​«Өлсе, қайда көмеміз?»: Қазақтың салты мен шариғатынан шатасқан шымкенттік тұрғын ойын айтты

0
3 305

"Қайтыс болған әкемді Шымкентке жерлегенім дұрыс болды ма, жоқ па?!" дейді ол...


​«Өлсе, қайда көмеміз?»: Қазақтың салты мен шариғатынан шатасқан шымкенттік тұрғын ойын айтты

Қазақтың салтының кейбірінің шығу төркіні Ислам дінінен бастау алса, енді бірінің тарихы әріден...

Таңдау да, талғам еркіндігі де әркімнің жеке еншісінде. Дегенмен, қоғамда немесе кішігірім ортада қарама-қайшылықтар туындап жататыны жасырын емес. Сондай оқиғаның бірін шымкенттік тұрғын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.

- Мені мазалайтыны, жақында қайтыс болған әкемді Шымкентке жерлегенім дұрыс болды ма, жоқ па, сол. Міне, төрт ай өтсе де әлі күнге ішімде қалған бір сұрақ маза берер емес, - дейді ол мұңайып.


Айтуынша, сексеннен асып мәңгілік мекеніне аттанған әкесін өзінің туып-өскен жеріне, ата-бабасы мен өмірден тым ерте кеткен анасының жанына жерлеу бұйырмапты.

- Біз Шымкент қаласына көшіп келгелі 10 жылдан асып кетті. Қызылорда облысында туған жеріміз. Тіршіліктің қым-қуытымен алдымен өзім отбасыммен келдім. Соңынан қара шаңырақта қалған інім де Алматыға көшкен соң әкемді қолыма алдым. Елде ешкім қалған жоқ, туған-туыстан бірен-саран болмаса, бәрі жайлы мекен іздеп жан-жаққа тарап кеткен. Үлкен ағам астанада тұрады.

Әкемнің көзі тірі кезінде ініммен бірге Алматыға барған, бірақ жерсіне алмады. Сосын «Шымкент бәрібір ыстық қой, елге де жақын» деген соң қолыма алып келгенмін. Ара-тұра, бірер жылда туған жердің топырағын иіскетіп, елде қалған бірлі-жарым көзтаныстары мен жамағайындарға апарып тұрдым. Расын айту керек, бір атадан туғандар болмаса, көп ағайыннан қол үзіп қалғанымыз қашан?! Оның үстіне әкем де атамыздан жалғыз, немере ағайындары ғана бар.

Ал анам болса, біз жас күнімізде қайтқан. Кіші інім тіпті есін де білмейтін. Ауырып қайтыс болғанын ғана білеміз. Әкем шиеттей бес баланы ешкімнің қолына қаратпай жалғыз баққан. Ағайындары үйлендірмек болғанда да «өз анасындай болмас ешкім» деп қарсы болыпты.

Сөйткен қадірлі әкем қайтқанда мен оны сонау Қызылордаға апарып жерлегім келген жоқ. Расын айтайын, тамыз айында қайтыс болған кісіні ол жаққа жеткізу де оңай емес еді. Оның үстіне басына барып Құран бағыштап тұру үшін Шымкентте жерлегенім дұрыс болар деп шештім. Бірақ маған жаназаға келгеннің бәрі ұрысып кетті. Тіпті, кейбіріне өз айтқанымнан қайтпай қаттылау сөз айтуға да мәжбүр болдым, - дейді ол.

Әкесінің кеткенін естіген үлкен ағасы салған жерден еліне, анасының, ата-бабасының жамбасы тиген жерге жерлейтінін айтып әрекетке кіріскен екен. Бірақ ол қарсы болған.

- Көзден кетсе, көңілден өшеді. Қызылорда шауып барып келе беретін жер емес. Анамыздың басына тас қойғанымыз болмаса, Аллам да, анам да кешірсін, Құранның ішіне қосамыз. Басына барып дұға ету жол түскенде ғана қолдан келеді. Әкемнің басына бару үшін де сонау Қызылордаға шапқылап тұрмақпыз ба? Оған мүмкіндік бола бере ме? Мен сол жағын да ойладым.

Ал имамнан сұрағанымда «егер, марқұм көзі тірісінде «елге апарып қойыңдар» деп аманат етпесе, қайтыс болған кісіні қайтқан жерге көмген дұрыс» деген болатын. Әкем «мен өлсем, елге апарып жерлеңдер» демеген маған. Інімнен де, ағамнан да сұрадым, ешбіріне ондай аманат тапсырмапты. Ендеше, шариғат бойынша менікі дұрыс емес пе?! Жалғыз асылымнан айырып жатқанда мен әкемнің өзіме жақын жерде жатқанын ғана ойладым, - дейді ол.

Содан бері оның ағасымен араздығы әлі де басыла қоймаған тәрізді. Ал ағасы мен жамағайындары «сүйегін елге апармадың» деп ренжулі де екен. «Қайта басына жиі барып тұрар ма едік?» дейтін көрінеді.

- Барсақ, анамыздың басына жиі барып тұрар едік қой. Оның үстіне мына індет те отырған жерімізге байлап тастады емес пе? Жол қиындығы деген тағы бар. Оны ойлап жатқан ешкім жоқ. Әйтеуір, бәрі маған ренжулі. Асқа да келмей қойғандар бар сол үшін...

Ал мен жақын мазардағы әкемнің моласына жиі барып Құран бағыштап, айналасын тазартып тұрғым келеді. Аталарының бауырында өскен немерелеріне де дұға еткізгім келеді. «Қазақтың салтын таптадың» деп ұрсып кеткен ағайындарым мені түсінсе екен деймін. Салттың бәрін орындай берсек, кейбірі шариғатқа қайшы келіп жатқан жоқ па?

Осындай жағдайлар кейде ағайынның арасындағы дауға апарады екен, - деп ойын білдірді ол.

Мұндайда не істеу керектігіне кеңес беруді өздеріңізге қалдырдық, қадірлі оқырман.

көрнекілік үшін суреттер интернеттен алынды, материалға қатысы жоқ


Бұған дейін бір ауыз сөз үшін түркістандық келіншек қалай қиналғанын да айтып берген болатын.