​«Мен оның әйелін алдым, ол менің әйеліме үйленді»: қарағандылық азамат отбасылық өмірінен сыр шертті

0
3 739

«Қазір екі отбасы араласып тұрамыз...»


​«Мен оның әйелін алдым, ол менің әйеліме үйленді»: қарағандылық азамат отбасылық өмірінен сыр шертті
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Шын ғашықтар қосылмайды» дегенді кім шығарған? Екі адамның бір-біріне деген о бастағы ниеті, ықыласы тура болса, олар түптің түбінде бірге болады екен. Мен де өзімнің шын сүйген ғашығыма 18 жылдан кейін қол жеткіздім», - дейді Мейрамбек есімді қарағандылық азамат.


Әйелімен 13 жыл отасып, ақырында ажырасып кеткен кейіпкеріміз ешкімге ұқсамайтын тағдырын ERNUR.KZ тілшісіне ағынан жарыла айтып берді.


«Біздің өмірді кино етіп түсірсе, түріктің, орыстың туындылары жолда қалып кетеді. Мұндайды баяғыда кинодан көретінбіз, «ойпырмай, ажырасып кетсе де қалай түк болмағандай араласа береді» деп таңданушы едім. Енді мұндай жағдай өз басыма келіп, қазір бұрынғы әйеліммен отбасылық достар боп араласамыз.


Бәрін басынан айтып берейін. Мен кедей отбасында өстім. Әкем мектепте қарауыл, анам сол жерде еден жуушы боп істейтін. Төрт баланы әупірімдеп жүріп жеткізді. Бірақ ақылы оқуда оқытуға шамалары жетпеді. Сол себепті ағам мен әпкем өз күштеріне сеніп қалаға кетті. Әпкем грантқа ілігіп, мұғалімдікте оқыды. Ал ағамның жолы болмай, ақырында Астанаға, құрылыста істеуге аттанды.


Мен де мектеп бітірген соң ағамның артынан бардым. Бір жыл құрылыста істеп, келесі жылы оқуға түсетін ниетім болды. Бірақ күйбең тірлікпен сабаққа дайындалуға мұрша болмай, ақыры жоғары білімсіз қалдым.


Сөйтіп жүргенде Айнагүл дейтін қызбен таныстым. Университеттің үшінші курсында оқитын, біз тұратын үйде курстас қыздарымен пәтер жалдап тұрады екен, аулаға қоқыс тастауға шығып жүріп, әңгімеміз жарасып кетті. Ол да өзіміздің қарағандылық қыз боп шықты. Бір жыл жұбымыз жазылмай жүрдік. Мен онсыз, ол менсіз бір күн өткізбейтін. Бірақ екіге кетуге мәжбүр болдық. Әкесінің ескі досы ұлына айттырып қойған екен, қыз ата-анасының наласынан қорқып, бала күннен бірге өскен жігіттің етегінен ұстап кете барды. «Менде ойың болып, үйленгің келсе, онда әке-шешемнің алдынан өт» деп шарт қойған. Дәл сол шақта менің үйлене салатын жағдайым жоқ-тұғын. Алдымда әпкем мен ағам бар...


Айнагүлден айырылып қалған соң төрт жылдай бойдақ жүрдім. Жазу-сызудан әжептеуір хабарым бар, көпқабатты үйлердің планын сызатын жігіттердің жанында жүріп, біраз нәрсені меңгеріп алдым. Сөйтіп біртіндеп осы салаға бет бұрып, өз фирмамды аштым. Осы үш жыл ішінде Астанадан үш бөлмелі пәтерімді алып, ағамды үйлендіріп, әпкемді ұзатып үлгердік. Әпкем тұрмысқа шыққан соң қайын жұрты жағынан бір қызды көрсетіп, «осы қызды алсаң өкінбейсің, пысық, еті тірі» деп ақыры үйлендіріп тынды. Жүректің түкпірінде Айнагүл тұрса да, Мақпалды ұнаттым. Өзі менен әлдеқайда жас, ерке, әңгімешіл, әзілдеп жүріп өз дегеніне қалай көндіріп алғанын білмей қаласың. Екі қыз, бір ұл туып берді. Оның аузынан шыққан сөз мен үшін заң еді, не ішем, не кием демеді. Тапқан табысты соның қолына ұстатам, қайда жаратады, оны өзі біледі.


Үлде мен бүлдеге оранып жүрсе де әйелде арман таусылмайды екен. Ол құбыларымен бірге мейрамхана, фитнес орталық дегендерге барып жүріп бұзылды. Кейде кеш келеді, ішімдік сасып, аузына келгенді айта салады. Сондай күндердің бірінде оған қол көтердім. «Есіңді жи, балалардан ұялмайсың ба?!» дегенім сол еді, «Ажырасайық, мен сені сүймеймін. Балаларды көріп тұрасың, оларды өзім бағам» деп шықты. Екеуара әңгімеден түсінгенім, біраздан бері біреумен көңіл қосып жүрген екен. Бұдан кейін оны ұстап қалу мүмкін емес еді. Балаларды алды да, үйден кетті.


Үлкен ұлым футбол үйірмесіне баратын. Бір күні оны үйірмеден алып кетуге барсам баяғы Айнагүлім алдымнан шықты. Оның екінші ұлы осы жерге келіп, жаттығады екен. Сол жерде аз-маз әңгімелесіп, нөмірін алдым. Ертесіне кафеге, кешкі асқа шақырдым.


«Мен күйеуіммен ажырасып кеттім. Басқа біреуді ұнатып қалыпты, жолына бөгет болмайын дедім. Қазір сол әйелдің үш баласын бағып, бірге тұрып жатыр. Өзінің екі баласына алимент төлеп тұрады. Өзім мектепте мұғаліммін, жалақым жеткілікті. Сондықтан ештеңеден таршылық көрмеймін» деп сырын жайып салды. Мен де өз өмірімді айттым, «екеуміздің тағдырымыз ұқсас екен» деген. Сөйтсек, менің әйелім Айнагүлдің күйеуіне тұрмысқа шыққан екен. Бір күні Айнаш телефонымдағы Мақпалдың суретін көріп қалып, шалқасынан түсе жаздады.


«Айнаш, бұл – тағдыр. Екеумізді пәлен жылдан кейір бекер жолықтырып, жолымызды ашып тұрған Жаратушының шеберлігіне қарасайшы. Менің әйелім мен сенің күйеуің миллиондаған тұрғыны бар Астанада табысып, өз алдарына кетті. Біз де бас қосып, бір бүтін болайық» деп ұсыныс білдірдім. Ол өз ұлдарымен ақылдасып, соңынан келісімін берді.


Айнаштың екі баласына мен, менің үш балама Айнашымның бұрынғы күйеуі әке боп, қазір біз ұл-қыздарымыздың туған күндерінде, мерекелерде бас қосып тұрамыз. Ең бастысы, бұл жағдайды перзенттеріміз түсінді, дұрыс қабылдады. Мені осы жағы қуантады.


Айнашымның қазір аяғы ауыр, қырыққа таяған жасында маған бөпе сыйлап, қуантпақшы. Кеш те болса өз махаббатыма қол жеткізіп, жүрегім жарылардай боп жүрмін. Көпшілікке айтарым, әр нәрсенің қайыры бар екен. Адамға бір есік жабылса, бірнеше есік ашылатынын ұмытпайық».