​«Киімін өзі жуады»: Шымкенттік келіншек атасына қалыңдық іздеп жүр

0
3 308

"Қанша рет «ата, өзім жуамын» десем де апам қайтқалы ішкиімі мен шұлығын, жатар киімдерін жууға бермейді"...


​«Киімін өзі жуады»: Шымкенттік келіншек атасына қалыңдық іздеп жүр

Қазақта «орта жолға келгенде атың өлмесін, орта жасқа келгенде қатының өлмесін» деген сөз бар. Еркектің жайын баласынан артық түсінетін әйелдің қадіріне байланысты айтылатын бұл сөзді шымкенттік келіншек өзінің атасы жайлы әңгімесімен растай түседі.

ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген оқиғасында ол қайынатасына қалыңдық іздейтінін де жеткізді.

- Атам қызметте болған кісі, жасы 64-те. Зейнет жасында болса да үйдің шаруасын 40-тағы баласынан артық істейді. Анау-мынау жігіттер ілесе алмайды ол кісінің істеген жұмысына. Білімді, мейірімді, шаруақор атам екі жыл болды, жалғыздықтың күйін кешіп жүр. Енем марқұм 60-қа қараған шағында ауырмай-сырқамай дүниеден өтіп, мәңгілікке кете барды. Жиырма жылға жуық қызмет еткенімде бір жері ауырып қабағын кірбің шалғанын көрмеп едім. Кешкісін ұйқыға жатып, таңертең оянбады... Енді атам жалғыздықтың азабын қатты тартып жүр, - дейді өзін Айгүл деп таныстырған келіншек.


Айгүлдің айтуынша, екі қайынсіңлісі мен қайнағасы әкелерінің екінші рет үйленуіне қарсы болған көрінеді. Тіпті, сол үшін Айгүлге ауыр сөздер айтуға дейін барған.

- Кімнің жағдайы қандай екенін тек бірге тұрған адам ғана біледі. Атамның күнде шайын беріп жүрген менен артық қазір оны ешкім түсінбейді. Бұрын апам екеуі оңаша бөлмелерінде отырып тәттімен шай ішіп, өздерінің қалаған сериалын көріп, әңгімесін айтып отыратын бір мезгіл. Балалар шулап кеткенде бір уақ тынығуы үшін бөлмелеріне бар жағдайды жасап бергенбіз.

Қазір атам ол бөлмеге тек жатар орынға ғана кіреді. Ашығын айтсам, кіргісі келмейді. Жалғыздықтан жабырқайды онда. Сосын шаршаса да балалардың ортасында, даладағы шаруамен айналысып кетеді. Соңғы кезде тіпті, ауыр жұмыстарға дейін бел шеше кірісіп жүр. Бұрын олай етпейтін. Денсаулығына қараушы еді. Сондай кездері сырттынан қарап тұрып «мені де алып кетсе» деген ниеті бар ма деп қорқынышпен ойлаймын. Әңгіме де айтпай түйіліп алды ішінен.

Бір күні атамды үйлендіру жайында күйеуіммен сөйлесіп көрдім. Алғашында шоршып түсті, бірақ кейін түсіндірген соң «басқалар не дейді, қыздар көнбес» деп ойын айтты. Содан кейін қайнағаммен барып сөйлестік. Егер қасында бірге шайын ішіп, ауырғанда қасынан үнемі табылатын бір әйел болса неге үйлендірмеске? Біз таңнан кешке дейін жұмыстамыз, демалыс күндері атаммен сөйлесіп отыруға тағы уақыт таппаймыз. Басқа ұл-қыздары да жиі келе бермейді, өз отбасылар бар. Балар да күндір бірі келіп, бірі кетіп жатады сабақтарына. Бұлай жалғызсырай берсе ауырып қалуы да мүмкін ғой?!

Осының барлығын айтқаннан соң қайнаға мен абысыным да қолдады. Бірақ қыздар қарсы болды. «Шәйін беруге ерінсеңдер, алып кетем!» деп маған ауыр сөздер айтып ұрысып кетті. Әрине, аналарының орнын бөтеннің басқанын кім қаласын? Оңай емес, бірақ әкенің де жағдайын ойлау керек шығар?!


Айгүл содан кейін атасын үйлендіру жайында сөз қозғамаған, қайынсіңлілерінің көзін соған жеткізгісі келіпті. Өзі бір апта үйде болмағанда қайынсіңлісінің бірін атасына қарай тұру үшін шақырған.

- Апталық оқуға кететін болдым да, үйдегі жағдайды көзбен көрсін деп үлкен қайынсіңлімді шақырдым. Атамның шұлығы мен ішкиімін жууға маған бермейтінін өз көзімен көрсін дедім. Жалғыз өз жабырқап жүргенін, апам кеткелі қабағы ашылмайтынын, оңаша қалса тұржырап, күрсінісі көбейетінін де көзімен көрсін.

Қанша рет «ата, өзім жуамын» десем де апам қайтқалы ішкиімі мен шұлығын, жатар киімдерін жууға бермейді. Кейде бөлмесіне кіріп алып жуып қойсам, маған қатты ренжитін. Ол кісінің киімін өмір бойына тек апам ғана жуыпты. Тіпті, қыздарына да бермеген екен. Моншаға түскенде киімін қоса жуып шығатынын көргенде жүрегім ауыратын еді. Күйеуім де әкесін қанша үгіттегенімен көндіре алмаған.

Оқудан келгенімде қайынсіңлім бәрін түсініпті, көріпті. «Шынымен, әкеме сүйеу болатын біреу керек екен» деп мойындады. Сіңлісіне де өзі айтты.

Қазір енді өзіммен бірге тұратын түсінігі мол, атама жар, маған ене болатын жанды іздеп жүрміз. Бір-екі әйелмен танысып көрдім, жеке тұрғысы келетіні ұнамады, - дейді атасының қамын ойлаған келіншек.


Айтуынша, атасын көндіру де оңайға соқпапты. Басында ат-тонын ала қашқан атасы балаларының бәрі жиналып келіп айтқан соң ғана әзер көнсе керек.

- «Менің немерелерімді, балаларымды жатсынбайтын жан болса ғана, әйтпесе қартайғанда қылық ашқым кеп тұрған жоқ» деген атамның сөзі. Енді сол талапқа сай, атаммен бірге құдайдың берген жасын жасап, немерелерге әже болып, бізге ана болатын жанды іздеп жатырмыз, - деген келіншек бүгінгі жайын да жасырмады.

«Қартайғанда не болды?» демей, қайта осы жаста серік керек екенін мойындау керек. Жас болса, жарасып кететін жан, қиындығыңды көтеретін дос табылады. Ал қартайды деп жалғыз қалдыру дұрыс емес. Қай жаста болсын, адам өзін бақытты ететін қадамды жасай беруі керек», - деп санайды ол.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Күнәсі көп анам МОЛДА болғанымды қалады»: қызылордалық жігіт ренішін айтты


«Кәрі атасын арбаға отырғызып ақша тапқан»: жамбылдық азамат сұмдық оқиғаны айтып берді