​«Күйеуіме "завуч" әйел тыныштық бермейді»: алматылық әйел кімнен, қайдан көмек сұрарын білмей отыр

0
5 268

«Күйеуіңіздің маған көк тиынға керегі жоқ, өзі айналшықтап кетпейді, керек болса ала беріңіз» деп тұр...


​«Күйеуіме

иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Енді менің күйеуіме Құдайдың өзі ынсап беріп, нәпсісін тыймаса, пендеден жәрдем қалмады. Басы дуаланған сияқты, көзіне жиырма жыл отасқан әйелі де, ағайын-туысы да, бала шағасы да көрінбей тұр», - дейді ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан Әлия есімді әйел.


Әлияның күйеуі қаладағы мектептердің бірінде оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі болып істейтін мұғалім келіншекке ғашық боп, отбасының ойраны шыққанын айтты. Болған жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Жұбайым екеуіміздің арамызға бір әйел түскелі бір жылдан бері отбасымыздан береке кетті. Олар былтыр тамыз айында танысқан. Кіші баламды тәуір мектепке оқытамыз ба деп ойлағанбыз. Әкесі мектептерді қарастырып, сұрастырып жүріп әлгі әйелмен ілінісіп қалыпты. Содан бастап үйімнің берекесі кетті.


Күйеуімді «ұрлаған» ұстаздың есімін де білемін. Өзінің бір қызы бар екен, бірақ әке-шешесінің тәрбиесіне беріп қойған. Әділдік іздеп ол әйел қызмет ететін мекемеге де бардым. Директорына жолығып, «мына мұғалім отбасымды ойрандап жатыр, бір шара көріңіздерші» деп өтіндім. Мекеме басшылары «Біз ол адамның жеке өміріне араласа алмаймыз, оның құқын бұзуға қақымыз жоқ» дейді. Сонда күндіз балалар мен мұғалімдерге тәрбие туралы әңгіме айтып, түнде ойнастық жасауға болатын болғаны ма? Шаңырағым шайқалудың аз-ақ алдында тұрған менің құқығымды кім қорғайды?


Мен бұл жағдайды екі аптадан кейін-ақ білдім. Ұйықтап жатқанда күйеуімнің телефонына қайта-қайта СМС келе берді. Ашып қарасам «әлі мені жақсы танымасаңыз да көп қамқорлық көрсеттіңіз, сізге көп рахмет. Мен сізді сүйем» деген хабарлама тұр екен. Бұған дейін ол үйге түн ортасында, таңда келіп жүрді. Сосын жолдасымнан жайлап сұрадым. Басында мойындамай, қашқақтаған. Кейіннен бәрін айтып берді. Күйеуім «Ол әйелге бармаймын деп отырып, қалай барғанымды өзім де білмей қаламын. Екі аяғым мені сол әйелге алып барады. Есіл-дертім сол әйел» деп жасырмай айтты.


Басында ортада өсіп келе жатқан балаларымыз бар ғой деп мән бермей жүрдім. Бірақ олардың ара қатынасы қыс түсе күшейіп кетті. Сенбі сайын үйге қонбайды.

«Нұрлыбек ағаны мектеп жақтағы аялдамадан көріп қалдым, бір әйелдің машинасына отырып, кетіп қалды» деп балаларымның достары айтқасын, олар да болған жағдайдан хабардар болды. Үлкенім ержетіп қалған ғой, биыл мектепті бітіреді.

«Әке, жұрт сізді өсектеп жүр, ұялмайсыз ба?» деп сөзге тартқан. Екі баласын алдына отырғызып қойып «Болды, еркекше уәде берем, енді тек сендермен біргемін» деп ант-су ішкен. Ертеңіне әлгі әйелге барды да, тағы үйге қонбай қалды. «Менің аяғым ауыр, кететін болсаң өзімді де, баланы да өлтірем» деп қорқытыпты. «Әлия, баланың қандай жазығы бар, мен оны тастай алмаймын» деп сүмірейіп келіп тұр.


Жаңа жылда жалынып жүріп үйге әрең келтірдік. Бірінші қаңтар күні әлгі әйелге кетті де, бір аптадан кейін оралды. Түрінен түр қалмаған, екі жағы суалып, көзі шүңірейіп кеткен. Біреу сөлін сығып алғандай. Жаным ашып кетті, қыздай қосылған сыңарым ғой, жамандыққа қимаймын. Амалсыз үйге кіргізіп, ас-суын беріп, бетін бері қараттым.

Ақпанның басында балам 18 жасқа толды. «Достарыммен тойлаймыз» дегесін кафедегі дастарханын жасап, сол ауданда тұратын досымыздың үйіне бардық. «Мен Арманмен футбол көремін, сендер қайта беріңдер» деп түн ортасында таксиге салып жіберген. Біз кете салысымен әлгі әйелдің үйіне жетіп барыпты. Таң атқанша келмегесін досымызға телефон соққам, «бір әйелмен қайта-қайта сөйлесіп, ол машинасымен алып кетті» деп шындықты айтып қойды.


Үйімізден береке кете бастағасын мен әлгі әйелдің өзіне звандадым. «Қазір бүкіл журналистерді жинап, сенің қандай адам екеніңді әшкере етем. Масқараңды шығарам, министрлікке үстіңнен арыз жазам, күйеуімнің басын босат» деп айқайлап едім. «Күйеуіңіздің маған көк тиынға керегі жоқ, өзі айналшықтап кетпейді, керек болса ала беріңіз» деп тұр. Мен оған «Адамның жазасынан қорықпасаң да, Алланың жазасынан қорық. Өсіп келе жатқан қызыңның тағдырын ойла. Сен менің балаларымның балалық шағын жойып отырсың. Үйдегі айқай-шудан олар да шаршады. Менің жолдасым бәрін мойындап отыр. Сен енді оны мазалама» деп, мән-жайды ашық айттым. Ол мені түсінгендей болды. Осымен бәрі біткен шығар деп ойладым. Бірақ біздің үйдегі айқай-шу жалғаса берді. Жолдасым адам танымастай өзгерді. Телефонды ұстап алып, бүрісіп отырады. Тіпті ағайын -туыс, дос-жарандарымызға дейін оның өзгергенін айтып, таңданып жүр.


Ол білімді әйел, үлкен білім мекемесінде қызмет жасайды. Күйеуімнің отбасы, екі баласы, жылап-еңіреп жүрген әйелі бар екенін білсе де лас тірлігін қоймай жатыр. Жасы болса 43-те, менің жолдасым-39-да. Шамасы дуалап, күйеуімді сиқырдың күшімен ұстап тұр-ау. Әйтпесе менің күйеуім онша-мұншаға көз сүзе бермейтін.


Шынымды айтсам, ырың-жырыңнан шаршап кеттім. «Мен саған екі ай уақыт берейін, киімдеріңді жина да, әлгі қатынның үйіне барып тұр. Егер араларың жақсы боп, араларыңда шынымен махаббат болса, екі айдан кейін ажырасуға арызды өзім жазамын. Алда-жалда сезімің сөніп қалса, екі айдан кейін үйге қайтып кел, мен сені кешіріп, қабылдаймын» деп те айттым. «Мен сендерді тастамаймын» деп азар да безер болды. Олай болса не істеуім керек, отбасымды сақтап қалуым үшін кімге, қайда барып көмек сұрарымды білмей, басым қатып отыр...»