«Күйеуім басқаға кетіп қалса да ата-енеме қызмет еттім» - Көрші елде туып-өскен қазақ қызының тағдыры

0
2 537

​Тастап кеткен күйеуін үмітін үзбей алты жыл күткен.


«Күйеуім басқаға кетіп қалса да ата-енеме қызмет еттім» - Көрші елде туып-өскен қазақ қызының тағдыры

Редакцияның рұқсатынсыз көшіріп басуға тыйым салынады


Бақытсыздықтан емес, жұрттың сөзінен қорқатындар көп. «Жұрт не дейді?» деп, қаншама уақытын жоғалтып алғанын білмей қалғанның бірі – Феруза есімді Өзбекстаннан келген келіншек. Ол өз оқиғасын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


Феруза Өзбекстанда туған. Күйеуі де сол көрші елде туып-өскен азамат. Екеуі де қазақ. Ата-аналары бір ауылда тұрады.

Феруза 9-сыныпты аяқтаған соң медициналық колледжде оқиды. Ал күйеуі Өстемір колледжді бухгалтер мамандығы бойынша бітіреді. Олар мектеп партасынан бастап қыз-жігіт боп жүреді. Қос ғашықтың махаббаты мұғалімдеріне де, бүкіл ауыл халқына да белгілі еді.

Диплом алып, маман атанған соң, екеуі шаңырақ көтереді. Өстемір үйінің үлкені, одан кейін екі інісі, үш қарындасы бар.

Феруза бастапқыда қайын сіңлілері қолғабыс болар деп ойлаған. Бірақ адам ойы орындала бермейді ғой. Оның қайын сіңлілері көмектеспек түгілі, тіпті су ішкен кесесін орнына апарып қоймайтын қыздардың қатарынан боп шығады.

Өстемірдің әкесі бұрын жақсы қызметте жұмыс істеген, кейін инсульт алып, денесінің бір жағы жансызданып қалған. Ал шешесі емханада медбике боп жұмыс істейді.


- Әу баста мен тұрмысқа шыққаннан кейін мамандығым бойынша жұмыс істеймін деп ойлайтынмын. Бірақ көп балалы отбасының ас-ауқатын дайындау, кір-қоңын жуу, үй тазалау, нан жабу, ауру қайын атамның күтімі сияқты тірліктер таңның қалай атып, күннің қалай батқанын аңғартпайды екен. Үй тірлігіне әрең үлгеріп жүрген мен жұмысқа шығам деп айта алмадым, - дейді Феруза.

Осылай ай аунап, жыл жылжып өтіп жатады. Бір күні Ферузаға күйеуі Қазақстандағы нағашысы жұмыс ұсынып жатқанын айтады. Жалақысын есептеп, салыстырып көреді де бағын сынап көрмек болады.

Бір ай сынақ мерзімінен өтіп, Өстемір Шымкент қаласына жұмысқа орналасады.

Ол уақытта Өзбекстанда балгер көп болатын. Бес жылдан бері жүкті бола алмай жүрген Ферузаға бір балгер «Жер ауыстырып көр. Мүмкін сол кезде нәрестелі боларсың» деп айтқан. Күйеуі жұмысын Шымкентке ауыстырып жатқанда Феруза балгердің айтқанын есіне алып қуанады. Алайда күйеуі «Келесі айда алып кетем» деп, әр келгенінде уәде беріп уақытты соза береді. Тағы бірде «Туысқанның қолында жұмыс істеген болмайды екен. Басқа жұмысқа ауысып алайын, кейін алып кетем» дейді.

Өстіп жүргенде арада екі жыл уақыт өтеді. Ферузаның шыдамы таусылады. Күйеуімен ашық сөйлеседі. Сонда күйеуі «Сені алып кетсем, мынау үйдің тірлігін кім істейді? Анам рұқсат берсе ғана алып кете аламын» дейді. Феруза енесімен сөйлесіп, «Апта сайын келіп келіндік қызметімді атқарып тұрамын» деп, көндіреді.

Ол Өстемірмен Шымкентке келеді. Ферузаның бар ойы – балалы болу, ал күйеуі тек жұмысын ойлайды. Жұмысында түнеп қалатын күні көп.

Ұрысады, керіседі. Бір күні ұрыс кезінде күйеуі «Жұмыс істесең, ұрысуға шамаң да келмес еді» деп ашуланады.

Сол ұрыстан соң Феруза қаладағы аурухананың біріне санитар боп орналасады. Аға медбике «Орын табылып жатса, кейін медбике де боларсың» деп, үміттендіреді.

- Бір күн істеп, екі күн демаламын. Бірақ күні бойы еден жуу, палаталарды тазалау шаршатады. Ал сенбі күні жолға шығамын, ата-енеме барып келіндік қызметімді атқарам. Содан соң жексенбі күні кешке қайтадан Шымкентке келем. Күйеуім айтқандай, оған «Қашан келесің?» деуге шамам келмей қалды, - деп Феруза сол кездегі ауыр еңбек жұмысының қиындығын айтып берді.


Алайда әйел қасында сүйгені болса, барлық қиындыққа шыдай алады. Феруза да қиындықтан қорықпай, бәріне үлгеріп жүрген. Бір күні күйеуі «Феруза, түсінігі бар әйелсің ғой» деп сөз бастайды. Сосын кібіртіктеп біраз отырады да «Қысқасы, мен басқа біреуді сүйем. Ол менен жүкті. Ажырасайық» деп қойып қалады.

Адам егер өзі айыпты болса, қарсы келе алмайды. Феруза да күйеуіне бала туып бере алмағаны үшін өзін кінәлап, «Ол әйелмен араласуыңа қарсы болмаймын. Тек мені тастамашы» деп, аяғына жығылады.


- Өйткені мен оны қатты сүйетінмін. Оқушы кезімнен жақсы көремін. Бірақ күйеуім мені тыңдаған жоқ, киімдерін жинап кетіп қалды, - деген Феруза одан соң күйзеліске түсіп, бірақ, қайтып келетініне сенімді болғанын айтады.


Күйеуі ажырасуға арыз бермегендіктен, Ферузаның үміті сөнбейді. Сондықтан да бұрынғыдай апта сайын Өзбекстанға барып, ата-енесінің үйін тазалап, кірін жуып, келіндік міндетін мүлтіксіз атқаруды тоқтатпайды.

Ата-енесі ұлы мен келінінің екіге айырылысып кеткенінен бейхабар. Бір жағдай боп қалса енесі келініне қоңырау шалады. Мұндайда Феруза Өстемірдің жұмыста екенін айтып, алдайды.

Ол ата-енесін ғана емес, жұрттың бәрін алдап, өмірін жалғастыра береді. Ағайын-туыстың той-томалағы бола қалса, «Жұрт естісе ұят қой. Сенен басқа ешнәрсе талап етіп жатқан жоқпын. Тек ауылдағылар әлі бірге екен деп ойласын» деп күйеуіне жалынып жүріп әрең көндіреді.

- Қазір ойлап отырсам, мен осы уақытқа дейін жұрт үшін, «Жұрт не дейді?» деп өмір сүріп, қателесіппін. Сезімімді таптап, өзімді тастап кеткен күйеуіме жалынудан ұялмай, жұрттың сөзінен ұялыппын ғой. Қаншама жыл өз ата-анамды да алдап келдім. Өзімді де алдап өмір сүріппін. Сол кезде бәрібір бір күні шындық ашылатынын неге ойланбағанмын?..


Феруза алты жыл қайын сіңлілерінің көрсеткен қорлығын да айтты. Соның бәріне күйеуін сүйгені үшін шыдаған. Ал шыдамдылығын күйеуі де, ешкім бағаламаған.

Қазір күйеуінің басқа әйелмен тұратынын, одан екі баласы бар екенін бәрі біледі. Бірақ ол осы уақытқа дейін қағаз жүзінде әлі Ферузаның күйеуі. Феруза сол бір жапырақ қағазды бақыт санағанына өкінеді. Осы уақытқа дейін соқыр болғанына сене алмайды.


- Ол менен кеткеннен кейін қаншама жыл өтті ғой, неге мен оны күтіп жүре бергенімді білмеймін. Ешкімді өзіңнен артық қатты жақсы көруге болмайды екен. Сондай-ақ осындай бір мәселе туғанда әйел сезімді шетке ысырып тастаса ғана ақылмен ойлап, дұрыс шешім қабылдай алатынын түсіндім, - дейді Феруза.


Алты жыл бойы ақыл кірмегеніне өкінетін келіншек «Қайран босқа кеткен уақытым-ай!» деп жиі қайталады. Оның айтуынша, қорқыныш оның өзін-өзі алдап өмір сүруіне себеп болған сияқты. Бұл көп адамның бақытты болуына кедергі боп жүрген – «Жұрт не дейді?» деген сөз.

Ол «ажырасып кетіпті», «күйеуі басқаға кетіп қалыпты» деген сөздерден қорқып өмір сүргенше, уақытын қорқынышты жеңуге арнағанда, бәрі де басқаша болар еді деп ойлайды.


- Адамның алға қадам басуына бір ғана кедергі бар. Ол – қорқыныш. Кеткен адамды, жоғалған бұйымды ойлауға уақыт жұмсау – үлкен қателік екен. Одан да уақытты қорқынышты анықтауға, оны жеңуге арнау керек, - дейді Феруза.



Қымбатты оқырман, сіздің де маза бермей жүрген оқиғаңыз болса, 87752327733 whatsapp нөміріне жолдауыңызға болады.

(Иллюстрациялық суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Ұқсас оқиға:


«Бала туып бердім»: Түркістандық әйел қызы үшін қандай қадамға барғанын айтты