​«Көрші боп тұрсақ та абысыныммен бес жыл сөйлеспедім»: шымкенттік әйел себебін айтты

0
2 964

Ол абысынымен татуласқан соң өмірінің қалай өзгергенін айтып берді. Сіздің ше, абысыныңызбен қарым-қатынасыңыз қалай?


​«Көрші боп тұрсақ та абысыныммен бес жыл сөйлеспедім»: шымкенттік әйел себебін айтты

«Өмірде адамның ойына келмейтін оқиғалар болып жатады. Адамның қолымен бүлдірілген нәрселерді, адам өзі жасаған оқиғаларды түзеуге болар, ал Алланың ісіне ешкім қарсы келе алмайды екен. Бірақ бұны пенде болған соң кеш түсінеміз. Адамның өліміне біреуді кінәлау дұрыс емес екен», - дейді шымкенттік Гүлдәрі есімді әйел.

Ол күйеуінен айырылғанына бес жыл абысынын кінәлап келгеніне, соншама уақытты араздасумен өткізгеніне өкінеді. Ренішке себеп болған оқиғаны ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.



«Күйеуім ішімдікке жақын болатын. Күнде ішпейді, бірақ мерекелерде және той-томалақтарда есін жоғалтқанша ішетін әдеті бар. Сосын бір апта «бас жазады». Қызуқанды, алыпұшпа. Ал қайнағам арақты татып алмайды, намазхан. Бір құрсақтан шықса да екеуінің мінезі де, болмысы мен түсінігі де мүлде ұқсамайды.

Ағалы-інілі бір-бірімен көрші. Ал екі абысын апалы-сіңлілердей тату, құрбылардай сырлас болдық. Бірде абысынымның күйеуі жұмысынан шығып қалып, біраз ай үйінде отырды. Сол аралықта абысыным жұмысына күйеуінің көлігін айдап барып келіп жүрген. Бірде ол көлігімен жол жиегіндегі шұңқыл жерге түсіп кеткенін, доңғалағы жарылғанын, оны ауыстырғанымен, доңғалақ бекіп тұратын бір бөлшектері сынғанын айтты. Доңғалағын ауыстырған жігіт сынған темірлерді жөндемейінше көлікті ұзақ жолға айдауға болмайтынын ескертіпті.

«Бірақ күйеуіңе айтпашы, оның аузында сөз тұрмайды ғой. Қайнағаңның құлағына жетсе өмірбақи мені көлік руліне отырғызбай қояды. Оған білдірмей бұзылған жерлерін жөндетуім керек» деді абысыным. Мен күйеуімнің табысына қарап отырған әйелмін. Жұмыс істемеймін. Ал күйеуімнен ақша сұрауым үшін оған шындықты айтуым керек. Күйеуім алдағанымды бәрібір біліп қояды, тәптіштеп сұрай берген соң мен айтып қоямын. Қысқасы, мен қарыз тауып бере алмадым. Абысыным жұмысына жаяу барып жүрді.

Бір аптадан соң күйеуімнің туған күнін тойладық. Бір ішсе тоқтай алмай қалатын әдеті бар. Аяқ астында алакеуім уақытта сыныптастарымен кездесу ұйымдастырып, Қазығұрт ауданындағы бір кафеге баруға асығады. Ентелендеп қайнағасына барып, ауданға жеткізіп салуын сұранады. Інісінің мас кезде сөзді ұқпайтынын білетін қайнағам есік алдында тұрған көлігімен жолға шығады. Үлкен жолда қатты айдағанда уақытша кигізіп қойған доңғалақ шешіліп кетеді. Рульді меңгере алмады ма екен, қарсы жолға түсіп кетіп, жүк көлігімен соғысқан. Оқиға болған жерде екеуінің де жаны үзілген.

«Қайнағама көліктің ақауын айтқанда ол рульге отырмас еді. Күйеуімнің өліміне сен кінәлісің» деп жыладым. «Қалтасы үнемі томпайып жүретін күйеуіңнен ақша сұрай алмай қалдың ғой сызылып. Ақша алып бергеніңде екеуі де аман болатын еді. Екеуінің де өліміне сен кінәлі» деп, абысыным мені кінәлады.

Не керек, бір-бірімізді айыптадық, жазғырдық. Қоңсы тұратын, бір үйдің келіндері бір күнде жесір қалады деп кім ойлаған. Құрбылардай сырласып жүрген екі әйел бір адым жерде тұрып, бір-бірінің үйіне бармайды дегенге де ешкім сенбес. Біз сол оқиғадан соң бір-бірімізді көрсек те амандаспайтын болдық. Ол баратын жерге мен бармаймын. Балаларымызды да араластырмай қойдық.

Бес жыл бойы сөйлеспедік. Татуластырмақшы болғандарды да, ажал әр түрлі жолмен, бірақ тек Алланың әмірімен ғана келетінін түсіндіргісі келгендерді де тыңдамадым. Абысынымды айыптауды доғармадым. Мүмкін абысыным кеп кешірім сұрамағанда мен әлі де теріс қарап жүре берер ме едім, кім білсін?!

Абысыным жасы да, жолы да үлкендігіне қарамай, жақында өзі үйге келді. «Менің күйеуім аман қалып, сенікі өлсе түсінер едім. Екеуміз мұңдаспыз ғой. Балалармен жалғыз қалған бір-бірімізге сүйеу болайық. Реніштің бәрін ұмытайықшы» деп, қапсыра құшақтап алғанда, көңілім босап кетті. Ал ол көліктің ақауын дер кезінде күйеуіне айтпағаны үшін кешірім сұрағанда бес жыл бойы мұз боп қатқан өкпе-реніш еріп сала берді.

Солқылдап жыладым. Көңілімдегі айыптау, кінәлау секілді кір сезімнің бәрі көзімнің жасымен жуылып кеткендей, құшақтасып татуластық...

Татуласқалы тірлікті жапырып істеп, балаларымды, өмірді қайтадан жақсы көре бастағандаймын. Түсінгенім, кешіру өмірді қайтадан сүюді, күлуді, жоқты ойлай бермей барды бағалауды үйретеді екен. Жақын адамдардың бір-біріне кешірімшіл, тату болғанына ешнәрсе жетпейді екен. Сыйластықтың да бақыт сыйлайтынын енді түсіндім...»


Иә, өлім ешқашан айтып келмейді. Және оған дәрігер де, дәрі де, көлік те кінәлі емес. Олар жай себепші ғана. Кеткен адамды да, ренішті де көңілде сақтамай, азат ете білген абзал.


Тағы да оқыңыз:


«Көріпкелдің болжамынан қорқып тұрмысқа шықпадым»: жамбылдық қыз қателігін айтты


«Әйелімнің тағы бір ұл туғанына қарсымын»: талдықорғандық азамат себебін түсіндірдіебебін түсіндірді