​«Кереуетімді айналып, түйінделген жіп тастап кетті»: сарыағаштық бойжеткен ауруханада көрген оқиғасын баяндап берді

0
2 008

«Сол жағдайдан кейін палатада түсініксіз жағдайлар орын алды»


​«Кереуетімді айналып, түйінделген жіп тастап кетті»: сарыағаштық бойжеткен ауруханада көрген оқиғасын баяндап берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Сіздер қарғыс, дуа, ауыртпашылықты біреуге аудару дегенге сенесіздер ме? Ал мен сенемін. Себебі мұндай жағдай осыдан он жыл бұрын менің басымнан өткен», - дейді Алуа есімді сарыағаштық бойжеткен.


Жазатайым биіктен құлап, бел омыртқасын зақымдап алған Алуа ауруханада жатқанда ерекше оқиғаның куәсі болыпты. Басынан өткен жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Бала күнімде тынымсыз едім. Ауылдың жағдайы белгілі ғой, сатымен шатырға өрмелеп шығу біз үшін түк емес еді. Әке-шешем де оны ауыр тірлік көрмейтін, баудағы алмаларды қақ қылып турап, бізге шатырға жайғызатын. Сондай күндердің бірінде саты артқа қарай ауып кетті де, ең ұшында тұрған жерімнен жерге жалп ете қалдым. Ол кезде әлі баламын, он үш-он төрт жасым еді. Әкем дереу жедел жәрдем шақырып, облыстық ауруханаға әкеп жатқызып қойыпты. Екі омыртқам сынған екен.


Мен орналасқан палатада өзіммен шамалас Ләйлә, Аружан деген қыз жатыр екен. Үшеуміз тез тіл табысып кеттік. Күн сайын Аружанның анасы келіп, ыстық тамағымызды беріп кететін. Арада апта өткенде Лена деген орыс қыз қосылды. Жағдайы тым ауыр екен, үш омыртқасы сыныпты, сондықтан дәрігерлер анасының қалуына рұқсат етіпті.


Ленаның анасы маған бір көргеннен ұнаған жоқ. Қашан көрсең қабағы қатулы, өзімен-өзі тоқыма тоқып бір бұрышта отыратын. «Ол маған ұнамай қалатындай не істеді сонша. Әңгімелесіп, жақын тартып көрейін» деп қанша оқталсам да, өзін бізден алшақ ұстайтын.


Бір күні бәріміз шырт ұйқыда жатқанбыз. Палатада әлдекімнің күбірлеп жүргенін байқап қалдым. Жаймен көзімді ашып қарасам, әлгі Ленаның мамасы менің кереуетімді айналып, орысша бірдеңелерді күбірлеп жүр. Қорқып кеттім. Орнымнан атып тұрайын десем белім мүмкіндік берер емес. Бір уақта орыс әйел Аружанның төсегінің жанына барып жаңағы сөздерін тағы қайталады. Соңынан тартпасын ашып, бірдеңені салып қойды.


Ертеңіне денемді зіл басып қалғандай, белім шыдатпай ауырып тұрдым. Дәрігерлер келіп тексеріп еді, мардымды ештеңе айтпады. Сол күні Аружанның мамасы палау пісіріп әкелген екен, кетерінде түнде көрген жағдайды жасырмай айтып бердім. Менің әке-шешем Сарыағашта, аптасына екі-ақ рет келеді. Бар сенерім Аружанның шешесі еді.

«Әпше, маған сенбесеңіз Аружанның тартпасын қарап көріңізші, орыс әйел бірдеңе салып кетті» дедім. Айтқандай-ақ тартпадан қызыл-қара түсті, түйінделген жіп тауып алды. Дереу менікін қарап еді, менен де тура сондай жіп табылды. Аружанның анасы қатты ашуланды.

«Мынау кімнің ісі? Мындағы қыздардың ешбірі қозғала алмайды, палатада сен ғана жүрсің. Сенің тоқымаңның жібі ғой» деп Ленаның шешесін тығырыққа тіреп еді, ақыры мойындамады. «Маған жала жауып отырсыңдар, үстеріңнен шағымданамын» деп өзімізге доқ көрсетті.


Арада оншақты күн өткен. Түн ортасында «тарс» еткен дыбыстан оянып кеттім. Аружан төсегінде тұрып отыр екен. Ленаның анасы Аружанның сүйеніп жүретін қолтық таяғын жерден көтеріп жатыр. Сол кезде Ләйла да оянды.

«Бізді бірдеңені сезіп қалды-ау» деді ме, Ленаның анасы «Балдақ құлап кеткен, екен соны көтеріп жатырмын. Алаңдамай ұйықтай беріңдер» деп өзінше, бізді тыныштандырған болды. Бірақ біз ол кісінің сөзіне сенген жоқпыз. Ертеңінде Аружанның анасы араға таныстарын салып жүріп Лена мен оның шешесін басқа палатаға ауыстырып жіберді.


Бір таңданарлығы, кішкентай Ленаның жарақаты үшеумізден де ауыр болғанымен, ауруханадан бізден бұрын шығып кетті. Ал біз, Аружан екеуміз тағы бір ай жаттық. Сол аралықта біздің палатада небір түсініксіз жағдайлар орын алды. Дәл осындай күздің қара суығы еді. Құлыптаулы тұрған тереземіз кенет ашылып кетіп, дымы қалмай қирап түсті. Аң-таңбыз. Алдында ғана мейірбикелер келіп, арасына мақта тығып, желімдеп жапсырып кеткен-тұғын. Сонда ол қалай өздігінен ашылып, құлап қалды? Дәрігерлер де таң қалды. Бізді кінәлайын десе, терезе құлататындай біздің ешқайсымыздың шамамыз жоқ. Бәріміз де балдаққа сүйеніп жүрген жас балалармыз.


Дәл сол күні тағы бір қызық оқиға болды. Тумбамның үстінде тұрған су өзінен өзі ауаға көтерілді де, қақпағы ашылып, төгіліп қалды. Оны Аружан да көріп, екеуміздің зәре-құтымыз қалмады. Шынын айтқанда әлгі палатада қалуға қорықтық. Мен дереу әке-шешеме, Аружан өз анасына хабарласып, қолхатпен үйге алып кетулерін өтіндік.


Сарыағашқа келген соң мамам ауылдағы ең білікті емші-көріпкелге ертіп апарды. «Қызымның көзіне әрдеңе елестеп жатыр. Алдында тұрған заттар өздігінен қозғалады екен» деп сырын айтып еді. Көріпкел апа бірдеңелерді күбірлеп оқыды да, «Қызың ауруханада жатқан екен. Жанында ниеті жақсы емес адам болған. Сол өз қызының бойындағы бүкіл ауыртпашылықты сендерге аударған. Қара магиямен айналысады екен. Судың төгілгені, әйнектің сынғаны қара магиямен айналысатын әйелдің тірлігі. Өз қызының бойындағы дертті осылайша тарқатпақ болған» деп шындықты жайып салды. Содан жеті күн қатарынан мені оқып, дем салып, содан кейін ұйқым тынышталды.


Арада он жыл өтсе де осы бір оқиға менің есімнен кетер емес. Өмірдің ақ пен қарадан тұратынын ескерсек, дуа, сиқыр жасайтын адамдар да арамызда жүруі мүмкін. Сондықтан сақ болғайсыздар! Бәле-жаладан сақтасын, аяғымызды аңдан басайық».