«Көңілдесті қимаймын, балаларым түсінбейді: шымкенттік әйел таңдау жасауда қиналып отырғанын айтты

0
7 477

«Күйеуім тоқалын таңдап еді, ақырында араққа салынып кетті»


«Көңілдесті қимаймын, балаларым түсінбейді: шымкенттік әйел таңдау жасауда қиналып отырғанын айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Жалғыз әйелдің күні құрысын. Құдай о баста еркек пен әйелді бір-біріне жұп қылып жаратқасын, жалғыз өмір сүру өте қиын екен. Бірақ соны айналамдағы адамдар түсінбей, жанымды жаралайды», - дейді ERNUR.KZ тілшісіне хабарласқан Нұрсұлу дейтін әйел.


Бүгінде өзі тұратын ауданда көкөніс, жеміс-жидек сататын оқырманымыз көпшіліктен ақыл-кеңес сұрап отыр.


«Жиырма екі жыл отасқан күйеуіммен ажырастым. Осы уақытқа дейін әр тірліктің басын бір шалып, мардымды табыс таппаған күйеуім менің көзіме шөп салып, жүрегімді қатты жаралады. Бір күйетінім, күйеуімнің бар еркелігін көтеріп едім. Өзім саудамен айналысып жүріп үлкен етіп үй тұрғыздым. Оған несиеге қымбат көлік әпердім. Ал ол сол көлігімен көңілдесін қыдыртып, сайран салып жүріпті.


Біздің ажырасуымыз өте ауыр болды, оның опасыздығына көндіге алмай, төбелесуге дейін бардық. Көлікке, үйге таластық. Көңілдесін тауып алып, оны да оңдырмадым. Ержетіп қалған балаларыма да оңай тимеді. Бірақ жеме-жемге келгенде күйеуім көңілдесін таңдап, бізден кетіп тынды.


Отбасылық мәселеден кейін күйзеліске ұшырап, бір жылдай жұмысты тоқтатып қойдым. Күні-түні төсектен тұрмаймын, ас ішуге де шамам жоқ, нервтен буын-буындарым ауырып, өз денемді көтере алмайтын хәлге жеттім. Баяғыдай ағыл-тегіл ақша жоқ, балалар да ішіп-жемнен қинала бастады. Осы кезде марқұм анам көп жәрдем берді. Етін еттей, сүтін сүттей тасып, немерелерін асырады.

Бір күні екі балам мен қызым отырғызып қойып әбден ұрысты. «Қашанғы осылай жатасың? Саған біз емес, бай ғана керек пе сонда?» деп реніштерін білдіргенде, бірден есімді жинадым. Кеткен бай кетті, қалған өмірімді балаларыма арнаймын деп шештім. Бұрынғы саудама қайта шығып, екі бүйіріміз томпайып, бетімізге қан жүгіре бастады.


Араласып жүрген құрбыларыммен «гәп» ойнап, ара-тұра кафелететінбіз. Сондай күндердің бірінде бір еркекпен таныстым. Әйелінен ажырасып, бөлек тұрып жүрген екен. Бірден маған ғашық боп, артымнан қалмай қойды. Оған деген көңілім болмаса да, жанымда жүруге рұқсатымды бердім. Қайрекең жалғызсырап жүргенімде жаныма демеу болды. Алғашында қыз бен жігіт сияқты тығылып кездесіп жүрдік.


Арада бір жылдай уақыт өткенде ол «жарыққа» шыға бастады. Қайтемін? Саудаға жәрдем беретін адам керек. Өзім көлік айдай алмаймын, ал Қайрекеңнің көлігі бар. Таңғы төрт-бесте көтерме сауда базарына барып, керек-жарағымызды аламыз. Жәшіктерді көтеріп, көлікке тиейтін адам керек. Соның бәріне ол кісі жәрдем береді.

Ал ұлдарым, өкінішке қарай ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге дәнігіп алған. Әкелері сияқты жалқаулау. Таңғы сағат алтыда тұрып, менің тауарларымды әрлі-берлі таситын олар ма? Бар тапқан-таянғанымды солардың ауыздарына тығамын. Жұрттан кем болмасын деп киім әперемін. Ал «көңілдесім» Қайрекең еш ренжімейді. «Сені қатты жақсы көремін, аяймын, жалғыз өзіңе оңай емес қой. Сондықтан да бәріне көнемін» деп ашық айтады. Өзі менен бір тиын сұраған емес. Өз табысы өзіне жетеді. Оған өз басым сенемін.


Менің өміріме Қайрекең келгелі үйден тыныштық кетті. Ержетіп қалған екі ұлым қабылдай алмай, сойқан-соқыр көрсетіп жатыр. «Альфонс» деп намысына тиеді. Ішіп алып Қайрекеңді ұруға дейін барды. «Сенің басқа еркектің қойнында жатқаныңды көргім келмейді» дейді. «Олай болса таң сәріде тұрып, менімен бірге саудаға шығыңдар, ауырымды жеңілдетіңдер» деп кесіп айттым. «Мақұл, бәрін өзіміз қатырамыз» деп Қайратты үйден қуып шықты. Бірақ берген уәделері екі аптадан аспады. Таңертең ұйқыларын қимай, жатып алады. Амал жоқ, такси жалдап өзім кетем. Әбіржіп, денсаулығым құри бастады. Менің шаршап жүргенімді Қайрат біреулерден естіп, біліпті. Дүкеніме іздеп келгенде жылап жібердім. «Мен сені жалғыз тастап кетпеймін» деп құшағына қысып, маңдайымнан сүйді.


«Зіңгіттей балаларыңның көзінше бөтен еркекпен жүру жақсы емес, ұялмайсың ба?» деп базбіреулер ақыл айтқанда не айтарымды білмей қалам. Шынында да жасым елуге таяғанда менің мынау қылығым ұят қой деп ойлаймын да. Ал жанашыр жандар «Кетер күйеуің кетті, енді өз өміріңді ойла, балаларың кішкентай емес, өз күндерін өздері көрсін, жұмыс істеп ақша тапсын, масылдыққа үйретпе» дегенде тағы ойланамын.

Қайсысы дұрыс? Бауыр етім балаларымды ренжітіп қойып жайбарақат жүре алмайтын сияқтымын. Бірақ ертең бұлар үйленіп, тұрмысқа шығып, кеткенде жалғыз қалып кетуден қорқамын.


Қысқасы, шақшадай басым шарадай болды. Шынымды айтсам, өмірден шаршадым. Тіпті туған-туысқан, таныс-тамырлардан да қатты ұялатын болдым. Жұрттың бәрі мені өсектеп, сөз ететіндей, қарадай қысыламын. Бірақ күн көру керек, мен бір күн саудаға шықпадым ба, сол күні үйде тамақ жоқ деген сөз. Ал әкелерінен еш қайыр жоқ. Көңілдестен көңілі көншіп, жағдайы жақсы болмады, менің налам жібермеген шығар, ішімдікке салынып кетіпті...»