«Көршімнен көресімді көріп жүрмін»: шымкенттік келіншек көршісінен әбден зәбір көргенін айтты

0
1 535

«Жиырма жыл осы үйде тұрсам да, осыншалықты ұяттан безген көршіні бірінші мәрте көріп тұрмын»


«Көршімнен көресімді көріп жүрмін»: шымкенттік келіншек көршісінен әбден зәбір көргенін айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Қазақта «Үй таңдама, көрші таңда» деген жақсы сөз бар. Жақсы көрші ағайыннан да артық болады. Басыңа қиын іс түссе ең бірінші көмектесетін де сол көршің. Сондықтан қазақ о бастан көршімен тату тұруды мақсат еткен. Дегенмен адам аласы ішінде. Көршінің бәрі бірдей емес екен», - дейді Мөлдір есімді шымкенттік келіншек.


Айтуынша, көршісі оған күн көрсетпейді екен. Себебін Мөлдірдің өзі ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.


«Ауылда өскен қазақтың қарапайым қызымын ғой. Көршілердің бәрі ұйымшыл, бірінің үйінде той болса, бәрі жабылып тірлігін істеп, ағайыннан озып кететін. «Мынау сенің үйің, мынау менің балам» деп бөлмейтін. Көршінің үйіне қона салатынбыз, өз баласындай тамағын беріп, балаларымен моншаға түсіп дегендей, туысымыздай араласып тұрдық. Әлі солай, ауылға барсам әрқайсысы тамаққа шақырып, күтіп жібереді.


Қалаға келген соң үй аларда алдымен көршілерді сұрастырдық. Көпқабатты үйлерде өздеріңіз білесіз, көбіне өзге ұлт өкілдері тұрады. Айналамыздың қазақ болғанын қаладық. Солай болды да. Төртінші қабатта тұрамыз. Жанымыздағы екі үйде қазақтар тұрады. Екінші қабатта да Жетісай жақтан көшіп келген кісілер екен. Бәрімен сырласып, сыйласып кеттік. Айына бір мәрте көрші шай ұйымдастырып, наурызда аулада балаларға Наурыз той ұйымдастырып тұрдық. Бір жерге кетіп бара жатсақ балаларымызға қарап қала беретін. Сондай ақкөңіл, ашық-жарқын кісілер еді.


Бірақ жетісайлық көршілер жер үй салды да, сол жаққа көшіп кетті. Қарсы пәтерде тұратын Салиха апайымызды ұлы қолына алды да, пәтерін жалға беріп кетті. Жалға алған адамдар жұмысбасты кісілер, көп көрмейміз.


Ал енді бізден жоғары тұрған пәтерге үш жыл алдын жас отбасы көшіп келді. Өзіміздің қазағымыз келді ғой деп жолдасым екеуміз қатты қуанғанбыз. Сөйтсек көретініміз алда екен ғой. Қазір бар уайымымыз солар болды.


Жаңа көрші келіншектің есімі Зәуре екен. Бір мәрте тамаққа шақырғанбыз, «әуре болмаңыздар» деп келмей қалды. Солар үшін әбден дайындалғам ғой, «мұнысы несі?» деп жолдасым екеуміз аң-таң болдық. Кейін сұрастырсам, күйеуі екеуі бірнеше жыл бала сүйе алмай, әбден емделіп, тоғыз жыл дегенде егіз ұл тапқан екен. Солар басымызға бәле болды. Тым тәртіпсіз екен, диваннан жерге қарай секіргенде төбеміз ойылып кетердей гүр сете қалады. Ол-ол ма, балалары балконнан жайып қойған киімдеріме су төгіп, қоқыс тастап, әбден мезі етті.


Басында сыпайылық сақтап, баланың аты бала ғой деп үндемейтінбіз. Кейін көрші келіншектің өзіне жайлап айтып көрдім. «Мақұл, кешіріңіз» деп жүретін. Бірақ одан нәтиже жоқ. Үдетпесе, қоятын түрі көрінбейді.


Бір күні ас үйде тамақ істеп жатсам, көрші келіншек үлкен кілемшесін алып, терезеден қағып тұр. Бұрқыраған шаң. Терезем ашық тұрған. Шыдай алмадым. «Зәуре, мұның не? Мен тереземді кеше ғана сүрткен едім, сен бар шаңыңды қағып тұрсың. Ұялмайсың ба? Жерге түсіп, аулаға қақсаң қайтеді?» деп дауысымды қаттырақ шығардым. Зәуре ханымның шынайы бет-бейнесі осы кезде ашылды ғой.


«Ұялмаймын, енді осы үшін бесінші қабаттан түсуім керек пе екен. Не болды сонша, бір емес, екі емес тиісе бердіңіз. Өзім білемін, баратын жеріңізге барыңыз!» деп доқ көрсетпесі бар ма? Мұндай жауап күтпегенмін, сасып қалдым. Мен мұны құдайы көршім деп сыйлап жүрмін ғой...


Күз бітіп, жылыту маусымы басталатын кез, балалармен сабақ орындап отырғанбыз. Қонақ бөлмеден біртүрлі дыбыс шықты. Бұл не деп ойлап үлгермедік, төбемізден су тамшылап, терезенің түбінен кәдімгідей сарылдап су аға бастады. Дереу көршінің үйіне жүгірдім. Зәуренің кілемі судың бетінде қалқып жатыр. Өзі жылу құбырын бітей алмай әлек. Шелектеп су тасып жатыр. «Алла сабыр берсін, күйеуіңе айтсайшы, келіп, мынаны өзі қадағаласын. Біздің үйді де су алды» деп мән-жайды айтып кеткенмін. Көршілеріміз сол бойы ат ізін салмады ғой.


«Бізден су кетті, сіздер қатты зардап шектіңіздер ме, көрейікші, әдейі істемедік» деп бір келсе мейлі ғой, қазақпыз, түсіністік танытуға болар еді. Олар өз үйін құрғатып, кептіріп алды да, түк болмағандай жүре берді. Екі күн өткен соң өзім бардым. «Ау, көрші, сендерде ұят бар ма, су өтіп кетіп еді, қалайсыңдар, не көмек керек деп бір кірмегендерің қалай?» деп айқай шығардым. Күйеуі ақталып әлек, «Зәуреге бар деп едім, кірмеді ме? Айып етпеңіз, бар шығынды өзім төлеймін» деп мыңғыр етті. «Әйелің келген жоқ, келмек түгілі бізбен амандасуға жарамайды. Сондықтан сылағы түскен жерді өзің қайта жасатып бересің» деп шарт қойдым. Қайтем енді, төбеміз әжептеуір ойылып, түсіп қалған. Көршінің күйеуі бір ұстаны әкеліп, шамасы келгенше жамап кетті. Бұрынғы қалпына келген жоқ, десе де «осыған да шүкір» деп қойдық.


Бірақ Зәуре көршім содан бері тыныштық бермей келеді. Балалары есігімнің сыртына неше түрлі сөздерді жазып кетеді. Жеген банан, кәмпиттерінің қабығын дәл есігімнің алдына тастап кетеді. Кілемін қағуды сол күйі қойған жоқ. Түннің бір уағына дейін шулайтынын айтпай-ақ қояйын. Жиырма жыл осы үйде тұрсам да, осыншалықты ұяттан безген көршіні бірінші мәрте көріп тұрмын. Бұрынғы көршілерімді әлі күнге дейін сағынамын.


Кейде мен жоғарыдағы көршілерден түңіліп кеткенде үйімді сатып, басқа жаққа көшіп кеткім келеді. Бірақ балалардың мектебіне жақын жерде тұрамыз, соны қимаймын».


Мөлдір ханым осылай деп әңгімесін аяқтады. Бұл оқиғалары көпқабатты үйде тұратын жандарға сабақ болып, ой сала жүрсе екен деген тілегін де айтады.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Қызым баласын тартып алатын сияқты»: жиенін асырап алған әйел болашағына алаңдайды


«Үш кемпірді аттап өтіп еді»: жетісайлық әйел қайынсіңлісінің бақытсыздығына үлкендердің наласы себеп болды дейді