен тіпті атамның түнде төсекке үлкен дәретін жіберіп қоятынын күйеуіме де айтпай, тазалап жүрмін. Ал ол мені жамандайды.

Уақыт өткен сайын атамның бұндай сөзі өрши түсті. Күйеуім мені екіжүзді әйелге балап, көңілі суыды. Тіпті бірде «Әкемнің шайын бере алмайтын болсаң, кете бер» деп те айтты. Ренжігені соншалықты бөлек жатып жүрді.

Бір күні көрші ауылда тұратын қайынағам үйінде ауызашар жасап, әкесін көлігімен алып кетуге келді. Қайынатам оған да мені жамандап, «тамақ бермейді» деп үлгерді. Қайынағам маған қатты-қатты сөйледі. Ауызашардан соң бәрі мені ортаға алып, ұрысты.

Үлкен қайынәпкем «Зейнетақысын жұмсағанда бәледейсің ғой, неге тамағын бермейсің? Қиын болса, өзім-ақ қараймын» деді. Не керек, мен жылаған күйі атамды сол үйге тастадым да, өзім төркініме кетіп қалдым. Атамның алжып қалғанына көздері жетсін дегенім ғой. Күйеуім бұл уақытта вахталық жұмыста еді.

Атам қайынағамның үйінде қалған. Түнде төсекке дәретін жіберіп қойыпты. Ертеңіне қайынәпкемнің алдынан шыққан атам «Кешегі бері тамақ ішпедім» деп, абысынымды жамандаған. Қайынәпкем шын көріп, «Келіндердің бәріне не болған? Бір әкеме қарай алмаса неғып жүр?!» деп бұрқан-талқан боп, үйіне алып кетіпті.

Арада екі апта өткен соң, екі қайынәпкем мен үлкен қайнағам келді. Атамды көліктен түсіріп, үйге кіргізді. Қайынәпкем терең бір күрсінді де «Әлимаш, сен сияқты ешқайсысымыз әкемізге қарай алмайды екенбіз. Алланың нұры жаусын саған. Ризамыз» деді. Сосын күйеуіме қарап, «Алла сендерге сабыр берсін. Алжыған әкеміздің тілін табу қиын екен» деп, арқасынан қақты. Кетерінде «Келіншегіңе әдемі көйлек әпер» деп, ақша ұстатып кетті. Аузым ашылып мен тұрмын.

Содан бері бір жылдай уақыт өтті. Қайынатам бұрынғыдай мені жамандауын қоймаған, бірақ ұл-қыздары әкесінің сөзін естігенде жымияды да қояды. Олар алжудың да бір ауру түрі екенін, бірақ емделмейтінін түсінген сияқты.

Тірлігім сол баяғы азаймаған, бірақ қайынәпкелерім мен қайнағаларымның маған деген құрметі өскен. Бәрінен де бұрынғыдай ұрсып, жүйкемді тоздыруды доғарғанына қуанам...»


Әлимаш күйеуі де әкесінің алжығанын түсінгелі құрметпен қарайтынын айтты. Ол «Бала сияқты боп қалған қарт ата-енелердің қолында тұратын келіндер құрметке лайықты» дейді. Рас. Сіз ше, ата-енемен бірге тұрасыз ба?


Ұқсас оқиғалар:


«Көлік соқты, полицейге ұсталды»: Алғашқы кездесуде болған жайттардан шымкенттік қыз әлі ұялып жүр

«Тоңазытқыш аламын деп сотталып кете жаздадым»: шымкенттік жігіт қалай алданып қалғанын айтып берді