«Күйеуім мені маскүнем етті»: тараздық әйел араққа қалай тәуелді болғанын байқамай қалған

0
7 966

​Қос дипломы бар келіншек мектептегі жұмысына оралғысы келеді.


«Күйеуім мені маскүнем етті»: тараздық әйел араққа қалай тәуелді болғанын байқамай қалған

Тараздық Күмісай есімді келіншек те, оның күйеуі де кезінде мектепте білікті мұғалімдердің бірі болған екен. Ал қазір екеуі де араққа тәуелді адамдар.

Күмісай: «Мен магистратураны да бітіргенмін. Магистр дәрежесі бар мұғалімдердің жалақысына қосымша ақы төленетінін, педагогтардың жалақысының өскенін естігелі емделіп жүрмін. Қайтадан бұрынғы өміріме, мектепке оралғым келеді», - дейді. Ол өзінің бұндай күйге түскеніне күйеуін кінәлайды. Ол өзінің қалай ішімдікке тәуелді боп қалғанын аңғармай қалыпты.



Тәуелділікті жеңуге күші жетпей жүрген келіншек көпшіліктен араша болар амал сұрап, өз оқиғасын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Мектепте жақсы оқыдым. Студент кезімде де белсенді әрі озат болдым. Қоғамдық жұмыстарға араласып жүретінмін, ізденімпаз едім.

Соның арқасында институтты қызыл дипломға аяқтап, сол жылы-ақ мектепке жұмысқа орналасып үлгердім. Екі жылдан соң дарынды балаларды оқытатын білім ұялары мені жұмысқа шақыра бастады. Күйеуіммен сондай мектептің бірінде танысқанмын.

Ол да білімді. Екеуміздің қызығушылығымыз, көзқарасымыз бір арнаға тоғысып, көп ұзамай шаңырақ көтердік. Бірақ мен жеті жыл жүкті бола алмай жүрдім. Құдай адамды баламен сынамасын, бұл өте азап. Іштей өзіңді кінәлаудан басқа жұрттың сөзі де, сұрағы да ауыр тиеді. Алайда сондай қиын сынақта күйеуім сынбаған еді. Ол керісінше, мені жұбатып, сөзімен медет болатын. Ал жұмысынан кетуді ол көтере алмады. 10 жыл еңбегі сіңген ұжымнан «қуылғанда» өзін-өзі тастап жіберді. Ішімдікті ұттап алмайтын күйеуім күн құрғатпай ішетін болды.

Ой, тоба-ай, адам осылай да өзгереді екен-ау. Жұмысын соншалықты жақсы көрген екен ғой. Әйтсе де, қалада не көп, мектеп көп қой.

Психиатрға апарғанымда «Адам ең басты құндылығын жоғалтқанда өзін-өзі тастап жібереді» деп түсіндірген болатын. Расында да, күйеуім жан-тәнімен беріліп істейтін сүйікті жұмысынан шеттетілген соң осындай күйге түсті.

Жазмыш қой, әйтпесе оқушыны менің күйеуім терезеден итеріп жіберген жоқ. Ол бақылау жұмысын беріп, өзі бірер минутқа тысқа шығып келгенше, екі бала ерегісіп қалып, бесінші қабаттан біреуі құлап кеткен.

«Жедел жәрдем» дер кезінде шақырылып, оқушы ауруханаға жеткізілді. Бірақ жансақтау бөлімінен бала шықпады. Оның өліміне ата-анасы мұғалімді айыптады. Кешірім сұрап бірнеше рет бардық, қомақты ақша да ұсындық. Алайда келісімге келе алмадық.

Күйеуім сотталып кетпеді, бірақ жұмысынан кетті. Бұл оған ауыр тиді. Оның үстіне оқушының өліміне өзін кінәлады. Осы кінәлау оны ішімдікке итермеледі.

Оны баяғы салауатты өміріне қайтару үшін қолымнан келгеннің бәрін істедім. Тіпті осы уақытта құдай тілеуімді қабыл етіп, етегіме бала да берді. Бірақ күйеуіме бала да қызық болмады. Екі жарым жыл декреттік демалыста отырғанда араққұмар күйеуіммен алысып шаршадым. Бір жағымда балам жылап жатады, екінші жағымнан күйеуім тоқтамай сөйлеп, тыңдамасам ұрыс шығарып жүйкем жұқарды.

Ақырында бөтелкедегі арақ оған аз тисін деп, қосылып ішетін болдым. Төгіп тастасам бәлесіне қалам, сондықтан тек қосылып ішу арқылы ғана бөтелкенің жартысын оған қалдыруға тырыстым. Мен осылай оның ішетін арағын азайттым деп ойладым. Сондай-ақ есін білмей мас болудан қорғағандай болатынмын. Әйтпесе, ол мас боп қалса «Өлем» деп арқан алып жүгіретінді шығарған еді.

Мен бастапқыда өзіме қатты сендім. Өйткені мен оңайлықпен мас бола қоймайтынмын және ерік-жігерім де мықты еді. Бірақ арақ мені жеңді. Мен де күйеуім сияқты араққа тәуелді боп шыға келдім.

Күйеуімді тура жолға салуға тырысып келе жатқаныма алты жылдан асты. Бәрі бекер. Одан да өзімді түзейін деп шештім. Өйткені адамның өзінде ниет болмаса, оның өз нәпсісін жеңуі қиын екен. Ал менде ниет бар. Бұндай ниет менде осы жылдың қыркүйек айында пайда болды.

Ұлымды биыл мектепке ертіп бардым. Алғашқы қоңыраудың үні, мұғалімдер ұйықтап жатқан рухымды оятқандай.

Бір-екі таныс мұғалімді жолықтырып қалдым. Олар бұрын мен істеген мектептен ауысып келіпті. Олардың жалақысының өскенін естіп қызықтым. Үйге кеп, айнаға қарап «Күмісай, кімге айналғансың? Сен мықты мұғалім едің ғой» деп, әбден жыладым. Өткен өмірімді еске алып, тағы да жылап алдым.

Декретке шықтым да, күйеуімді ішімдіктен арашалаймын деп жүріп өзім де соның қатарына қосылған едім. Сосын үй маңындағы асханада ыдыс жуып балам мен күйеуімді асырадым. Ішімдік ішуден қалай ұялмағанмын? Қос дипломым бола тұра ыдыс жууға қалайша намыстанбағанмын? Таң қалам...

Жоқ, менің ойым өзгерді, мен қайтадан мұғалім болам. Ол үшін ішімдікке тәуелділіктен құтылуым керек. Үш ай болды, азайттым. Бірақ күйеуімнің сөздері шаршатқанда ұрттап қоямын. Біржолата қалай бас тарта алам? Қандай амалы бар?.. Түзелгім келеді...»


Күмісайға көмек керек. Ішімдіктен жеріндіретін амал білсеңіз, комментарийге жазып қалдырыңыз, оқырман.



Ұқсас оқиғалар:


«Мен қызыққан әйелімнің үлкен омырауы қайғы әкелетінін білмеппін»: алматылық азамат күйзелісте жүр


«Әйелдер еркек үшін боянбайды!»: күйеуімен ұрсып қалған келіншек жанайқайын айтты