​«Күйеуімнен құтыла алмай жүрмін»: алматылық әйел көпшіліктен ақыл сұрайды

0
7 571

"Әр жерде аунап жатады..."


​«Күйеуімнен құтыла алмай жүрмін»: алматылық әйел көпшіліктен ақыл сұрайды

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

«Біреулер тұрмысқа шыға алмай, қасымда қарайып жүретін бір еркек болса деп армандайды. Ал маған олай құры қарайып жүрген еркектің түкке керегі жоқ екен».
Жанар ханым ERNUR.KZ тілшісіне осылай деп ағынан жарылды.

«Біз Жұмағалимен о баста сүйіп қосылған жоқпыз. Мен өгей әкемнен, үйдегі күнделікті ұрыс-керістен құтылайыншы деген оймен жеңгелерім таныстырған бірінші жігіттің етегінен ұстаған адаммын. Барған жерімнің де жетісіп тұрғаны шамалы екен. Біріншісінен қашып, екіншісіне тап болдым. Енем марқұм өте адуынды адам болып шықты. Тіреп тұрған төркінім жоқ болған соң ба, әлде мені ширатып алғысы келді ме, отырсам опақ, тұрсам сопақ ететін. Күндіз егістікте мақта шабамыз, кешке үйдің тірлігі, тамағы, бір тынбайтынмын. Сонда да енемнің «айналайын» деген сөзін ести алмадым. Қит етсе күйеуіммен шағыстырып отыратын. Ол да ішетінді шығарды. Ішкен адам тыныш отыра ма, қызғаныш, ұрыс-керіс болады. Ондайда енем баласына өз бөлмесіне жай салып беріп, менен бөлек әкетіп қалады. Қызғаныш қой.


Осылай итшілеп жүргенде жылма-жыл екі қыз тудым. «Мына қатының ұл туа алмайды» деп тағы кекету, кемсіту... Ақырында мен мұндай өмірден безіп кеткім келді. Кезекті бір ұрыста киім-кешегімді жинап, екі қызымды алдым да, төркініме кетіп қалдым. Онда қайбір жетіскен өмір дейсің. Қысқасы, бар күшімді жинап, екі қызды аяққа тұрғызуым керек деп шештім. Анама «екі қызды біраз уақыт сізге қалдырайын, қарайласа тұрыңыз. Ал өзім қалаға барып жұмыс істеймін» деп тапсырдым.

Содан мен қалаға келіп, бір жақсы апайдың дүкеніне сатушы болып кірдім. Ол кісі де кезінде ене мен байдан әбден қорлық көріп, өз күшімен осындай дәрежеге жеткен адам екен.
«Сенің жағдайыңды жақсы түсінемін, үйімде бос бөлме көп, тұра бер. Тамағыңды да уайымдама. Әлі-ақ бұның бәрі көрген түстей өтіп кетеді» деп қамқорлық танытты. Бала күнімнен анамның қасында сауда істеп, тәжірибе жинағаным бар, тірлікті бірден игеріп кеттім. Табысым да жаман емес. Апта сайын ауылға, қыздарыма барып қайтамын. Тұратын жерім, тамағым тегін болғасын жалақымды жинай бастадым.
Бір күні Тамара (дүкеннің қожайыны) әпкеме: «Маған қала сыртынан болса да, арзандау бір жер тауып беріңізші. Екі бөлмелі шағын үй соғып алсам да, қыздарымды қолыма алсам деймін» деп ойымды айттым. Тамара әпкем Құдайға қараған адам екен. «Ойбай-ау, ондай үй менде бар. Балаларға сатайық деп жүр едім. Сен соны алшы. Қанша бере аласың, соны бер. Қалғанын айлығыңнан шегеріп тұрамын. Аяғыңнан тұрып кетсең болды» деп әкемнен, тіпті туған күйеуімнен көрмеген жақсылықты жасады. Оның бұл көмегін екі дүниеде де ұмытпаспын.
Осылайша мен баспаналы болып, екі қызымды қолыма алып, оларды бақшаға беріп, тып-тыныш өмір сүріп жаттым. Қыздарым мектепке барды. Мен үйдің қарызынан құтылып, басқа жұмысқа орналастым. Бірақ бір нәрсе жетіспейтіндей. Денсаулығым сыр бере бастады.

Әйел болғасын еркектің құшағын аңсайсың, түнімен дөңбекшіп, мазам кете бастады. Осы кезде баяғы мені Жұмағалимен таныстырған жеңгем «Байың бұрынғыдай емес, ішкенін қойған. Шешесі өмірден өткен соң ешкімге керек болмай қалған. Көрсең тіпті жаның ашиды. Тірлікке епті ғой, үйіңе кіргізсең екеулеп мына үйіңді үлкейтер едіңдер. Қайта қосылсайшы, қыздарыңа да әке керек, туған әкелері тірі ғой» деп үгіттеді. Расында да өзге еркек қыздарыма әке болып жарыта ма, одан да қайта қосылып көрейін деп күйеуімді шақырдым.

Обалы не керек, күйеуім бұрынғыдай емес. Жуасып қалған. Қыздарым да әкелерін әбден сағынған екен. Мәре-сәре болдық. Күйеуім «Алаңдамай тірлігіңмен айналыса бер, үйді өзім ептеймін» деп қуантып қойды. Таңда кетемін, кешке келемін, келсем отым жағулы, тамағым дайын. Шынымды айтсам, менің де жаным кіріп қалды. Екі қыздан соң ұл туып алдым. Ол төрт айға толғанда күйеуіме тастап, қайта жұмысқа шықтым. Тап-тұйнақтай етіп қарайтын.

Бірақ бұл қуаныш ары кетсе екі-ақ жылға созылды. Күйеуім ауылдағы қолы бос еркектерге қосылып, баяғы ішімдігіне қайта салына бастады. Кешке жұмыстан келсем үй азынап тұрады. Тамақ жоқ. Балалардың тоз-тозы шыққан. Күйеуім шошқа сияқты әр жерде аунап жатады. Көрші келіншектің күйеуі екеуміз сүйреп әкелеміз. Үйге келген соң тыныш, ұйықтап қалса мейлі ғой. «Сен жүргішсің, мына үйді қай байың әперді? Мына бала кімнен?..» дегендей жаныма тиетін ауыр сөздерді айтады. Өзі жарытып тірлік те істемейді. Таныстарды араға салып, талай жерге кіргіздім. Бір-екі апта істейді де, кейін бармай қоя салады.

Бұрын «әкешім» деп жалпылдап тұратын қыздарым да қазір әкелерінен безіп кеткісі келеді. «Мама, құртыңызшы, бізге мұндай алқаш әке керек емес» дейтін болған. Негізі ішпесе одан жақсы адам жоқ. Ішсе аузына ақ ит кіріп, көк ит шығады. Ащы тілі қыздарына да тиіп кетеді.
Осындайларынан шаршадым. Бір ашуланғанда заңды түрде ажырасып кеткенбіз. Бірақ үйден кетпейді. Кетіре алмадым. Учаскелік инспекторға тапсырсам, олар да он бес тәуліктен соң босатып жібереді. Қысқасы, өмірім ит-қорлықпен өтіп жатыр. Мен де ел қатарлы жарқырап киінгім келеді, мына екі бөлмелі үйді кеңейтіп, іші-сыртын жөндесем деймін. Бірақ тапқаным алқаш байды, балаларды асыраудан артылмайды. Не істесем екен, күйеуімді қалай, қайда құртарымды білмей жүрмін. Өз бауырларына да керек емес, қайынағаларым азар да безер болып отыр. Мұндайда не істеген дұрыс?..»


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Келінім мен күйеуімді үйден қуып шықтым» : алматылық әйел отбасындағы сұмдық жағдайды айтып берді


«Бұл масқараға шыдай алмадым...»«Құдам қызыма қол жұмсады»: түркістандық әйел осылай деп мұңын шақты