«Күйеуің таксист болмасын»: шымкенттік келіншек бұл сөздің бекерге айтылмағанын растап отыр

0
4 064

Ол барлық таксисті күйеуіне ұқсатады.


«Күйеуің таксист болмасын»: шымкенттік келіншек бұл сөздің бекерге айтылмағанын растап отыр

Бүгінде қоғамдық көліктен гөрі таксимен жүретіндер көбейген. Өйткені ұялы телефон арқылы такси шақыру оңай. Жедел, тиімді әрі бағаны алдын ала өзіңіз белгілейсіз. Тіпті десеңіз, бүгінгі таксистер өзі хабарласып, үйіңізге кеп алып кетеді. Сұраныс артқандықтан, көлігі бар екі еркектің бірі таксист.

«Еркектің бәрі таксист боп кеткен, ал олардың әйелдері көз жұма қарап отыр ма? Күйеудің таксист болғаны құрсын», - дейді шымкенттік келіншек Нұрсара. Ол «Қатының әнші болмасын, күйеуің таксист болмасын» деген сөздің қатесіз айтылғанына сенеді.


Бұған ол өз күйеуі мен ағасын мысал әрі дәлел етіп, оқиғасын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.

«Күйеуім он бір жылдық мектептен соң білім алмаған. Менде де диплом жоқ еді, әпкемнің айтуымен үш балалы болғанымда сырттай мұғалімдікті оқып алғаным әбүйір болған екен. Сол дипломым болмағанда қалай күн көрер едік, білмеймін.

Күйеуім үйленгелі тұрақты жұмыс істеген емес. Екі қолға табылған жұмыстарды істеп жүрді. Тапқаны мардымсыз, күнделікті азық-түліктен артылмайды.

Ол кезде мен әлі жұмысқа орналаспаған едім. Пәтер жалдап тұрамыз. Балаларыма алатын жәрдемақы бар, одан бөлек ауылдағы ата-енем зейнетақысынан беріп көмектесіп, қалада тіршілік етіп жаттық.

Бір күні күйеуім «Таксист болам. Кредитке көлік алайық» деді. Келіспедім. Ай сайын тұрақты жалақы алмаған соң, күнделікті табыстың берекесі болмайды. Байып кеткен таксисті кездестірмеппін. Күні-түні тынымсыз айдағандықтан табысы көлігін жөндетуден артылмайды.

Үлкен ағам бірнеше жыл Шымкент пен Тараз қаласының арасында «таксовать» еткен. Әрине бала-шағасы аштан қалмады, бірақ тұрмыстары түзеліп те кетпеді. Отбасын тастап кетуіне де таксистігі себеп болды.

Фото: timebusinessnews.com

Бұны енді ғана мойындап отырмын ғой. Әйтпесе жеңгем талай рет «Ағаң көлігіне бір келіншекті салып алып жүреді екен. Көргендер айтып жатыр» дегенде, мән бермегенмін. «Еркектерге қарағанда көбінесе әйелдер таксимен жүреді ғой. Әр клиенттен қызғана берсең, жүйкеңнен не қалады? Қайдағыны айтып, жоқ жерден жік шығара бермеші» деп, ұрсып тастайтынмын. «Әркім өз бауырына шаң жуытпайды. Мүмкін жұрттың өсегі шығар естігенім. Бірақ күнде көлігіне әр түрлі әйел мінгенде, жүргізуші таныспай қоймас. Жол қысқарсын деп әңгіме айтады. Сөйтіп жүріп бір әйел арбап алса ше?» деп, уайымға салынып отыратын жеңгемнің сөзі бір құлағымнан кіріп, екінші құлағымнан шығып кететін. Алайда ағам шынымен тараздық бір саудагер келіншектің соңынан кетті. Жұмыстарымен Шымкентке жиі келетін келіншек ағамның тұрақты клиентіне айналған. Ары-бері тасып жүріп, сөздері жарасқан. Тағы бірде Шымкентке тойға келіп, мас боп шыққан келіншек ағама қоңырау шалған. Таразға жеткен соң пәтеріне дейін өз аяғымен жете алмайтынын айтыпты, ары қарай белгілі емес пе.

Бұны ағам жеңгеме өзі айтып беріпті. Ақталғаны ма, әлде сүйіп қалғанын білдіргені ме, әйтеуір кетерінде махаббат хикаясы қалай басталғанын баяндап берген ғой.

Күйеуім таксист боламын дегенде, осы оқиға да есіме түсіп, есімді шығарды. Үзілді-кесілді қарсы болдым. Күйеуім маған қырсығып «Жұмыс жоқ» деп үйде жатып алды. Екі ай, алты ай... бір жыл өтті, күйеуім жұмыс істемеді, іздемеді. Үш балам мен күйеуімді жалғыз өзіме асырау қиын болды.

2015-2016 жылдары таксистердің жұмысын ұйымдастырып, үйлестіретін компаниялар құрылып, жұрт аузында жаңалық боп жатқан. Таныстарымның айтуынша, ондай компанияға тіркеліп, айына 150-200 мың теңге тауып жатқандар көп екен. Ол кезде бұл әжептеуір ақша. Тіпті одан да көп тауып, жағдайлары жақсы боп кеткендер туралы да естідім. Көп ойланып, күйеуіме кредитке көлік рәсімдедік.

Күйеуім «Қара да тұр, күндіз де, түнде де ұйықтамай табыс табамын. Көліктің кредитін де төлеймін, екі-үш жылда баспана да аламыз» деп, уәдені үйіп-төкті. Әрине еркек болған соң көлік жүргізгенді ұнатады. Оның үстіне оның дипломы да жоқ. Мейлі мінсін, жұмыс істесін дегенмін.

Алғашқы айларда күйеуім тұрақты түрде кредитті құйып, тоңазытқышты азық-түлікке толтырып, бала-шағаны түрлі ойыншықтармен қуантып жүрді. Көжеміз ағарып, жаңа бұйымдар сатып алып мәре-сәре боп жаттық.

Табысы жақсы болған соң, ерте кетіп кеш келсе де үндемедім. Кейін күндіз клиент аз болады деп, күнімен ұйықтап, түнімен «таксовать» ететін болды. Оған да көндім. Күйеуімнің басқа қалаларға қатынауы көбейе бастады. Тіпті іздемейтінмін, қайда жүргенін сұрамайтынмын да. Жұмысы ғой, амал жоқ шыдауға тура келеді.

Бұрынғыдай үйге табыс әкелуды доғарған соң ғана мен оны іздеп, сұрақ қоятын болдым. Бірде біреудің көлігін соғып алып, қомақты ақша төлегенін айтса, бірде таксистің көбейіп кеткенін, клиент аз болғанын айтып күмілжиді. «Қазір көлігі жоқ еркектер де жүргізуші боп жүр. Олар көлікті жалға алып айдайды» дегеніне де сендім. Бірақ үш ай кредит төленбегенін айтып банк қызметкері үйге қоңырау шалғанда, не істерімді білмей дал болдым.

«Түн ортасына дейін сонда не істеп жүрсің? Тым болмаса кредиттің ақшасын табуға болатын шығар?» деп ұрыстым. Жұмысқа кетеді, бірақ ас-суға ғана жететін ақша табады. Мінген таксилерден сұрасам, күніне кем дегенде 10-15 мың теңге табады. Бір шикіліктің бар екені анық, таксист күйеуімді такси жалдап аңдуға кірістім. Артық шығын, әжептеуір ақша кетті. Ұйқыдан қалу да маған оңай емес. Бірақ күйеуімнің не істеп, қайда жүргенін білгім келді.

Күйеуім өзі айтқандай тынымсыз жұмысын істеп жүр. Бірақ байқағаным, басқа жолаушылар мінсе де көлігінен бір қара қыз түспейді. Ол үнемі алдында отырады. Күйеуім әр дүкенге кіріп газды су, сыра, шоколад, тәттілер сатып алады. Табысын осы қызға жұмсап жүр екен ғой. Әр клиенттен алған ақшаны осылай жұмсай берсе, несі қалады?

Фото: i.pinimg.com

Төртінші күні екеуі бір подъезге кіріп кетті де, екі сағаттай күтіп отырдым. Зығырданым қайнады. Шыдай алмай, соңынан жетіп бардым да әлгі қызды күйеуімнің көлігінен сүйреп түсірдім. Шашын жұлдым. Заңды әйелі екенімді айтып, ал оны еркектердің ақшасымен өзін-өзі асырап жүрген жолбикеге теңеп, балағаттап жатырмын. «Күйеуіңіз ажырасқанмын деген соң ғана таныстым, әйтпесе жаныма жуытпас едім. Менде кінә жоқ» деп жылағаннан кейін босаттым. Енді рас-өтірігін анықтамақ боп күйеуімнің жағасына жармастым. Қыздың айтқаны рас боп шықты.

Пәтер жалдап тұратын еркек шамасына қараса қайтеді? Көшедегі қайдағы біреу бала-шағасынан артық болғаны ма? Көңілдес іздегенше, әйелі мен бала-шағасын ойламай ма? Мейлі бізді ойламай-ақ қойсыншы, астына мініп жүрген көлігінің кредитін құймай ма?

Күйеуіме қатты ашуландым. Ренжідім. Көңілім суыды. Сезімім өшті. Үйге кіргізбей қойдым.

«Еркекке сенбе, екі босағаңа сен» деген рас қой, мен отбасы жауапкершілігін өз қолыма алған соң, үй кезегіне тұрдым. Сол кездері КИК арқылы қаншама мұғалім баспаналы болды. Мен де ипотекаға үй алдым. Жалақымнан жырып төлеп келе жатырмын. Біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп келеміз. Күйеуімді сыртынан жиі көрем, сол баяғы көлігін айдап жүр. Қашан көрсем де әйтеуір көлігінде түрлі әйел отырады. Мүмкін клиенттер шығар, мен де таксиге көп мінем ғой...

Бұрын көрікті болғаным соң, танысқысы келер деп ойлайтынмын. Оның үстіне айналамда кез келген еркекпен жылдам танысып, сол күні-ақ құшақтасып кетуден арланбайтын ажырасқан келіншектер болғандықтан, жүргізушілерді кінәлай қоймайтынмын. Ыңғайға қарай жығыла салатын үш-төрт әйелді көрген еркектің барлық әйелге көзқарасы өзгереді ғой деп, мен таксистерді ақтап алғым келетін. Бірақ таксист болған туған ағам мен күйеуімнің оқиғаларынан кейін «Күйеуің таксист болмасын» дегеннің бекерге айтылмағанын түсіндім. Күйеуім көзіме шөп салғалы мінген көліктегі жүргізуші әңгімеге тартса, танысуға ықылас білдіріп жатқандай түйіледі де ашуымды ноқталай алмай қалам. Мен үшін таксистің бәрі менің күйеуім сияқты жеңілтек боп көрінеді...»


Нұрсара әңгімесінің соңында әйелдерге «Отбасыңды сақтап қалғың келсе, күйеуің таксист болмасын» деп ескерткісі келетінін айтты. Оның ескертпесімен келісесіз бе, оқырман? Сіз ше, таксист мырза?


Ұқсас оқиғалар:


«Келінімнің үйден қуып шыққанына қуанамын»: павлодарлық келіншек Түркістаннан қалай көшіп кеткенін айтып берді

«Ажырасуды ойлайтын қыздардан қорқатынмын»: талдықорғандық жігіт неліктен кеш үйленгенін айтты