​«Нағашыма тиіп алды»: алматылық келіншектің туған әпкесіне деген өкпесі қара қазандай

0
2 046

«ЭКО» жасатамын деп алдады»


​«Нағашыма тиіп алды»: алматылық келіншектің туған әпкесіне деген өкпесі қара қазандай
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Баяғыда ата-бабаларымыз жеті атаға толмай қыз алысуға рұқсат бермейтін. Қан тазалығын, ұрпақ саулығын сақтау үшін қалыңдықты жеті өзеннен өтіп, жеті таудан асып табатын. Қазір өкінішке қарай, өз арамызда жеті ата санамақ түгілі, туысына тиіп жатқан жандар бар. Солардың бірі - туған әпкем», - дейді алматылық Сая есімді келіншек.


ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан Саяның сөзіне сүйенсек, бұл жағдай туған-туыстары үшін ауыр соққы болып тиіпті.


«Біз көпбалалы, үлгілі, өнегелі отбасында өсіп-өндік. Әке-шешем де қазақи тәрбие берді, барлық салт-дәстүрді бойымызға сіңіріп, біздің жақсы адам болып қалыптасуымызға барын салды. Сол үшін марқұм әкеме, қартайып қалған анама алғыс айтамын.


Десе де бір анадан ала да, құла да туады екен. «Өзін туғаныммен мінезін туғам жоқ» деген сөз осындайдан кейін айтылған сияқты. Әпкеме қараймын да, қарадай күйініп кетемін. Себебі оның тірлігі бүкіл әулеттің бетіне таңба болып басылды. Тіпті менің қайынжұртым, күйеуім сөз етіп, кейде намысыма тиеді.


Әпкем оқу деді, жұмыс деді, жастық шағын алдына қойған мақсатына жетемін деп өткізіп алды. «Әй, қашанғы жүресің, жібі түзу еркек кездессе, етегінен ұстасайшы» деп үйдегілердің бәрі айтудай-ақ айтты. «Дұрыс жігіт жоқ» деген сылтаумен отыз бестен асты.


Ол қала орталығындағы сән салондарының бірінде істейтін. Үйге екі-үш аптада бір келеді. Бір келгенінде «Мен тұрмысқа шықпаймын. Жөні түзу жігіт те қалмады, бәрі үйленіп кеткен. Ойлана келе «ЭКО» жасатып, өзім үшін бір бала туып алайын деп шештім» деді. Бәріміз бұған тосырқап қарасақ та, «Бұл да дұрыс шығар, қартайғанда жаныңа жалау болар бір бала керек қой» деп келістік. Сосын бауырлар болып, ем-домына, анализдеріне керек болып қалар деп ортадан ақша жинап бердік. Ол беті бүлк етпей берген ақшамызды жинап алды.


Сосын бір күні «ЭКО» сәтті аяқталды, менің аяғым ауыр» деп сүйіншілетті. Еңбегінің зая кетпегеніне тағы қуандық. «Енді аман-есен туып алсын» деп сырттай тілеулес болып жүрміз ғой.


Бір күні тойға баратын болдым да, кештетіп әпкемнің салонына барып қалдым. Жұмысыма барар жолда еді, тырнағымды, шашымды сәндеп алмақ болғам. Әпкем үнемі «мен бармын ғой, неге келіп, өзіңе күтім жасатпайсың? Сен үшін есігім ашық» деп айтып отыратын. Сол сөзбен қанаттанып жетіп бармаймын ба? Сән салонына кіре беріс жерде іші шығып қалған әпкем мен нағашымның Нұрсұлтан деген ұлы тұр. Нағашы ағам әпкемнің ішін сипап, ерніне сүлікше жабысып, өліп барады. Мына көріністен есімнен танып қала жаздадым.


Екеуі де сасып қалды. «Сен қайдан жүрсің? Неге ескертусіз келдің?» деп әпкем сұрақтың астына алмақ еді, олардан озып түстім. «Мынау не масқара?! Естерің ауысқан ба? Бәрін ашып айтып, түсіндіріп беріңдер!» деп көшеде айқай салдым.


Шынымды айтсам, нағашымның ұлын есімді білгелі жақтырмайтынмын. Үйге келсе кірпідей жиырылып, жанында қалмауға тырысатынмын. Оның себебін өзім де ашып айта алмаймын. Әйтеуір жұлдызымыз қарсы. Оның да оңып тұрғаны шамалы. Мектепті нағашымның күшімен әрең бітірген. Бұзақылығы үшін талай мәрте түрмеге тоғытылып, жеңіл жазамен құтылып кетіп отырған. Алғашқы әйелі белгісіз жағдайда, өз-өзіне қол жұмсап қайтыс болды. Кейін тағы үйленіп еді, онысы да шыдамай, кетіп қалды.


Әпкемнің осынша жыл жүріп нағашымның есерсоқ ұлына көзі түскенін қарамайсыз ба? Әрі беті бүлк етпей «ЭКО» жасатамын» деп бізден ақша жинап алды. Ішім удай ашып кетті. Бәрінен де үйдегі қарт анамды ойладым. Мынаны естісе оның халі қандай болмақ? Мынау масқараны нағашы жұртым білсе не дейді?..


Сөйтсем бұлардың кездесіп жүргеніне бірнеше жылдың жүзі бопты. Нағашы ағамыздың екінші әйелі осы тірлікті біліп қойған соң ажырасып кеткен екен. Осыншалықты көрсоқыр болып жүргеніме налыдым.


Амал жоқ, болған жағдайды анама, басқа да туыстарға өзім хабарладым. Анамның қан қысымы көтеріліп кетіп, бір өлімнен аман қалды. Ағайын-туған жиналып, екеуін ортаға салып, ажыратып алмақшы болды. Бірақ іште бала бар, сол ғана екі жақты сабырға шақырды десем болады.


Қазір әпкем мен нағашым қалада, пәтер жалдап тұрады. Төрт жасар қыздары бар. Нағашым жарытып жұмыс та істемейді. Әпкем таңнан кешке дейін әркімнің тырнағын тазалап, ақша тауып, қызы мен күйеуі асырап жүр. Ол осындай өмірге лайық па еді?..


Мұны естігелі бері күйеуім де сөзбен түйреп алатын болған. Отбасы болған соң кейде келіспеушіліктер болып қалады ғой. Ондайда «әпкең туыстарының ішінен бай тауып алды ғой, мен ұнамасам сен де тауып алсайшы, нағашыларың көп қой» деп намысыма тиеді. Енем де біреулерге төркінім туралы әңгіме айтса, міндетті түрде «құдағидың бір қызы туған нағашысымен әмпей-жәмпей болып, ақырында қосылып тынған» деп қыстырып отырады.


«Итің ұры» десе намыстанатын қазақпыз ғой. Бауырымның басындағы жағдай менің де өміріме әсер етіп жатыр. Жалпы, әр адам «өмір өзімдікі, не істесем де өзім білемін» деп келте ойламай, «Менің бұл шешімімнен қандай пайда бар, айналама бұл қалай әсер етеді?» деп бір сәт ойланған дұрыс-ау. Алланың мейірімі шексіз ғой, жиенімнің дені сау болып туылды, ал басқаша болғанда не етер едік?...»