​«Күйеуім кемсіте береді»: алматылық келіншек өзін дәлелдеу үшін түнде де жұмыс істеп жүр

0
2 080

"Денсаулығым барда тынбай жұмыс істеп, ай сайынғы ипотеканың ақшасын құйып жүрмін"


​«Күйеуім кемсіте береді»: алматылық келіншек өзін дәлелдеу үшін түнде де жұмыс істеп жүр

Фото: shkolazhizni.ru

«Бәрінен де күйеуіңнің кемсіткені ауыр екен. Бір іс бастамақ болсам, «Өй, сенің қолыңнан келмейді», «Қоя салшы, сен оны істей алмайсың» деп кежегемді кері тартады» дейді алматылық Нұршарапат есімді келіншек.

Оның күйеуі алға ұмтылғысы да, өзгергісі де келмейтіндердің қатарынан. Ал Нұршарапат өзін-өзі дамытып, өміріне өзгеріс енгізуге, материалдық жағдайын түзеуге тырысып әлек. Бірақ күйеуінің сөзі оның ұнжырғасын түсіреді, көп жерде аяғына тұсау да болған.

Сонда да ілгері қадам жасауды тоқтатпай келе жатқан табанды әйел «әрекетке – берекет» дегеннің рас екенін айтады.



Көпке ой салатын өмірі туралы ол ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді:

«Ерте тұрмысқа шықтым. 19 жасымда өзімнен 5 жас үлкен жігіттің жары атандым. Бір-бірімізді сүйдік. Оқушы кезден бастап жүрдік.

Екеуміз де жоғары білім алмадық. Отбасы құрғаннан соң балаларымыз өмірге келді. Олардың күтімін жасау, бірде ауырып қалады, үйдің күнделікті тірлігі бар, әйтеуір менің басқа нәрсе ойлауға шамам келмеді. Күйеуімнің де бізді асыраумен өмірі өтіп жатты.

Қайным үйленген соң біз бөлек шықтық. Әке-шешеміз өз күндерін өздері әрең көріп отырған қарапайым жандар. Олардан ешқандай көмек болмады. Осындайда мектептен кейін диплом алуға әрекет етпегеніме, ерте тұрмысқа шыққаныма өкінетінмін. Тіпті бірсыдырғы, еш өзгермейтін өміріме налып, жылап та алатынмын.

Сосын ерте тұрмысқа шыққанның пайдалы жақтарын ойлап, өзімді алдаусыратуға көштім. Олай етпесем, өмірден түніліп кететінмін. Рас, ерте тұрмысқа шыққанның пайдасы бар, ұл-қыздарымның қалай өсіп қалғанын аңғармай да қалдым.

Үлкеніміз жоғары сыныпқа өткенде, «Болды осы үшеуін қатарынан қалдырмай жеткізсем де шүкір. Енді мен де жұмыс істейін» деп ойлана бастадым. Сол кезде сыртқы бөлімде мұғалімдікті оқып алғым келген, бірақ күйеуім кері тартты. Бұл арманымды ұмытып, жұмыс іздей бастадым. Осы кезде ғой күйеуім «Үйде отыра берсей. Бәрібір сенің қолыңнан түк келмейді» дегені. «Ыдыс жуа аламын ғой» дегенмін. «Оңай дейсің бе? Екі күннен соң-ақ жұмысы құрсын дейсің әлі» деді ол күліп. Қорқақтадым, бірақ істеп көрейін деп шештім.

Жақын маңдағы асханаға ыдыс жуушы боп орналастым. Төрт айдан соң қасымдағы келіншек «үлкен бір супермаркетке кондитерлік тәттілерді қорапқа салып қаптайтын жұмысшылар қажет» деген хабарландыруды көрсетті. Бұл туралы күйеуіме айтып едім, ол «Ыдысыңды жуып жүре берсей. Ондай жерде сен істей алмайсың» деді. Жұрт істегенді неге мен істей алмаймын? Оның не қиындығы бар екен?

Күйеуім қарсы болса да мен оған қырсығып, қасымдағы келіншекпен бірге жұмысымды ауыстырдым. Тәттілерді арнайы қорапқа салып, сыртына этикет қағазын жапсырамыз. Жалақы бұрынғыдан шамалы ғана көп, бірақ ыдыс жуғаннан жеңілірек.

Сол сауда орнында жүріп ойлана бастадым. Менен жас қыз-келіншектер кассада отыр. Жалақылары менікінен көп. «Мен сияқты дипломы жоқ келіншектер ғой, кассаның жұмысын үйреніп алсам қайтеді?» деп күйеуіме ойымды айттым. Бірақ айтқаныма өкініп қалдым. Ол тағы да мені кері тартты сөзімен.

Расында да қолымнан келмейтін шығар деп ойладым. Сөйтіп жүргенде кассада отыратын бір қызбен сөзім жарасып достасып кеттім. Одан кассаның жұмысы туралы сұрап едім. «Түк қиындығы жоқ, үйретейін бе?» деді. Шынында да қиын емес екен.

Несін айтайын бес айдан соң бір касадағы орын босап, адам іздеді. Мен өзімді ұсындым. Жұмысым ауысты, жалақым жоғарылады.

Түсінгенім, адам жаңа бір нәрсе үйренген сайын оның өзіне деген сенімі де арта түседі екен. Сондай-ақ тапсырылған істі артығымен орындағанда ол міндетті түрде бағаланады. Жарты жылдан соң аға кассир болдым.

Жұмысым өсіп, жалақым жоғарылаған сайын менде стимул пайда болды. Жұмыстың қиындығынан қорықпау керектігін түсіндім және алға ұмтылу үйренуден тұратындығына көзім жетті.

Бірде сыныптастармен отырысқа бардым. Көбісі ипотекаға баспана алып алған. Олардың әңгімесінен байқағаным, бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтіндерге арналған бағдарламалар көп екен. Үйге келген соң интернетті ақтарып, ипотекалық баспана туралы іздендім.

Баспана алу үшін мен супермаркеттегі жалақысы жақсы жұмысымнан кеттім. Ауруханаға санитарка боп уақытша жұмысқа орналастым. Сонда күйеуімнің айтқан сөзі әлі есімнен кетпейді. Ол «Айттым саған, кассада отыру үшін білім, сауат керек. Тыныш қана еден жуып жүре бергенің дұрыс қой» деп еді. Ипотекаға баспана алу үшін бюджеттік мекемеде жұмыс істеу керек екенін түсіндіргеніммен, күйеуім «Одан да кассадан қателестім, сөйтіп ол жерден жұмыстан шығарып жіберді деп мойындай салсайшы» деп көңілімді құлазытты.

Бір жылдай жұмыс істеп, жалақымды жинадым. Конкурсқа қатысып ипотекаға екі бөлмелі баспана рәсімдедім. Енді соның ай сайынғы ақшасын құю үшін екі жерде жұмыс істеп жатырмын. Ал күйеуім әлі де маған сенбейді. «25 жылға созбай жабылып ертерек құйып тастайық» десем, «Үйге ақша бермеймін. Өйткені оны қайтадан мемлекет алып қоюы мүмкін» деп сенімсіз. Мейлі әйтеуір азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырғанына да шүкір деймін.

Бала тууым керек деп уайымдамаймын, бір ұлым, екі қызым бар. Денсаулығым барда тынбай жұмыс істеп, ай сайынғы ипотеканың ақшасын құйып жүрмін. Бар уақытымды жұмысқа арнап, ипотеканың ақшасынан құтылсам мен үшін үлкен жеңіс болар еді. Күйеуім сол кезде менің сөзіме, қолымнан бірнәрсе келетініне сенетін шығар?!

Бірақ ол 5-6 жыл бұрынғы өміріміз бен қазіргі күнімізді салыстырып-ақ ілгерілеуді, өзгерісті мойындауына болады ғой. Ол кезде жұмысым да, баспанам да жоқ еді. Бірақ күйеуім «Үй қашан сенің атыңа жазылады, сонда ғана сенетін шығармын» деп отыр.

Ойланып отырсам, мен күйеуіме өзімді дәлелдеу үшін тынымсыз үйрену мен еңбектенудің арқасында аз уақытта осындай жетістікке жетіппін. Ал егер ол мені кері тарта бермей керісінше қолдап-қуаттап «Мен саған сенемін, сенің қолыңнан келеді» дегенде бұдан да көп нәрсе тындырып тастар едім-ау деп ойланам...»


Нұршарапат егер күйеуі де дәл өзіндей әрекеттенсе, көлік те алып, басқа да қажеттіліктеріне қол жеткізіп алар едік дейді. Тым болмаса күйеуінен қолдау сөз күтетінін де жасырмады. Ал оқырман, сіз жарыңызды қолдап отырасыз ба, әлде?



Ұқсас оқиғалар:

«Бірінші келінін бәрі жабылып ұратын еді...»: түркістандық әйел жанына тиген жағдай туралы айтып берді


«Енем өлген соң өкініп қалдым»: түркістандық келін енемен не үшін тату болу керектігін айтты