​«Намазға жығады деп едім»: Келінінен көңілі қалған ана енді ұлынан ажырап қалам ба деп қорқады

0
2 725

Орамалды келіні енесін күйзеліске түсірген...


​«Намазға жығады деп едім»: Келінінен көңілі қалған ана енді ұлынан ажырап қалам ба деп қорқады

Дінге келгенде қоғамда қызу талқыға түсер мәселелер баршылық. Қоғамда болып жатқан жағдайлар қазақ отбасыларына әсерін тигізбей қойған жоқ.

Сондай бір шаңырақтың анасы, өзін Рая деп таныстырған әйел ERNUR.KZ тілшісіне отбасында болып жатқан қиындықты айтып берді.

- Иманды болған жақсы ғой, жастар шариғатқа бет бұрып жатса қуанамын. Өзіміздің санамызға кеңестік дәуір басқаша сіңірген соң, расын айту керек, әлі де намазға жығыла алмай келеміз. Бірақ, иманға бет бұрдым екен деп ағайын-туыстан ажырап кеткенді көрмеп едік. Орамалды келінімнің іс-әрекетіне не дерімді білмеймін, - деп қамығады ол.


Әйелдің айтуынша, кіші ұлы бес уақыт намазын қаза етпейтін иманды қызға үйленген. Басында қуанғанымен, үш жылға жетпей ұлыммен араласпай қаламыз деп ойламапты.

- Өте тәрбиелі, үлкеннің алдынан кесе өтпейтін жақсы еді келін боп түскен шағында. Үйімізге бір нұр кіргендей қуандық. Анда-санда ащы судан «ұрттап» қоятын атасы да ішкен күні үлкен баланың үйіне барып, «келіннен ұят» деп тартынып жүрген. Осылайша келін бәрімізді имандылыққа үйретеді деп қуанып едік. Бірақ олай болмай шықты.

Үлкен ұлым мен келінімнің көзқарасы заманауи, бәріне бейтарап қарайтындар. Анау-мынауға мән бере бермейді. Бөлек тұратын болған соң өз тәртіптері бар. Кіші ұлымды қолда қалады деп ойлағанбыз. Бірақ келін ай өткен соң-ақ өз тәртібін орната бастағанынан аяқ тартып қалдым. Ә дегеннен қазақтың ата-бабадан келе жатқан салты – сәлем салудан бас тартты. Кеңестік дәуірде тәрбиеленсем де көзін көрсем де, әлі күнге сәлем саламын. Бір емхананың меңгерушісі болып істейтін үлкен келінім де сәлем салуды ар көрген емес, үзбейді.

«Адамның басы намаз оқығанда ғана иіледі» деп айтқанымды мүлде құлағына ілмеді. Не айтарымды білмей пұшайман боп қала бердім. Онысын байқаған балам да ләм демеді. Соған қарағанда, ол да келіннің ойымен келісетін тәрізді.

Мақұл дедік, бір келіннің сәлем салмағанынан сыйсыз қалмаспыз деп бой үйреттік оған да. Сөйтіп жүргенде келінім үйде жұма сайын шелпек пісіріп, Құран оқытудан да бас тартты. Бес уақыт намазымыз болмаса да, қолдан келгенше жұма сайын ата-баба әруағына арнап шелпек пісіріп, дұға жасаушы едік. «Шелпек деген дұрыс емес, мен оны пісірмеймін» деп одан да бас тартты. Былай да былай айттым, көнбеді. Сосын өзім жасай беретін болдым. Жаңа үйленгенде балам мен келінімді ренжістіргім келмеді, - деген әйел одан кейін де бірнеше рет келіні қалай көңілін қалдырғанын әңгімелеп берді.


Келініне айтқанын жасата алмаған ол не істерін білмей бірте-бірте күйзеліске түсе бастапты. Үйіне көршілерді шақырып шай берейін десе де, ата-енесінің қайтқан күнінде құдайы ас жасайын десе де, келіні қарсы болады екен. Тіпті болмаса, сол күндері төркініне кетіп, «дұрыс емес, ондай кезде қызмет істеуге де болмайды» деп бөлмесінен шықпай жатып алатын көрінеді.

- Алыстағы қайнағам мен абысыным келгенде ұятқа қалғаным-ай. Ернін ғана жыбырлата амандасып асүйге кіріп кеткен келін мен сәлем күткен қайнағам-абысынымның ортасында жалтақтап қалдым. Ерте қайтқан ата-енеміздің орнына бас болған жандар ғой, оларға құрметіміз де ерекше еді. Солардың алдында келінге жалтақтап қаламын деп ойламаппын. Ол мейлі, қара шаңырақ болған соң қайнағам бар білгенінше әке-шешесінің рухына арнап Құран оқып отырған. Бет сипай салысымен келін жалғастырып тағы дұға еткені. Бәріміз тосылып қалдық та, үндемей алақан жайып күттік. Аяқтаған соң келінге қарап едім, «ата дұрыс оқыған жоқ» деп салды.

Күйіп кеттім, өзімді ұстай алмадым. «Анау дұрыс емес, мынау дұрыс емес деп өлтірдің ғой, мүлде. Сенен-ақ күйдім, бар, әйда!» деп ұрсып тастадым. Атамыздай болған қайнағамның алдында мұнысы көргенсіздік болды. Өзім де жарылуға шақ жүргем, ашуымды тізгіндей алмадым. Өзімдікі де әбестік болды, бірақ жүйкем соған дейін ғана жетті.

Оған дейін немеремді не қырқынан шығартпай, босанғанында ешбір салтты жасатпай әбден ренжітіп еді. Кіші ұлымның тұңғышын ұстауға да қорқатынбыз, шынымды айтсам. Не бесікке бөлетпеді, «әкесі сияқты болып өссін» деп сақтап қойған оның иткөйлегін де кигізбеді-ау, «далбаса, ырымға сенбеймін» деп. Бөтендікі емес, өз әкесінікі еді ғой?!

Не керек, төркініне кеткен келін қайтып келмеді, мен де бармадым. Үйге келген үлкен кісілер ұяла-ұяла, кешірім сұрай аттанды ауылдарына. «Біз ұрыстырғандай болдық па?» деп ыңғайсызданғанын көрсеңіз, аппақ шаш-сақалымен. Ал менің келінім өзінің көргенсіздігіне кешірім сұрамақ түгілі содан қайтып төбе көрсеткен жоқ...

Раяның келіні ғана емес, содан кейін көп өтпей баласы да үйінен кетіпті. Бөлек тұрруға шешім қабылдаған олардың тіпті әке-шеше деп рұқсат та сұрамағанына налиды ол.

- Бір күні жұмысынан келе салысымен бүкіл заттарын буып-түйіп жатқанын көрдім. «Біз бөлек тұратын болдық» деген баламның сөзі жүрегіме оқтай қадалды. Бірақ ренішімді жұттым, перзентім үшін нала болмадым. Разылығымды беріп шығарып салдым. Уақыт өте келер түсінер, қарсы болып әйелі мен баласынан айырып қайтемін? Келіннің енді қайтып келмейтінін сездім ғой. Міне, содан бері келін үйге аттап баспайды, біз де бармаймыз. Барғымыз келеді, бірақ баламның ыңғайына қарасақ қаламайтынын түсінеміз. Бірде қоймай өзім бардым немеремді көруге. Мен кірген соң ернін жыбырлатқан келін баласын көтеріп үйден шығп кетті. Содан мен қайтқанша ауласында отырды.

Қазір ұлым ғана анда-санда төбе көрсетеді. Байқаймын, оның да көзқарасы өзгеріп барады. Құран оқытсақ, ол күні келмейді. Той-томалаққа аттап баспайтын болды. Ағасымен де сирек көріседі.

Сондағы «иманды» деп қуанғанымның соңы осы болды ма? Күткенім мүлде бұл емес еді. Иманды келінім бәрімізді намазға жығады ғой деп күткенім керісінше болды. Қайта ұлымнан ажырап қалатын түрім бар, - деген ол қорқынышы бар екенін де жасырмады.

иллюстрациялық суреттер: ашық дереккөзден


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Түріктерше қолын сүйгізеді»: Енесінің қылығына налыған келіншек ренішін жеткізді


«Ұлдарым бет көріспейді»: Алматылық әйел ағайынның арасына сызат түскенін келінінен көреді