«Күйеуім алаяқ сияқты»: алматылық келіншек күдігінің себебін айтты

0
2 880

​Асығыс, танып-білмей тұрмысқа шығудың зиян жақтары да бар...


«Күйеуім алаяқ сияқты»: алматылық келіншек күдігінің себебін айтты

Фото: psyfiles.ru

Бүгінде алаяқтықтың түр-түрі бар. Сондықтан да жұрт жақын адамдарына да сене бермейді. Тіпті жан жарына күдікпен қарайтындар бар екен.
Редакциямызға қоңырау шалған Алматылық Эленора есімді келіншек күйеуінің іс-әрекеттерінен күдіктеніп жүргенін айтты. Екі-үш кездесуден соң-ақ үйленуге ұсыныс жасағанда күдіктенбеген ол енді бір жылдан соң қорқып жүр.


Өзінің неден қорқатынын Эльнора ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Түсінікті болу үшін өмірімді сәл әріректен бастайыншы. 24 жасымда бір жігітті қатты жақсы көрдім. Онымен үш жыл сезім жарастырып жүрдім. Қолым қалт етсе, соның қасынан табылуға тырысатынмын. Демалыс күндері үйін, кеңсесін жинап тазалайтынмын. Ал ол өте еңбекқор жігіт еді, маған көңіл бөлуге уақыты жоқ.

Шағын цехы бар, қол астындағы он шақты жұмыскерінің ай сайын жалақысын тауып беруді, жалға алған кеңсесінің ақшасын төлеуді ойлап зыр жүгіріп жүретін. Кейде ол түнімен кеңсесінде жұмыс істейтін. Ал мен оның кеңсесінде қонып, ертеңіне жұмысыма кетем. Суық жерде, орындықтарды қатар қойып ұйықтасам да, оның қасымда болғаны үшін бақытты едім. Ол менімен көп сөйлеспейтін, қыдыруға уақыты да болмайтын. Алайда сонда да мен оны қатты жақсы көрдім.

Бір күні ол маған айтпастан үйленіп кетті. «Мас боп қалыппын, онымен бір төсекте ояндым, айыбымды мойныммен көтеруім керек қой. Сотқа берем деп қорқытты. Ертеңіне үйге апардым амал жоқ» деді ақталып. Ары қарай тыңдағым келмеді.

Бір жылдай депрессияда жүрдім. Сатқындығын кешіре алмадым. Үш жыл оның қасында жүргенімде маған тиіспеген ол басқамен қалай төсектес бола салды, өтірігіне сенгім келмеді.

Несін айтайын, одан соң еркек атаулыға, махаббатқа сенбейтін болдым. Уақытымды, бар ойымды тек жұмысыма арнадым. Тұрақты жұмысыммен қоса онлайн курстар өткізіп, блогерлікпен айналыса бастадым. Табысым көбейді. Бірақ оңайлықпен ақша келмейтіні де белгілі ғой, кейде түнімен компьютер алдында отыратынмын. Сол еңбегімнің арқасында 37 жасқа дейін екі бөлмелі пәтер мен жаңа көлік сатып алдым.

Өмірім жайлы инстаграм парақшама саламын. Бір күні парақшама күнде «сәлем» деп жазатын бір жігітпен қызық үшін таныстым. Бес жас кіші екен. Кездестік. Ол ертеңіне-ақ жұмысыма курьер арқылы гүл жіберді. Ал екінші кездесуде ойламаған жерден ол Түркістанға бір күндік саяхат жасады. Қазақстанда тұрсам да өмірімде бірінші рет Түркістанды, тайқазанды, мовзалейді көрдім.
Үшінші кездесуде жүзік тағып, үйленуге ұсыныс жасады. Көп ойланбадым. Өйткені ойланатын жаста емеспін, оның үстіне онымен әр күн, әр сәт қызықты, көңілді.

Жұмыстан, табыс табудан шаршағанымды, ендігі өмірімді отбасыма арнағым келетінін түсіндім.
Үйлендік. Карантиндік шектеулерге байланысты той жасамадық. Күйеуім «Тойға да, балалы болуға да асықпай-ақ қояйық. Бір жыл өзіміз үшін өмір сүрейік» деді. Шынымен де, бал айымыз бір жылға созылды, бақытты өткіздік.

Жақында ол шағын етіп той жасайық деді. Сценарийін өзі түзіп, ойластырып та қойыпты. Әсіресе, «Ерекше болсын, той күнін порашютпен секіруден бастайық. Сонда кешке дейін адреналин күйде жүреміз» деген ұсынысы ұнады. Бірақ...

Бірақ бұл идея құрбыма ұнамай отыр. Ол «Қайдан білесің, ол порашютті ашылмайтындай етіп қойса ше? Мүмкін ол сенің өлгеніңді қалайтын шығар?! Сен өлсең, үйің, көлігің оған қалады. Оны жақсы танисың ба?» деді. Құрбымның сөзінен соң көңілім түсіп кетті.

Қазір ойланып отырсам, балалы болуға асықпасақ та, заңды түрде некеге тұруға ол өзі асыққан екен. Менімен кездесіп жүргенде астында көлігі бар еді, кейін бір айдың ішінде көліксіз қалды. Бір күні сұрап едім, «Сені әке-шешемнің, бауырларымның мәселесіне араластырғым келмейді, сондықтан айтпаған едім. Інім істі боп қамалып кетпекші болды, көлігімді сатып аман алып қалдым» деді. Ал бір бөлмелі пәтерін ажырасқан қарындасына беріпті. «Баласымен ол қайда барады? Әке-шешемнің үйіне сыймайды. Ағалық парызым ғой» дегенде, оның мейірбандығына сүйсінгенмін. Бірақ сол сүйінішім мені қазір күдікті ойларға жетелеп жүр.

Күйеуіме «порашютпен секіруден қорқам» деп, бас тарттым. Ол көндіруге тырыспады. «Сенің айтқаның болсын» деді де қойды. Негізі ол алғашқы күннен-ақ менің айтқанымның бәрін істейді. Бірақ құрбымның сөзінен соң күйеуімнің дайындаған таңғы асын да ол бірінші татып алмайынша жемеймін. Ауыра қалсам, дәрімді әкеп берсе де күдіктенем. «Бүгін сен демал, үйді мен тазалаймын» дегені де бір түрлі естіледі.

Құрбым айтпақшы, мен оны толық танымаймын әлі. Ол туралы көп нәрсе сұрамаған да екенмін. Сондықтан да бір күні мені сазға отырғызып кете ме деп қорқып жүрмін. Алаяқ емес пе деген күдігім бар.

Танып-білмей жатып тұрмысқа шыға салуға да болмайды екен ғой... Ал қорқынышпен, күлікпен өмір сүру азаптың азабы. Мен тіпті түнде ұйықтауға да қорқып жүрмін.....»


Ұқсас оқиғалар:

«Сыныптасымнан туып алғым келеді»: 43 жастағы әйел мұңын айтты


«Мен ЖАМАН анамын»: шымкенттік әйел неге жақсы болғысы келмейтінін түсіндірді