​«Күйеуім "семізсің" деп мазақтайды»: тараздық келіншек салмақ тастаудың амалын таппай жүргенін айтты

0
5 674

«Өмірге деген қызығушылығым таусылды»


​«Күйеуім
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Күйеу деген әрдайым қолдап тұрса, күн сайын саған сүйетінін айтып, пісірген тамағыңды, жүрген жүрісіңді, әрбір қимылыңды мақтап, жылы сөздерін арнап тұрса... кинодағыдай. Әй, қайдам, ондай еркек кемде-кем шығар. Басқаларды қайдам, менің жолдасымнан мұндай жылы сөз есту арман болды», - дейді Гүлзира есімді келіншек.


Гүлзираның тұрмысқа шыққанына он жылдан асқан, үш баланың анасы. Ол ERNUR.KZ тілшісіне күйеуі екеуінің арасындағы проблеманы айтып, көпшіліктен кеңес сұрап отыр.


«Үйленгенге дейін күйеуім мен армандаған ханзададай еді. Күн сайын гүлмен келіп, қыдыртып, көңілімді аулап тұратын. Сүйіп қосылдық. Шынымды айтсам, мен осы уақытқа дейін өзімнің бойыма сай келетін ұзын жігітті біраз іздегем. Себебі маған көңілін білдіргендердің көбі тапал, орта бойлы болатын. Жолдасымды алғаш кездестіргенде оның ұзын бойына, өзіне жараса қалған костюм-шалбарына қатты қызыққанмын. «Мен армандаған жігіт осы» деп бір көргеннен шешім қабылдағанмын. Ол да мен сияқты ұзын бойлы қыз іздеген екен. Оны кейін енем айтып берді ғой.


Бір қызығы, күйеуімнің інісі де өзі сияқты денелі де, әпкелері мен қарындастарының бойы кіп-кішкентай, ап-арық келген. Енем мені келген күннен жақтырмады. «Халатың тым қысқа екен, сирағың ұзын ғой, ұзындау халат алып ки» деп бұйырды.


Көп ұзамай балалы болдым, толғатып жатқанда дәрігерлер кесарь тілігін жасау керек деп шешкен. Аяқ асты отаға түстім де, босанған соң қалпыма келу қиын болды. Іш қалып кетті. Оның үстіне анам «балаңа сүт болады, құнарлы тамақты көп же» деп құлағыма құя берді. Содан мен бірден он келі салмақ қосып алдым. Бойым ұзын болғасын салмақ қосқаным онша білінбейтін.


Екінші баламды босанғанда тағы да жаңағыдай жағдай қайталанды да, кәзімгідей семіріп алдым. Осы кезден бастап күйеуімнің маған деген көзқарасы өзгере бастады. «Жұмыс көп» деп үйге кеш кешетінді шығарды. Жанында бірге жүрсем «неменеге ырсылдап кеттің» деп жақтырмайтын болды. «Ішің ашыған қамырдай болып кетті, кішкене азбайсың ба?» деп мүмкіндік туа қалса ескертіп отыратын.


Арықтау үшін істемеген нәрсем қалмады. Дәріханалардағы арықтататын шайлардың түр-түрін іштім, жаттығу да жасадым, ұннан жасалған тамақтарды жеуді де тоқтаттым. Бірақ салмағым кеткен жоқ. Ары кетсе 3-4 келі түседі, бірақ уақыт өте қайтадан баяғы қалпыма түсіп аламын.


Елдің бәрі «сен семіз емессің, томпақсың, өзіңе жарасады, бойың ұзын ғой» деп мақтаса әжептеуір көңілденіп қаламын. Бірақ күйеуімнің «томарсың, дөңкесің» деп кекеткені намысыма қатты тиеді.


Бір күні базардан көйлек сатып алдым. Сатушы апай «бұл көйлектің түсі көзің жауын алады, адамның дене пішінін әдемі етіп, арық етіп көрсетеді» деп мақтады. Маған да ұнаған. Үйге келіп «қарашы, әжептеуір арық етіп көрсетеді екен» деп ағымнан жарылып отырсам, «Сені тек семіз ба десем, миың да жоқ екен ғой. Денеңе жабысып тұрған майды көйлек қалай кетіреді деп ойлайсың» деп одан бетер күлді.


Осы әңгімеден кейін мен ғаламтордан арықтаудың жолдарын әбден іздедім. Шетелдік бір компания жылдам аздыратын коктейль ұсынып жатыр екен, еш ойланбастам бар жиған ақшамды төлеп, сатып алдым. Ішкенде әжептеуір салмақ тастадым. Бірақ оны тоқтатпау керек екен, ал оған ай сайын сала беретін ақша қайда. Екі курсынан кейін сатып алуға қаражатым жетпеді. Сол-сол екен, баяғы салмағыма тағы 8 келі қосып, түрім де, дене пішімім де кісі шошырлықтай болып кетті.


Күйеуім «Бес бала туған әпкемді көрмейсің бе, әлі тұрмысқа шықпаған қыздай боп жүр. Үш бала тапқаныңды сылтау ете бермеші» деп ұрысып тастайды. Шынында да қайын жұртпен болатын той-жиында өзімді жаман ыңғайсыз сезінемін. Себебі айналамда кілең бойы кіші, фигурасы келіскен қайынсіңлі, абысындарым отырады.


Осындай жағдайлардан соң күйеуіммен ажырасқым келіп жүр. Оның да маған көңілі суып кеткен сияқты. Елдің әйелдері сияқты спорт клубтарына барып, неше түрлі жаттығуларды жасап, арықтау марафондарына қатысатын артық ақшам да жоқ.


Күйеуім тағы балалы болғанымды қалайды. Ал мен одан бетер семіріп кетуден қатты қорқамын. Не істерімді білмеймін, ішінде артық салмақтан арылудың тиімді тәсілін білетін кісілер болса, маған көмек қолын созса екен. Базарға барып киім киіп көруге де ықыласым жоқ. Сатушы қыздар киімдерді ұстай бастағаннан-ақ «бұл жерде сіздің размеріңіз жоқ» деп шығарып салады.


Бірте-бірте өмірге деген қызығушылығым жоғалып, күйзеліске түсіп бара жатқан сияқтымын. Қайтсем екен? Күйеуім мазақ еткен сайын толысып бара жатқандаймын...»