«Оқуының ақшасын жоқ қып жіберген»: түркістандық әйел келінінің өтірігіне әбден тойғанын айтады

0
2 309

«Бірнеше ай қаңғырып жүре берген»


«Оқуының ақшасын жоқ қып жіберген»: түркістандық әйел келінінің өтірігіне әбден тойғанын айтады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Өзім ерте тұрмысқа шыққанмын. Сол себепті жасым қырықтан енді асқан шақта келін түсірдім. Оның үстіне ұлым да ерте үйленген. «Қызды болсам» деп көп күткен соң, келінімді қызымдай көрем ғой деп ойлайтынмын. Бірақ келіннің аты келін екен. Қанша жақын тартайын десем де, бір қылығы жыныма тиіп тұрады».


Түркістан облысының Сәбира есімді тұрғыны ERNUR.KZ тілшісіне жалғыз келініжағымсыз әрекетін қойдыра алмай жүргенін айтып берді.


- Өзіміз әлі жап-жаспыз, нағыз ойнап-күлетін шағымызда балам «Үйленемін» деп шыға келді. «Сен әлі жассың, қоя тұр» дегенімізге қараған жоқ. Сүйген қызымен таныстырып, екі жақтың адамдары тәтті шай іштік. Келініміз әлі студент екен. Балам оның ақылы бөлімде оқитынын, бітіруіне бір-ақ жылы қалғанын айтты.


Банктен несие алып, құда түсу рәсімін, үйлену тойды өз әлімізше өткіздік. Өзіміз қалаға жақын маңдағы ауылдардың бірінде тұрамыз. Беташар наурыз айында болған, келінім үйден қалаға барып-келіп оқып жүрді. «Емтиханға дайындалып, кітапханада біраз отырып қалдым» деп кештетіп келеді. Үндемейміз. Біраз уақыттан кейін «емтиханға ақша жинайтын болдық» деп шықты. Сұрағанын бердік. Мамыр айында «Үшінші курсты аяқтадым» деп қуантып қойды.


Күзде «Біздің практикамыз басталды. Бармай-ақ қойсам болады, топтағы қыздармен бірігіп бір мекемеден өтетін болдық. Ақшасын берсек, мөрін қойып береді екен» деді. Оның ақшасын да тауып бердік. Күйеуім екеуміз тойға алған несиені төлейміз. Ұлым бар тапқан айлығын жинап, әйелінің соңғы оқу жылының ақысын төлеуге берді. «Келін диплом алса, жұмысқа тұрса, өз кредиттерін өздері жабатын болды» деп іштей қуанып қалғам. Сөйтсем, біз білмейтін нәрсе көп екен ғой.


Келін-шырақ бірде «сабақ болмай қалды», енді бірде «басым ауырып, сұранып келдім» деп, әйтеуір қырық сылтау айтып, үйге ерте қайтып келетін болды. Өзінің аяғы жаңадан ауыр болған кезі еді. Сондай күйін көтере алмай жүрген болар, алғашқы жүктілігі ғой деп бәйек болып жүргенмін. Қысқы сессиясы басталатын кезде төбемізден жай түскендей болдық та қалдық.


Балама келіннің кураторы хабарласып, «Айша биылғы оқу жылынан бері сабаққа келмеді. Бұрын ондайы жоқ еді. Әлде оқу ақысын төлей алмай, жағдайларыңыз келмей жатыр ма?» деп біраз әңгіме айтыпты.


Содан үйде айқай-шу, ұрыс басталды. Түріне қарасаң мүләйім келінімнен мұндай қулық-сұмдық шығады дей алмайсың. Қаным басыма шапты. Балам мен келінді отырғғызып қойып, әбден тергедім. «Екеуің ұйымдастырдыңдар ма? Оқудың ақшасы қайда кетті? Не сұмдық бұл?!» деп айқай салдым. Сөйтсем балам да әйелінің бұл қылығынан хабарсыз екен. «Мама, мен де ештеңе білмеймін, енді естіп отырмын. Сабағына барып жүр деп ойладым. Қайдан білейін?» демесі бар ма? Күйіп кеттім ғой. «Қойныңда жатқан әйеліңді білмесең, несіне үйлендің сен!?» деп әбден сілкілеп алдым.


Келінім де мыңғырлап қалған адам екен. Кешке дейін қайда жүргенін, емтиханға, оқу ақысына деп алған ақшалардың қайда жұмсағанын қазбалап, қанша сұрағаныммен келінімнің аузынан дұрыс жауап ала алмадым. «Аяғы ауыр ғой, тағы бірдеңе болып, бәлесіне қалмайын» дедім де, өзімді бастым.


Бірақ ертеңіне құдағиға телефон шалып, ішімдегіні ақтарып салдым. «Осыншалықты бізді алдайтындай, біз бір ақымақ болып көрінгенбіз ғой оған. Жарайды, бізге айта алмаса, проблемасын күйеуіне неге айтпайды? «Өтірік айт, алаяқтықпен ақша ал» деп тәрбиелеп пе едіңіз» деп ойыма келген сөздерімнің бәрін айтып тастадым. Құдағи ұялды ғой деймін, ләм-мим деп жақ аша алмады. «Әпкесі ауырып жүр еді, соның балаларына қарайласты» деп құтылды.


Қош, сонымен күйеуіміз екеуміз университетке барып, басшылығымен келісіп бір жылдық оқуының ақшасын төлеп, дипломын әпердік. Диплом бізге керектей күйіп-пістік. Ал оған бәрібір. Босанып алған, баласымен әлек.


Осы оқиғадан кейін келініме деген көңілім су сепкендей басылып қалды. Қазір бір әңгіме айтса, күмәнмен тыңдайтын болғанмын. Бір жерге кетсе де «Қайда жүр екен?» деп алаңдаймын. Жап-жас бола тұра біздерді алдап, ақша алып жүргенде бір күні шындықтың су бетіне қалқып шығатынын неге ойламады екен? Әлде соған өресі жетпейтін, ақымақ біреу ме? Бәрін қойшы, сондай шешеден туылған немерем өтірікші болып кетпесе жарар еді...


Келінді де бір сәт қадағалап, қайда жүр, немен айналысады, бақылап тұру керек екен. Балаларыңыз да аңқиып, имандай сеніп жүре бермесін. Әйтпесе қазіргі жастардан бәрін күтуге болады».


Иә, сенім деген шарайна іспетті. Сызат түссе, қайта қалпына келмейді. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» екенін ұмытпайық.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Сүйрей беріп шаршадым»: алматылық әйел күйеуін табысты етудің жолын іздеп жүр


«Үйімізді тартып алып, қуып шықты»: шымкенттік азамат туған ағасы далада қалдырса да кешіргенін айтты