​«Он жеті жасымда бәрі жабылып күйеуге беріп жіберді»: жас келіншек қазіргі өміріне көңілі толмайтынын айтты

0
1 938

«Оқу оқы, біліміңді дамыт, келін болуға кейін де үлгересің»


​«Он жеті жасымда бәрі жабылып күйеуге беріп жіберді»: жас келіншек қазіргі өміріне көңілі толмайтынын айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Ештеңе етпейді, бәріміз де осылай келгенбіз. Өлгеніміз жоқ, пәлен баланың анасы боп отырмыз. Әлі-ақ бақытты боп кетесің». Осы сөзді ести беріп жүйкем сыр бере бастады. Әсіресе басқа емес, өз анаңнан естігенде естен танып қала жаздайсың», - дейді Ақбота есімді келіншек.


Он сегізге толуына бір апта қалғанда ақ босаға аттаған оқырманымыз ERNUR.KZ тілшісіне келіндік өмірі мен өкінішін жеткізді.


«Менің арманым көп еді, шетелге оқуға түссем, ел көріп, жер көріп, саяхаттасам деп армандайтынмын. Бірақ үйдегі ахуал, материалдық жағдай, ата-анамның түсінігі маған ондай мүмкіндік бермеді. «Осы қыз жеті айлық боп туған соң ба, кішкене қуады. Қайдағы шетел, басың істей ме? Қыз баласының бір-ақ міндеті бар - күйеуге тиіп, бала туу, оларды дұрыстап тәрбиелеу. Сосын балаларың өсіп, шетелдің түр-түрін көрсетеді» деп шешем кішкентайымыздан құлағымызға құйып өсірді. «Осыдан енді шетел дегеніңді айт, көзіңе көк шыбын үймелетем» деп сес көрсететіні тағы бар.


Содан мен он біріншіні бітірдім. Бітірген жылы үйдегілер, үйдегілер болғанда шешем ғой, нағашы әпкемнің қайнжұрты жағынан бір жігітпен таныстырды. Өзімнен бес жас үлкен, оқу орнын енді бітірген жігіт екен. Мені бір көргеннен ұнатып, қыр соңымнан қалмай қойды. Бірақ мен оны ұната алмадым. Не айтсам да алдыма түсіп, томпаңдап кете береді. Ал оның менің дегеніме көнгенін көрген сайын ашуланатынмын.


Бірақ бәрібір үлкендердің ықпалы өтіп, мен Нұркелдінің үйіне келін боп түстім. Әлі оң-солымды, жақсы мен жаманды айыра алмайтын баламын ғой, басыма орамал салынғанда кәдімгідей стресс алдым. «Бітті, осымен менің өмірім тоқтады. Енді не қызық қалды» деп солқылдап жылағаным есімде. Тіпті сол сәтте бәрінен баз кешіп, қашып кетсем де екен деп те ойладым. Бірақ артымнан қуғыншылыққа нағашы әпкем келіп, «Енді сүйегің осы әулеттен шығады. Мені жерге қаратпа, таныстырған мен, бірақ зорлап күйеуге бермедім» деп қатты-қатты сөйлеп кетті.


Тойымыз өтіп, ыстық-суығымыз басылғаннан кейін нағыз отбасылық өмір басталды. Енем қытымырлау адам екен. Маған әлі бала ғой деп қарамады. «Ауылдың қызысың ғой, саған таңсық емес шығар, бар екі сиырды сауып кел» деп таң атпай тұрғызып жіберетін. Үш ай ата-енемізбен бірге тұрып, кейін Нұркелдінің жұмысымен қалаға көшіп келдік.


Біздің жалдап тұрып жатқан пәтерімізге енем мен кіші қайынсіңлім жиі келетін. Әсіресе енем екі күннің бірінде біздің үйде. Жай ғана келмейді, Нұркелді екеуміздің арамызға түседі. «Жас кезде туып ал. Етті үнемдеп сал, баламның ақшасын оңды-солды шашып жүрсің бе, артыңнан келген киімдер де жетпей ме? Мынаны неге аласың» деп киім-кешегімді ақтарып, үйдің ішін түгел тінтіп шығатын. Алғашында аса мән бермей сұрағына жауап беріп отыра беретінмін. Кейін үндемей құтылатын болдым.


Бірге күйеуіммен ренжісіп қалдық. «Сен мені жақсы көрмейсің, мамамды да сыйламайсың, тіпті сөйлескің келмейді» деді. Соған қарағанда енем мен туралы баласымен сөйлесетін болып тұр ғой. Өзімнің күйеуіме бауыр баса қоймағаным бар, енемнің әлгіндей сөздері қатты жаныма тиді ме, одан сайын өзіммен өзім тығылып, ешкіммен сөйлеспей тұйықталып кеттім. Қит етсе бар ашуымды Нұркелдіден аламын. Ол да менімен көп сөйлеспейді, сырласпаймыз. Сөйтіп жүргенде мен өзімнің жүкті екенімді білдім. Шынымды айтсам, не қуанарымды, не қуанбасымды білмедім. Ал Нұркелді болса, баласы болатынын білгеннен кейін маған қамқорлық жасап, үнемі қабақ шытпауға тырысатын. Мен оны байқайтынмын, бірақ оған жан дүниеммен ашылып, оны шын жүрегіммен құшақтап, мойнына асылуға қысылам ба, өзімнен өзім тартыншақтап тұратынмын.


Көп ұзамай тұңғыш қызымыз дүниеге келді. Нұркелді сәбиіміз туылғаннан кейін біраз уақыт қуанышты болып жүрді де, уақыт өте келе маған деген көңілі суығандай болып көрінді. Үйге өте кеш келеді, келген соң бұрынғыдай мені құшақтап, аймаламайды да, төсегін салады да жатып қалады. Кейде тіпті тамақ та ішпейді. Оның мұндай іс-әрекетіне біраз уақытқа дейін үндемей жүрдім де, бір күні тағатым таусылып, екеуміз қатты ұрсысып қалдық. Ол маған «Мен саған керек емеспін, сен маған әпкелерің қоймағасын тұрмысқа шықтың. Қазір құшағыңда бала бар, мен тіпті де саған керек емеспін» деп айтып салды. Ашумен екеуміз біраз жерге барыстық. Осы ұрыстан кейін мен заттарымды жинадым да ата-анамның үйіне кетіп қалдым.


Мен тура бір ай ата-анамның үйінде болдым. Бір айдан кейін күйеуім іздеп келді. Ол менің өзімен бірге үйге қайтуымды өтінді. Қайтып келген адамның төркінінде қадірі болмайды екен. Шешем де «мені қарабет қылдың» деп миымды жеп жүрген, амалсыз солардың көңілі қалмасыншы деп күйеуіме еріп, қалаға келдім. Бірақ бір рет қалған көңіл бәрібір бұрынғыдай болмайды екен. Арамыз суып қалған сияқты. Өзі күні бойы жұмыста, мен үйде қызыммен әуремін. Ас үйден шықпаймын. Өмірдің қызығы тек тамақ пен бала сияқты. Мәні кете бастады.


О баста шешемді де, әпкелерімді де тыңдамай, өз арманыма жету үшін күресуім керек еді. Бостық қылыппын. Бетіме күле қараған бірінші жігіттің етегінен ұстай салғаныма өкінем. Ол да сыртқа білдірмегенімен, асығыстық жасағанын түсінетіндей. Әзірден арамызда ортақ әңгіме, ынтымақ жоқ, кейін қалай боларын білмеймін.


Қызым өсіп, бақшаға барса оқуға түсем деп ниет етіп отырғам. Кеше енем келіп «Артынша тағы ту, ұл керек енді, бір-бірімен алысып жүріп өсіп қалады» деп ақыл айтып кетті. Бұларға мен тек бала туу үшін керек сияқтымын. Шаршап кеттім.


Қыздар, ақылдарың болса, тұрмысқа шығуға асықпаңдар. Алдымен білім керек екен. Мысалы менің оқымағаным күйеуімнің қасында бәрібір білініп тұрады. Сондықтан өз арманыңа жетпейінше балалы болуды, келін атануды кейінге шегере тұру керек сияқты».