«Отбасылы әйел менің күйеуіммен жүреді»: шымкенттік келіншек көпшіліктен ақыл сұрайды

0
5 674

"​Айтсам оның, айтпасам менің отбасым бұзылғалы тұр. Не істеймін?"


«Отбасылы әйел менің күйеуіммен жүреді»: шымкенттік келіншек көпшіліктен ақыл сұрайды

«Басымда осындай жағдай болып қалуы мүмкін деп еш ойламаған екенмін. Көнейін бе, әлде тағы да ажырасам ба, не істеймін?», - дейді шымкенттік Фарида есімді келіншек.



Ол басындағы мәселесін ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді:

«Екі рет тұрмыс құру деген ойыма келмесе де, солай болды. Екінші некемді барынша сақтап қаламын, бақытты әйел болуға талпынамын деген едім. Бұл отбасым да бүлінгелі тұр. Бірақ әлі де жамап-жасқауға болатын мүмкіндіктерім бар шығар деп ойлаймын.

Иә, алғашқы некесі сәтсіз болып, екінші рет тұрмысқа шыққан әйелмін. Бақытымды біріншісінен таппасам да, екіншісінен табатын шығармын деген үмітім болды.

Әйтпесе, екінші рет тұрмысқа шығарымда мені ешкім түсінбеді. «Еркекті неғыласың? Балаң үшін өмір сүре берсейші», «Күйеусіз де таңың атып, күнің батады. Басыңа мәселе тілеп қайтесің?» дегендерді тыңдамадым.

Ол да менімен тағдырлас. Ажырасқан, бір қызы бар. Айтуынша, әйелімен түсініспеушіліктердің себебінен айырылысқан екен. Қызына алимент төлейді.

Бастапқыда ол да менің өткенімді бетіме баспайтын боп, мен де өмірін қазбаламаймын деп уағдаласқанбыз. Сондықтан да кешіксе «Қайда жүрсің? Кім бар қасыңда?» деп мазалаған емеспін. Мүмкін оны еркін жіберіп қойғандықтан болар, ол басқа бір әйелмен байланысқаны.

Мен оған екі қыз сыйладым. Арамызда барлығы да жақсы болатын. Күйеуім балажан. Қыздарына келгенде барлығын ұмытып, соларды еркелетіп, мойнына салып жүргенін көргенімде іштей сүйсініп, көзім қуанатын.

Бес жыл болды бір шаңырақтың астында тұрып жатқанымызға. Осы уақытқа дейін артық қылығын байқамағанмын. Ал соңғы бір жылда ол қатты өзгерді. Қымсынбайды да, жасырмайды да.

Анығырақ айтсам, өзге әйелмен байланысып жүр. Егер ажырасқан немесе жесір, я болмаса бойдақ қыз болса түсінер ме едім, кім білсін. Түсіне алмайтыным, оның күйеуі, бала-шағасы бар. Сонда оның менен несі артық болды екен? Күйеуі қалай білмей жүр?

Ер адам көзге шөп салса, оның жөні бір бөлек. Әйел байғұс балалары үшін күйеуінің сатқындығына шыдауы мүмкін. Ал әйелінің сатқындығына қай еркек шыдап тұра алады? Әйелі қалай білдірмей жүр екен?

Мен біліп қойған соң, күйеуімнен сұрадым. Егер мойындамаса мынандай сұрақпен тұқыртамын деп бір апта дайындалғанмын. Бірақ ол «Ал, қайтесің?» дегендей, мойындай салды. Беті бүлк етпеді. Күтпеген жауап. Мұндайда сіз не дер едіңіз? Ал мен аузыма сөз түспей, «Доғарсаңызшы. Ол әйелдің күйеуінің құлағына жетсе, не болатынын ойладыңыз ба?» деп жыладым.

«Кетем» деп қорқытамын деп те ойлағанмын. Жоқ, мен бұл сөзді де айта алмадым. Бірақ жүрегім қақ айырылғандай күй кештім. Күйеуім теріс қарап жатып қалды.

Арада бес ай өтті, күйеуім әлі жүрісін доғармады. Үйге кеп түнегені болмаса, маған жақындамайды. Бірақ балаларымды киіндіріп, тоңазытқышты толтырып қояды. Қолыма артық ақша ұстатып, асығып бір жаққа кетеді. «Қайда?» деп те сұрай алмаймын.

Шынымды айтсам, екінші рет тағы да ажырасқым келмейді. Бірақ өзімді таптатып та өмір сүруді қаламаймын.

Көп ойланып, әлгі әйелдің күйеуіне барып айтып беруге шешім қабылдадым. Алдымен бұл жоспарымды сырлас көршіме айттым. Ол «Күйеуі әйелінің теріс жүрісін білген соң міндетті түрде ажырасады. Ол кезде әйел толық еркіндік алады ғой. Басы босайды. Сосын сенің күйеуіңді ажыратуды ойлап, бірге тұруға әрекет жасайды. Сонда күйеуің сенен біржолата кетеді. Жағдайыңды жасап, балаларыңды киіндіріп, тамағын тауып беріп отырса болды емес пе. Өміріңді сүре берсейші. Жүрсе жүре берсін, бір күні ес кіріп доғарады» дейді.

Оған айтуға оңай. Мен бәрін біле тұра көңілі басқада жүрген еркекпен бірге өмір сүре алмайтын сияқтымын. Әлде көршім айтпақшы күйеуімнің құмарлығы басылар ма екен? Ал басылмаса ше, бұл қашанға дейін жалғасады?

Бір ойым «Не болса да оның күйеуіне әйелінің жүрісін айт» десе, екінші ойым «Күт. Әр істің бір қайыры бар» дейді. Не істесем болады?..»


Құрметті оқырман, Фариданың қай ойын құптайсыз? Комментарийге жазып қалдырыңыз.



Ұқсас оқиғалар:


«Күйеуіңнің ҰРЫҚТАРЫ «ұйықтап» жатыр дейді»: шымкенттік келіншек жан дертін айтты

«Қайынәпкем бәрімізге қарыз»: кредит төлеуден шаршаған жас келін мәселесін айтты