​“Күйеуге есеппен тию керек”: Елордалық келіншек өзінің әрекетіне өкінбейтінін айтты

0
2 622

“Махаббат деп босқа уақыт жоғалтқым келген жоқ...”


​“Күйеуге есеппен тию керек”: Елордалық келіншек өзінің әрекетіне өкінбейтінін айтты

Тұрмысқа шыққандардың барлығы да махаббатпен, жүрек қалауымен босаға аттай ма? Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, 27 жастағы Жанна есімді келіншектің ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген оқиғасында күйеуге тигендердің басым көпшілігі тек есеппен ғана отау құрады деп санайды.

“Махабатты дөрекі күйеу, жетіспеушілік, мінез-құлық деген сияқтылар әрі кетсе үш жылдың ішінде жеңіп, әрі қарай өмірді тек солар басқарады”, - деп санайды ол. Сонымен қатар, өзінің де есеппен тұрмысқа шыққанын жасырмайды.


- Мен мұны өзімнен үлкен екі әпкемнің өмірінен білемін. Біреуі 17 жасынан бастап өзінен екі жас үлкен жігітпен жүрді. Ол кезде мен 13-ке енді толған едім. Сол жігітке тұрмысқа шығу үшін анамнан да қанша ұрыс естіген. Бірақ көзін шел басқандай жігіттің тек әке-шешесінің ғана ақшасына өмір сүретін жеңіл ойлы екенін қанша айтса да байланысын үзбеді. Ақыры 19 жасында онымен қашып кетіп, ауылдың түкпіріне келін боп түсті.

Қазір оның өмірі тозақ деуге болады. Иә, есесіне 5 баласы бар. Бірақ көрген күнін бізге айтпаса да, намыстанғаннан шағымданбаса да оның жағдайы мәз емес екенін жақсы білеміз. Сол үшін ол төркініне де жиі келмейді, бірақ алыстан естіп жатамыз. Жездеміз әлі күнге тұрақты жұмысы жоқ, қарт әке-шешесінің зейнетақысы мен мемлекеттің берген көмегіне ғана бала-шағасын асырап отыр. Әпкем жасынан бұрын қартайып кеткен. Бес бала туып оны бағып отырғаны аздай, енді оны мектепке жұмысқа тұрғызбақ екен. Сонда әпкем бала да туады, отбасын да бағады енді. Сол ма еді өмірден қалағаны?

Жаннаның айтуынша, екінші әпкесі де үлкендерімен тағдырлас екен.

- Екінші әпкем тұрмысқа ерте шыққан жоқ. Оқуын бітірді, екі жыл жұмыс істеді. Сөйтіп жүріп ол да махаббаттың тұтқынына айналды. Жұмысындағы бір рет үйленіп ажырасқан жігітке ғашық болып, соған тұрмысқа шықты. Ұрсатын, ойынан айнытатын жаста емес деп анам амалсыз көнді. Әкемнің іштей қалай мүжілгенін де білемін. Бірақ ата-анамыздың соншалық іштей уайымын көре тұра ол да қиын тағдырды таңдады.

Қазір ол жездеміз бұрынғы әйелінен туған екі баласына алимент төлейді. Олармен кездесіп тұрады. Кейде екі баласын үйіне де алып келеді екен. Әпкем екеуінің тағы екі баласы бар. Оқуда жүргенде олардың үйіне жиі барып тұратынмын. Кейде демалыс күндері барып қалғанымда ержетіп қалған екі ұл бала жүреді. Дөрекі, кішкентай екеуіне айтқанын істетіп, әпкемді кінәлі санайтыны анық байқалады сөздерінен. Әпкем амалсыздан, күйеуін жақсы көргеннен бәріне шыдайды, көнеді. Өз балаларының аузынан жырып соларға беріп жатқанын көргенде менің ашуым келетін. Ол енді өмір бойы солай болатыны анық.

Тек бұл ғана емес, махаббат деп тұрмысқа шыққан құрбыларымның да өмірі керемет болып тұрғандары аз бүгінде. Бірінің күйеуі құмар ойын ойнаса, екіншісі басқамен әуейі болып жүр. Екеуі де жылап жүр қазір. Бір құрбымды мүлде күйеуі тастап кетті. Олардың махаббаттарына бәріміз қызығушы едік. Тек бір ғана құрбымның махаббаты сәтті болды. Күйеуі расында оны аялайды, бақытты екені жүзіне көрініп тұрады. Баланы да туып, қалаған жұмысымен де айналысып жүр, - дейді ол басқалардың өмірін мысалға келтіріп.


Өзі де махаббат сезімін басынан кешірген, студент кезінде бір жігітті сүйіпті.

- Махаббат деген таңдау бермейтін нәрсе екенін мен де жақсы білемін. Екінші курста оқып жүргенімде мен де ғашық болдым. Өнер жағында оқитын жігіт екеуміз бір-бірімізді қатты жақсы көрдік, бірақ мен дұрыс өмірді таңдадым. Үш жыл бойы бірге жүрген жігітімді кәсіпкер, пысық жігітке айырбастадым. Неге дейсіз бе? Мен сезімнің жетегінде жүріп, ертеңгі күні алдымыздан қиындық шыққанда морт сынып қалғым келмеді. Бала-шағам да жетістікте, баршылықта өмір сүргенін, мені өміріме ешкімнің қол сұқпауын, маған әмірін емес, өмірі мен барын арнай алатын, соған дайындығы бар жігітті таңдадым.

Иә, жақсы көрмесем де, сол жігітке келісім бердім. Оның мені жақсы көретінін, мен үшін жоқтан бар жасайтынын, тек сезім деп қана емес, өмірде табысқа да тәуелді нәрселер бар екенін ашық айта алатын жанды таңдадым. Маған құда түсіп келгенде таңдауыма ата-анамның да разы екенін сезіндім. Ата-ананың разылығы кімді де болса бақытты ететінін білемін. Сондықтан, ең бірінші соларға ұнар ма екен деп уайымдадым. Әкем маңдайымнан сүйіп тұрып бақыт тіледі.

Қазір сол жігітке тұрмысқа шыққаныма өкінбеймін. Астанамыздың элиталы ауданынан үйіміз бар, шетелге де шығып тұрамыз. Күйеуім де, мен де қалаған ісімізбен айналысып, бір-біріміздің аяғымызға тұсау болмаймыз. Отбасы дегеннің маңызды, бірінші орында екенін де білеміз. Менің өзіне есеппен тұрмысқа шыққанымды да ол жақсы біледі… Бірақ ол туралы сөз қозғамаймыз, екеуміз де бір-бірімізге сол үшін қиындық тудырмаймыз. Міндетімізді білеміз… Екі баламыз бар, бір-біріміздің ата-анамызды сыйлаймыз. Одан артық не керек?, - дейді Жанна.

иллюстрациялық суреттер интернеттен алынды

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


“Әкесі де тоқал алған”: Күйеуінің екінші әйел алғысы келетінін айтқан келіншек уайымымен бөлісті


“Құрбыма еремін деп…”: Шымкенттік келіншек қарызға қалай белшесінен батқанын айтып берді