​«Күнә жасап қоя ма деп қорқам...»: Күйеуінен сіңлісін қызғанатын келіншек сырын айтты

0
2 980


​«Күнә жасап қоя ма деп қорқам...»: Күйеуінен сіңлісін қызғанатын келіншек сырын айтты

иллюстрациялық суреттер: ашық дереккөзден

Зорлық-зомбылыққа қатысты жантүршіктірер оқиғалар жиі қайталанып жатыр. Қылмысы дәлелденгендер заңмен жазаланып жатса да азайып жатқан жоқ.

«Көрінгенге күдікпен қарап жүргенде өз күйеуім туралы естіген сөз күйзелтіп жіберді» деп редакцияға хабарласты бір келіншек (аты-жөнін атамауымызды өтінді). ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген жағдайын көпшілік те біліп, айналасына бей-жай қарамауды ұсынады ол.

«Тұрмысқа шыққанда тағдырыңды қосақтайтын жігіттің кім екенін, қайдан екенін зерттеп біліп алу керек екен. Әдемі сөзі мен сыйлығына, іскерлігіне ғана қызығып, «ертең мені асырай алады» деген қате түсініктен аулақ болған жөн екен. Мұны мен өз өмірімнен біліп айтып отырмын», - дейді ол.


Екі қызы мен бір ұлы бар 35 жастағы келіншекті ойландырып қойған жағдай – күйеуінің алыстағы туған жерінде естіген сөзі көрінеді. Содан бері тыныш өмірінен маз кетіп, енді жаны жай таппай жүргенге ұқсайды.

- Мен тұрмысқа шыққалы ата-енем де, күйеуімнің бауырлары да қалада тұрады. Туған жерлеріне барып көрмеген едім. Үлкен жиындарда күйеуім, ата-енем ғана барып қайтатын. Алыс, оның үстіне бірінен соң бірін босанып, баладан шыға алмай отырғанда қалай барайын?

Өткен жазда індеттің кесірінен өлім-жітім көп болды. Өзімнің енем де ауырып жатып қалды. Күзде біраз тыншығандай болғанда алыс жоға жарамайтынын айтқан енем өзінің орнына мені жіберді. Атам бастап барып қайттық. Қайтқандардың үйіне кіріп құран бағыштап, күйеуімнің атасының үйінде бірінші рет келіндік қызметімді атқардым. Сөйтіп жүргенде құлағым мен туралы әңгімені шалып қалды.

Ішкі бөлмеде тәтті пісіріп жатқан мені сыртқа шығып кетті деп офлады ма, әлде әдейі естісін деді ме, ауылдың үлкенірек екі әйелі ошақ басында сөйлеп жатты.


«Үйленіп адам боп кетіпті ғой... Қандай келіншек алар екен деп едім. Есіңде ме, анау пәленшенің 18-ге толмаған қызын әурелеп ауылдың үлкендерінен таяқ жегені? Одан анау пәленшенің де қызының соңынан қалмай жүрген. Ең соңында мектеп оқушысымен әуейі боп, ауылдан қуып жіберген жоқ па? Өзі де біртүрлі еді, адам боп қалыпты. Ұмытпасам, кеш үйленді. Тойына барғанда келіншегіне жаным ашып еді. Ертең тағы жас қыздарға тиісіп жүрсе қайтеді? Содан ғой, қайнағаның үйіндегі апамыз келінін ауылға әкелмейтіні...»


Әңгіме менің күйеуім туралы болып жатты. Не істерімді білмей қаттым да қалдым. «Жас қызға тиіскен, таяяқ жеген, ауылдан қуып жіберген...» Мұның барлығы жайдан жай болмайтыны белгілі. Онсыз да күн сайын түрлі бәлені естіп-көріп жатырмыз. Тіпті, туған әкелері қыздарына қол салғанын естігенде төбе шашымыз тік тұрған. Мына әңгімені естіп мүлде тынышым кетті, -дейді келіншек.


Күйеуінен күдіктенбесе де кей қылығын жаратпайтынын да жасырмады ол.

- Үйде бойжетіп қалған сіңлім мен қайынәпкемнің қызы бар. Өзім ауысымға кеткенде талай рет бала-шағаны соларға табыстап кеткен кездерім көп. Кейде күйеуімнің соларға көз алмай қарап қалатынын да байқаймын, бірақ «жамандық шақырып не болды сонша?» деп ойыма келгенді аластататынмын. Қыздарға да етек-жеңін жиып жүруді жиі айтамын.

Енді ауылдағы әлгі әңгімені естіген соң менде тіпті ес қалмады. Енемнен сұрайын деп оқталғанмын, бірақ денсаулығы онсыз да мәз емес болған соң райымнан қайттым. Жалғыз ұлы туралы жайсыз нәрсе айтып одан сайын жағдайы мүшкіл боп қала деп қорықтым. Ал күйеуіммен бұл туралы сөйлесуге батылым жетпеді. Тек бірде «балдыз» деп сіңліммен әзілдескенде жаным шығып кете жаздады, - дейді келіншек осы үшін күйзеліске түсіп кеткенін де мойындап.


Айтуынша, күндіз-түні «Күйеуім педофил емес пе? Үйленгенге дейін мен білмеген сұмдық жасап қойған болса қайтемін?» деген сұрақтар мазалап, стреске шалдыққан.

- Өз ойыммен өзім арпалысып, тұңғиыққа түсіп кеттім. «Мен кімге тұрмысқа шықтым? Балаларымның әкесі кім? Санасы уланған ба? Қандай күнә жасаған?» деген ойлар маза бермеді. Көңіл-күйім болмай, тіпті, әрнені сылтауратып күйімнің қасына да жатқым келмеді.

Сөйтіп жүргенде бірде сіңлім сабағынан кешігіп келді. Қит еткенге ашуланатын боп кеткенмін бе, келе сала ұрсып жатқам. Менің мұндайымды көрмеген балалар да, күййеуім де бөлмеден атып-атып шықты. Көзі бақырайып тұрған сіңлімді иығынан құшақтаған күйеуім «балдызым бойжетті, жігітпен қыдырған шығар, қойсайшы» деп көзін қысып қалғанда көзіме басқаша елестеп кеткендей болды. «Тарт қолыңды!» деппін...

Содан бастап күйеуім екеуміз жиі ұрыса бердік. Бір күні естігенімді айтып салдым ашумен. Үйде балалар мен ата-енем де жоқ еді абырой болғанда. Ашудан қалшылдап кетті. «Мен ешкімді зорлаған жоқпын!» деп айғайлаған ол сол күйі сыртқа шығып кетті. Бірақ «кім, неге олай деді, мүмкін емес» деп ақталған жоқ. Бар үмітім «ақталады, менің күдігімді сейілтеді ғой» деп едім, орындалмады. Бұл жағдай одан сайын жүйкеме салмақ түсірді.


Үлкен қалада өмір сүріп жатқан ол күйеуінің өткен өмірінен әлі де мүлде бейхабар екенін айтады. Күйеуімен араздасып жүргеніне де біраз болған, ол да ләм деп тіс жармапты.

- Күйеуімнің әпкесінен сыр тартқанымда ол да ашып ештеңе демеді. «Әскерден келген соң рулас бір қызбен сөйлесіп жүргенін білген ауылдағылар ұрып тастаған еді. Кейін біреулер жала жапты ма, анам мен әкем шыдамай осында көшіп келген. Маған да анық-қанығын айтпай, жабулы күйінде қалды бәрі. Қозғап қайтесің?», - дегеннен әріге бармады ол да.

Содан бері «менікі дұрыс болмады ма?» деген оймен жүрмін. Ол да ештеңе демейді. Өзін ақтамайды да. Онысы мені одан сайын қинайды. «Олай болмаса екен» деп тілеймін іштей....


«Әйтпесе, өмірімнің соңына дейін уайыммен өтетін сияқтымын. Осы күні психологтың көмегіне жүгіндім. Сол маман осы уайымнан алып шықса екен. Күйеуімді де апарғым келеді. Күнә жасап қоя ма деп қорқам...», - дейді келіншек.