​«Күйеуімнің досына тұрмысқа шықтым»: шымкенттік келіншек ата-енесімен арадағы ренішін айтып берді

0
1 500

«Кетерімде «несиеңді өзің төле» деп қуып шықты»


​«Күйеуімнің досына тұрмысқа шықтым»: шымкенттік келіншек ата-енесімен арадағы ренішін айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Тағдырым ойламаған жерден басқа арнаға күрт бұрылды. Ең жақын адамдарым дегендер менен теріс айналды, туыстарым деп келгендер маған қатты өкпелі. Бірақ «тағдырдың бір есігі жабылса, екіншісі ашылады» дегені рас екен. Біраз адаммен қарым-қатынасым үзілгенімен, Құдай маған басқа адамдарды туыс етті», - дейді Балнұр есімді келіншек.


ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан оқырманымыз басынан өткен жағдайды бүкпесіз баяндап берді.


«Алдымдағы әпкелерім ерте тұрмыс құрып, өзімнен кейінгі інім әлі мектеп жасында болған соң, университет бітірген мен мамандығым бойынша жұмысқа тұра алмай біраз қиналдым. Біздің жақта мұғалім боп орналасу үшін әкесінің құнын сұрайтын. Сол себепті дүкенде сатушы боп жұмыс істеп, тапқан ақшамды ауылдағы ата-анама болысу үшін жөнелтіп тұрдым. Екі жыл әр істің басын бір шалып жүргенде күйеуім Мейіржанға кезіктім. Ол біздің дүкенге сүт өнімдерін жеткізіп беруші ретінде келіп-кетіп жүретін. Бірте-бірте әңгімеміз жарасып, соңында үйлендік.


Ол қаланың іргесіндегі ауылдардың бірінде ата-анасымен тұрады екен. Үйінің кенжесі әрі бетіне қараған жалғыз баласы, алдында төрт әпкесі бар. Мен келін боп түскенде ата-енем балаша қуанды. Жалғыз ұлының басы көбейгеніне шүкіршілік етіп, мені бесінші қыздарындай қабылдады. Обалы не керек, көп ұзамай қаладағы мектептердің біріне құдаларын араға салып жүріп мұғалім етіп қойды.


Мейіржан екеуміз де күнделікті қалаға жеке көлігімізбен қатынап жүрдік. Сол сәттерді әлі де сағына еске аламын. Жас жұбайлар үшін ата-енеден бөлініп шығып, күнде бірге қалаға бару, жол бойы сырласып, сезімімізді білдіріп, әзілдесіп бару ең бақытты сәттердің бірі еді. Қазір сол күнді сағына еске аламын. Кейде жолда болмашыға ренжіп, балаша бұртиып қалушы едім. Мейіржан мені ерекше жақсы көрді ме, сол мезетте көңілімді тауып, жұмысқа өкпелемей кіргенімді қадағалайтын.


Қайтарда да сол жағдай. Кешке мені мектептің алдынан күтіп алып, табанымды жерге тигізбей үйге жеткізетін. Кейде өзі мені алып қайта алмайтын болса, жан досы Дәулетке тапсыратын. «Өзің бір тал шашын түсірмей, үйге жеткізіп сал» деп аманаттап, жол бойы хабарымды біліп отыратын. Дәулет те досқа адал жігіт, айтқанын екі етпей орындайтын.

Мейіржанның достан жолы болды, бір үйдің баласындай бір-бірін күн көрмесе сағынып, ыстығына бірге күйіп, суығында бірге тоңа білген Дәулет біздің махаббатымыздың куәсі еді. «Балнұрдай бір қызды тапсам, мен де осылай бақытты боп жүрер ем» деп қиялға берілетін. «Сені өз сіңлілеріммен, құрбыларыммен таныстырайын» деп бірнеше қызды көрсеттім. Әйтеуір сөздері жараспады.


Бір жарым жылдан соң отбасымыз керемет қуанышқа кенеліп, біз ұлды болдық. «Баламның ізін жалғар ұрпақ келді» деп атам қуанып, ауыл-аймаққа той берді. «Балаларыңның кіндік әкесі болайыншы, бәлкім сонда жолым ашылып, үйленіп, мен де ұлды болармын» деп Дәулеттің өзі ұсыныс білдірді. Мен де Дәулет тезірек үйленсе екен, жаныма құрбы табылар еді деп ойлайтынмын...


Үйленгенімізге тұп-тура үш жыл толанда Мейіржан жол апатына ұшырап, ауруханада жатыр деген суыт хабарды естідік. Алып-ұшып ата-енеммен ауруханаға барып едік, «жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр» деп дәрігерлер көрсетпей қойды. «Сіз әйелі боласыз ба, ата-анасы қарт кісілер екен, өзіңізге айтайын» деп дәрігер шындықты тура айта салды. «Күйеуіңнің жағдайы өте ауыр, бәрі Құдайдың қолында, ғайыптан тайып бір керемет орнамаса, өмір сүріп кетуі екіталай, сондықтан әрекеттеріңізді жасай беріңіздер» деп қойып қалды.


Мең-зең күйде қалдым. «Не деді» деп ентелеп келген ата-енеме, қайын әпкелеріме не дерімді білмей қалдым. Олар менің бет-жүзімнен-ақ байқаған болуы керек, біреуі дәрігердің артынан қайта жүгіріп кетті. Айтса-айтқандай-ақ, сегіз сағат дегенде «өлді» деген суыт хабарды естідік. Сонымен үш жыл жұбымыз жазылмаған жолдасым тілге келместен кете барды.


Жүрегім қан жылайды, ата-енемнің үйінде жүрмін, бірақ жанымда Мейірім жоқ. Енді оралмасын білсем де, әне-міне келіп қала ма деп елеңдеймін. Үйде отыру мен үшін азап болды, тынысым тарылып, кең далаға сыймай кеттім. Тойымызды жасауға ақша жетпеген соң, менің атымнан несие алғанбыз. Оның да төлемі бір өзіме қарап тұр. Күйеуімнің қырық күндік асы өткесін енем жұмысқа шығуыма рұқсатын берді. «Балаға өзім қараймын, бір уақ көңілің бөлініп, жұмысыңа барып келіп жүр. Еңсеңді көтер, балаңды жеткіз» деп батасын берді.


Бұрынғыдай дайын көлік жоқ, қалаға қатынап жұмыс істеу қиын болды. Арасында Дәулет қолы қалт етсе, жеткізіп салып, үйге алып қайтып жүрді. Жан досының қазасы Дәулеттің де жанына қатты батты. Екеуміздің мұңымыз ортақ, әңгімеміз ортақ. Бір-бірімізбен дос ретінде сыр бөлісу, қиындығымызы бөлісу бізді бірте-бірте жақындастыра түсті. Мейіржанның қайтыс болғанына екі жыл толғанда ол маған деген сезімін білдірді. Бірақ сөздерінен ойын дұрыс жеткізе алмағанын, қалай қабылдайды деген қорқыныштың барын, бәрінен де досының алдындағы парызы ма, жоқ кінәлі ісі ме, өзі де ашып айыра алмағанын байқадым. Маған да Дәулеттің ұсынысына келісу оңай соқпады. Түн баласы көз ілмей ойланып, ақыры разылығымды бердім. Себебі күйеуім апатқа түсіп, ақырғы аманатын айтар болса мені дәл осы Дәулетке аманаттар еді. «Баламның кіндік әкесісің, жақсылап қара» деп тапсырар еді, ішкі сезімім солай деді.


Бәрінен де өзара шешімімізді үй-ішімізге қалай айтамыз деп қатты қиналдық. Ақыры айттық. Ата-енем Дәулеттің «ата-апамның алдынан өтейін» деген ниетін қайтарып тастады. «Сендер біздің ініміздің тірісінде жүрген шығарсыңдар, әйтпесе бірден пайда болған қандай махаббат ол» деп қайын әпкелерім сыпсыңдап, біраз жерге апарып тастады. Бірақ мен өзімді жақсы түсінетін, баламды әкесіндей жақсы көретін адамның бар болғанына қуандым.


Жастай жесір қалған келінді баяғыда «басыңды байламаймыз, бағың ашылсын» деп үлкендер рұқсатын беріп, шығарып салушы еді. Ал менің ата-енем «Біздің арқамызда жұмысқа тұрып едің, енді қалған неисеңді де өзің төлеп бітіресің. Саған көк тиын да бермейміз» деді кетерімде. Ризалығын ала алмадым. Қазіргі ата-енем мені жылы қабылдап, бәріне түсіністік танытып, ата-енемнің алдынан өткісі келіп еді, оларды да үйіне кіргізбей қойды. Түсінемін, оларға да жалғыз ұлдан, келіннен, немереден айырылу оңай болмады. Бірақ мен басқа жаққа емес, сол ауылға, күйеуімнің бауырындай болған досына қосылып отырмын ғой. Осыны айтып, түсіндіре алмай-ақ қойдым. Әлде менікі дұрыс болмады ма, қалай дейсіз?»