Күйеуі шетелге жұмысқа кетіп қайтпай қойған 4 баланың анасы не істерін білмей жүр

0
2 081

Ата-анасы қайтыс болғанда да жігіт еліне қайтпаған...


Күйеуі шетелге жұмысқа кетіп қайтпай қойған 4 баланың анасы не істерін білмей жүр

3 баласы бар. Үлкені 7 жаста, ең кішісінің өзі 3 жасқа толыпты биыл. Осы ең кенжесіне жүкті болғанда күйеуі шетелге жұмысқа кетіпті. Бірақ өткен жылы «Мені ұмытыңдар! Елге қайтпаймын» деп хабар жіберіпті. Енді не істерін білмеген келіншек ERNUR.KZ тілшісіне басынан өткен жағдайды айтып берді.


Нұрила (аты-жөні өзінің қалауымен өзгертілді) 19 жасында махаббатпен, екі жыл бойы кездескен жігітіне тұрмысқа шыққан. Екі жақта да дұрылдеген той өтіп, некесі заң жүзінде де, шариғат бойынша да қиылыпты. Көптің алдында өмір бойына қамқор болуға ант берген күйеуі 3 баласы мен сүйген жарына оралмай жүрген көрінеді.

- 2016 жылы кетті... Ауылда жағдайымыз болмай, ата-енеміз де жиі ауыра берген соң оларға масыл болмайық деп Шымкент қаласына келіп пәтер жалдап тұрдық. Бірінен соң бірі екі баламыз дүниеге келді. Көппен бірге ел қатарына қосылармыз деген үмітпен өмір сүрып жатқанбыз. Арасында азырақ болса да ауылдағы 7 баласы бар қайнағамыздың қолындағы аурушаң атамыздың дәрі-дәрмегіне көмектесіп тұрдық, - деп есіне алады Нұрила.
Келіншектің айтуынша, күйеуі қаладағы жолдастарының бірі шетелге жұмысқа кеткенін жиі әңгімелеп, «барсам ба екен» деп біршама уақыт жүріпті. Ол жолдасы шетелдің зауытына жұмысқа тұрған екен, ай сайын, кейде айына екі рет әжептеуір қомақты ақша салып тұрады екен отбасына.
- Соны айта берді, барғысы келіп аңсары ауды. «Ең болмаса, бір жыл істеп келсем, жер алып, үй салып алады екенбіз» деген соң пәтерден пәтерге көшіп, әр қожайыннан балаларымның кішкентайлығы үшін, бала болып жылап, секіріп ойнағаны үшін сөз естуден шаршаған мен де дұрыс шешім болар дедім, - деп сол кезде қарсы болмағанына өкінетін сыңай танытты Нұрила.
Сол кезде Нұриланың аяғы ауырлаған. Күйеуі жолы мен визасына, тағы басқа керек-жарағына 800 мың теңгедей несие алып дайындықты бастап кеткен.
- «Мен келгенше босанып қаласың. Ешқандай жұмыс істеме. Бәрін дайындап кетемін, сосын ақшамды жіберіп тұрамын», деп жақсы пәтерді жалдап, үй егесімен де келісіп кетті. Балаларымыз қабырғасын бүлдірсе, жөндеу жасап беретінін айтып, тек өзі қайтып келгенше пәтерден шығарып жібермеуге келісті менің көзімше. Сосын маған үш айға жететін ақша беріп, өзі аттанып кете барды...


Сол сәтте күйеуін енді көре алмайтынын сезгендей іші әлем-жәлем болыпты Нұриланың. Бірі 4, екіншісі әлі екіге де толмаған қол ұлы да әкелерін мойнынан тас қылып құшақтап, айырылғысы келмегенін есіне алған Нұрила солқылдай жылап қалды.

- Күйеуім көп күттірмеді, үш күннен соң аман-есен жеткенін айтып хабарласты. Сосын күнде уатсаппен бейнеқоңырау арқылы сөйлесіп, сағынышымызды басып тұрдық. Бір жарым айда жалақысын жібере бастады. Расында ештеңеден тарықпадық. Алты айға жетпей алған несиені жаптық, қалғанын өзімізден артылдырып жер алуға жинай бастадым, - деген Нұрила басында күйеуінің шетелден жіберген табысына шүкірлік айтып, тілеуін тілеп жүрген.
Үшінші перзентін, қызын босанғанда күйеуі қасында бола алмағанына қатты қамығыпты. Нұриланың өзі де перзентханада соңынан келер, қуанышын бірге бөлісер күйеуінің болмағанын ойлап жылап та алыпты. Бірақ жылайтын сәті алда екенін мүлде сезбеген.
- Жылдан асқанда қала сыртынан жер алдым. Барынша үнемдеп жинап, оның табысын берекелендіріп жұмсауға тырыстым. Ол да разы болды. «Енді тағы сәл жұмыс істеп, үй салуға ақша жинайын, сосын қайтамын» дегеніне көңілім түссе де, көндім. Бала-шағамызбен пәтер жалдаудың азабын тартқан әрбір әйел солай етер еді деп ойлаймын. Көз алдыма өзіміздің кең сарайдай үйіміздің, ешбір қарыз-несисіз салған өз баспанамыздың болатынын ойлап армандағанда сабыр етуші едім, - дейді алысқа көз тігіп ойланып кеткен келіншек.
Пысық келіншек күйеуін күтіп отырмаған көрінеді. Екінші жылы ағаларының, қайындарының көмегімен әлгі жерге үйдің іргетасын құйып, қабырғасын қалатып та үлгеріпті.

Үйдің шатырын жапқан соң ендігісін күйеуі келген соң жасармыз деп отырғанда аурушаң қайынатасы қайтыс болады. Туған әкесінің қазасына да келмеген күйеуінен үшінші жылға ауысқанда күдіктене бастаған. Қанша қиналса да әкесі қайтыс болғанда келмеген күйеуін туыстарының алдында шырылдай қорғапты.

- Қарғыс арқалап кете ме деп көптің алдында небір өтірікті құрастырып қорғадым. Оның айтуынша, заңсыз түрде жұмыс істеп жатқандықтан, кері қайтуға мүмкіндік болмапты. Өзі сияқты шетелдегі жерлестеріне қамқор боп жүрген жігіт те ыңғайластыра алмай жүр екен. Бейнеқоңырауда әкесіне топырақ тастай алмағанын айтып жылап та қалды. Сосын қалай сенбейсің?, - деген ол күйеуінен күдіктенсе де сенуге тырысқан.
Ең күйінетіні, арада үш ай өткенде атасының артынан енесі де бір-ақ күнде дүние салыпты. Ойламаған жердегі қаза бүкіл бауырларының қабырғасын қайыстырса да, шетелге кеткен жігіт елге қайтудың амалын таппапты. Сол жасырын жұмыс, құжаттың жоқтығын айтқан оған қанша ашуланса да, елге қайтуға үгіттесе де қайтпаған күйеуін «құлдыққа сатылып кетті ме?» деп те қорқыпты. Онысын да ашық сұраған. Бірақ күйеуі тұратын жерін, суреттерін көрсетіп сендірген.
- Бәрібір ішім біртүрлі бола берді... Бұрын күнде бейнеқоңырау жасайтын ол тек қоңырау ғана соғатын болды. Балаларының суреті мен видеосын сұрайды. Неге бейнеқоңырау арқылы шықпайтынын сұрасам, байланыс нашар деп жауап береді. Айтатын әңгімеміз де қысқара бастады. Ішім бірдеңені сезсе де, сенбедім. Ол күдігім туралы ойламауға тырысып, кенжемді де балабақшаға беріп, жұмысқа тұрдым. Бірақ жұрттың пәтерде тұрса да, екеуі бірге қол ұстасып жүргенін, ұрысса да балаларын алып қыдырып көшеге шығатынын көрген сайын ішім өкініштен тызылдап қоя береді. Ұят болса да айтайын, түнде де іздеп тыпыршыдым... Әйелмін ғой, қайтейін?!, - деген келіншек жеке сырын да жасырған жоқ.

Көп өтпей күйеуінен келетін ақшаның сомасы бұрынғыдан кеми бастаған. Нұрилаға күйеуі оның себебін бірде ауырып, енді бірде жұмыс тоқтап қалуымен түсіндірген. Бірақ келіншек қандай болса да күйеуінің аман-есен елге оралғанын тілеп, ақша үшін шу шығармаған. Өзінің жұмысы болған соң жалақысы пәтерақы мен ас-ауқатына жетіп тұрыпты.

- Содан бастап тек ертерек оралуын тілеп, күндіз-түні жаза бердім. Бала-шағасының жылап жүргенін, іздейтінін, өзімнің де түнімен көз ілмей шығатынымды, тіпті, соғыс жылдарындағыдай көйлегін иіскеп жататынымды да айттым. Не болды дейсіз бе? Енді хабарласуы да сирей бастады. Аптасына әзер хабар алатын болдым. Кейде жанындағы жігіттің нөміріне хабарласып, зорға тауып аламын. Сөйтіп жүргенде күйеуімнің қипақтап бірдеңені айта алмай жүргенін байқадым. Бейнеқоңырауда жан-жағына алаңдай береді. Бірде ашуға булығып, енді қайтпаса шыдамайтынымды, ажырасатынымды айтып жазып, дыбыстық хабарлама да жібердім. Жауабы қалай болды дейсіз ғой?! «Мені ұмытыңдар! Мен енді елге қайтпаймын, осында қаламын» деп жазып жіберіпті. Содан қайтып хабар жоқ. Нөмірі өшірулі, тек уатсап арқылы ғана сөйлесеміз ғой. Сол жақтың нөмірін алған еді, - деген Нұрила тағы да жылап қалды.

Айтуынша, осылай деп жазғаннан соң бір рет көлемді сомада қаражат жіберген, содан қайтып хабарласпаған. Тіпті, жанындағы жігіттер де қайда тұратынын білмейтіндерін, бірақ тірі, аман-есен жүргенін айтып құтылыпты күйеуін іздеген келіншектен.
- Не істерімді білмеймін. Қызы әкесін мүлде көрмеді де... Анама айттым, жыладым, сыртынан қарғап-сіледім де... Кейін ойыма түрлі бәле келіп, құдайдан кешірім де сұрадым. Өзінен де кешірім сұрап хат жаздым. Жоқ, жауап жоқ. Хатым оқылмады да... Мұнан да қара су ішсек те қасымда жүргені, 20 жыл пәтер жалдасақ та балаларының қасында, өз төсегінде жатқаны жақсы еді ғой?!, - деп өкінеді келіншек.
Тиісті жерге хабарласайын десе, әлде де ақылы кіріп отанына орала ма деген үмітпен жүр екен Нұрила. 3 баласын бауырына қысып, күйеуі шетелден жіберген ақшасына құрылысы толық бітпесе де баспана тұрғызып алған келіншек бір жылдан бері күйеуін әлі де күтіп жүр. Ақылы кіріп отанына ораларынан үмітті екенін айтады ол...

иллюстрациялық суреттер ашық дереккөзден алынды