«Мен ЖАМАН анамын»: шымкенттік әйел неге жақсы болғысы келмейтінін түсіндірді

0
4 890

Жаман ана деген кім? Жақсы ана деген кім?


«Мен ЖАМАН анамын»: шымкенттік әйел неге жақсы болғысы келмейтінін түсіндірді

Қандай адамды жақсы ана дейді? Ұл-қызына қамқор, олардың тәрбиесін бақылап, оқу үлгерімін тексеріп, уақытылы дәмді де ыстық тамағы дайын тұратын және перзенттерінің киімін таза ұстайтын, жағдайларын жасап отыратын...

Жақсы ананың анықтамасы бұнымен түгесілмейді. Кім жақсы ана болғысы келмейді дерсіз. Дегенмен, бар екен жақсы ана болуды қаламайтын әйел. Ол – Ұлбике есімді шымкенттік ана. Оның айтқаны ойландырарлық.


Ата-аналарға ой салатын оқиғасын Ұлбике ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:
«Екі ұл, бір қыздың анасымын. Күйеуім марқұм менің де, балаларының да жағдайын жасап, барлық нәрсемен қамтамасыз етті. Бұл пәнидегі жарығы қысқа екен, ол бейнетінің зейнетін көре алмады. Жинап кеткен қорының арқасында біз аса тапшылықты, таршылықты сезінбедік. Десе де, ұл-қыздарым әкесінің жоқтығын аракідік айтып қалатын.

Күйеуімнің жоқтығын білдірмеу үшін барынша жақсы ана болуға тырыстым. Бүкіл мейірімімді, уақытымды балаларыма арнадым. Әсіресе, тұңғыш ұлым мен қызымның тәрбиесіне, біліміне күш салдым, қас қабақтарына, көңілдеріне қарадым. Күнде күнделіктерін тексеріп, мұғалім берген үй тапсырмасын бірге орындайтынбыз. Одан бөлек, міндетті түрде күнде кешке дене жаттығуларын жасатам. Тісін жумай ұйқыға жатқызбаймын. Сондай-ақ ұйқыға жатарда және таңертең беттерінен сүйіп «Қайырлы таң», «Қайырлы түн» тілеймін. Бұл күн тәртібіне енген ритуалым еді.

Үлкен ұлды қосымша оқу курстарына бердім, боксқа ертіп бардым. Ал қызымды би үйірмелеріне, вокал сабақтарына қатыстырдым. Тұңғышымның шет тілдерін меңгеріп, заманға сай азамат боп шыққанын қаладым. Өйткені одан кейінгі балаларым содан үлгі алады, арбаның соңғы доңғалағы алдыңғысына ереді ғой.

Қаржы аямадым. Жан-жақты білімді, өнерлі боп шықса деп армандадым. Шынымды айтсам, мен күні бойы соларды ойлап, мейлінше түрлі әрі құнарлы ас пісіріп, киімдерін үтіктеп, өзіме көңіл бөлмедім. Өзімнің қызығушылықтарымды, тіпті өзімнің бар екенімді ұмыттым десем де болады.

Үлкен ұлым мектепті үздік аяқтады. Мен оған оқу орнын таңдап жүргенімде, бір күні ол «Мама, мен Америкаға кетем» демесі бар ма?!

Интернет арқылы Америкадағы бір оқу орнының тестінен өтіп, тегін оқуға қабылданып қойыпты. Менімен ақылдаспағанына ренжідім, «шетелге жібермеймін» дедім. Тыңдамады. Кетті.
Видеоқоңырау арқылы сөйлесіп тұрдық. Бірақ сөйлесіп болған соң, әбден жылайтынмын. Иә, сағынып та, алысқа кеткеніне ренжіп те жылаймын.

Кім болса да ұлының қасында болғанын қалайды. Өйткені мен оған өмірімді арнадым. Өзім жаңа киім алмасам да сол баланың қалауын орындап, тіл үйрену курсынан ақшаны аямадым, қатарынан қалдырмай қымбат киімдер әпердім. Өзінен кейінгі екі бауырына қамқор болсын, өз қолы аузына жетіп, бізге көмектессін деп тәрбиеледім. Таңғы ұйқымды қиып ерте тұрып, күнде дәмді ботқа пісірдім. Ал ол бізді тастап кетіп қалды. Эгоист.

Осылай сыртынан сыбап аламын. Мен оған жақсы ана болдым ғой, ол неге жақсы перзент болуды ойламады деп жылайтынмын. Алғашқы жылдары жылына бір рет келіп тұрды. Сосын қолына диплом тиген соң ұлты басқа біреуге үйленіп, сол жақта қалып қойды. Ол кездегі ашуланғанымды, қиналғанымды айтып жеткізе алмаймын. Мен бұл жақта оны ойлап, «қарны тоқ па екен, жаурап қалмады ма?» деп уайымдап, тіпті кей түндерде ұйықтамадым. Ал ол мені сағынбақ түгілі, ойламапты да» деп ашуландым.

Үлкен ұлыма ренжіп жүргенімде, қызым астанаға оқуға кетті. Шымкентте де жоғары оқу орны көп қой, қыз бала анасына жанашыр болады деуші еді. Шымкенттің жігітіне тұрмысқа шықса, демалыс күндері екеуміз соншаға барсақ деген арманым қайда қалды?

«Ағаң сияқты сен де бізді тастап кеттің. Тым болмаса бір-екі жыл дипломыңның нанын жегізбедің, ал мен сен үшін бәрін істедім. Сендер деп екінші рет отбасы да құрмадым ғой» деп қапаландым. Сонда қызым «Мама, тұрмысқа шықсаңыз біз қарсы болмас едік қой. Әлі де кеш емес, өз өміріңізді ойлаңыз. Сізді жақсы көрем. Бірақ сіздің өбектеуіңізден, «тамағыңды іштің бе?», «ұйқың қанды ма, шаршамадың ба?», «сабағыңды оқыдың ба?», «демалып алсайшы» деген сияқты сөздеріңізден қашып кеттім ғой» деді күліп. Қызымның әзіл сөзі маған зілдей тиді. Ол маған «үлкен ұлыңыз да артық сүйіспеншілігіңізден, артық қамқорлығыңыздан алысқа қашып кетті» дегендей болды.

Шетелдегі ұлыма да, қызыма да ренжігенім соншалықты «Бүгіннен бастап жақсы ана болмаймын» деп шештім. Өйткені жақсы ананың рөлі перзенттерімді менен алыстатып жібергендей.

Кенже ұлым да артық мейір-махаббатымнан «тойып», жыраққа кетіп қалса ше? Болды өбектемеймін, қарны ашып қалды ма деп уайымдамаймын, «қайда жүрсің?» деп әр қадамын аңдымаймын. «Сабағыңды оқы, тісіңді жу» деп те қадағаламаймын.

Оған еркіндік бердім. Жақында ол «Мама, ағам мен әпкеме таңертең қинап сұлы ботқасын жегізетін едіңіз ғой. Ал олар ботқаны ұнатпайтын. Маған қалаған асымды жеуге рұқсат бергеніңіз үшін сізді жақсы көрем» деді.

Оның бұл сөзінен қателіктерімді ұқтым. Сондықтан да кенже ұлым кешке жылдам дайындалатын қытай лапшасын әкеп жесе де қазір ұрыспаймын. Кейде сабаққа бармай қойса да үндемеймін.

Биыл тоғызыншы сыныпты бітіретін кенжетайымды медициналық колледжге түсірем деп айтып жүргенмін. Ал ол өткенде «Мама, мен дәрігер болмай-ақ қояйыншы. Шаштараз болам» деді, «Өзің ұнатқан мамандықты таңда» дедім жайбарақат қана.
Мен осылай қазір жақсы ана болуды доғардым. Әрине, адамның жаманы болса да, ананың жаманы болмайды. Бірақ жұрт түсінігіндегі «жаман анамын». Есейіп қалған, отбасы құрып бөлек кеткен перзенттеріне алаңдамайтын, өзіме ғана көңіл бөліп жүрген «жаман ана» болу ұнап жүр. Шетелдегі ұлыма да, астанадағы қызыма да қоңырау шалмаймын, жағдайларын сұрамай қойдым. Оларға да еркіндік бердім.

Өзімді көбірек ойлайтын болғанмын. Есесіне жаным тыныш, ұйқым қанық, әжімдерім де тартылған сияқты. Бір қызығы, үлкен ұл мен қыз мен уайымдауды, телефон соғуды тоқтатқалы өздері жиі хабарласып жүр соңғы кезде. Керісінше, олар менің денсаулығыма, өміріме алаңдайтын бопты. Кенже ұлым да өз киімдерін жуып, үтіктеп, тіпті сабақтан соң үй маңыңдағы «авто жууда» көлік жуып ақша тауып жүр. Сондықтан енді қайтадан «жақсы ана» рөліне ешқашан кірмеймін деп шештім...»



Ұқсас оқиғалар:


«Күйеуім мені маскүнем етті»: тараздық әйел араққа қалай тәуелді болғанын байқамай қалған


«Мен қызыққан әйелімнің үлкен омырауы қайғы әкелетінін білмеппін»: алматылық азамат күйзелісте жүр