​«Сен маған тумайтын қатын әпердің»: түркістандық азамат інісінің сөзіне өкпелегенін айтады

0
1 193

«Үндемейді деген інімнен үйдей бәле шықты»


​«Сен маған тумайтын қатын әпердің»: түркістандық азамат інісінің сөзіне өкпелегенін айтады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Қазақ «бала – белде, қатын – жолда, бауыр табылмайды» деп айтады. Рас, бауырдың орны бөлек. Өзім бауырмалмын, бірақ Құдай мені бауырмен сынап отыр. Бетіне қарап өсірген жалғыз ініммен қарым-қатынасымыз жақсы емес», - дейді Дәулетияр есімді оқырманымыз.


Түркістандық азаматтың інісіне деген өкпесі қара қазандай. Болған жағдайды өзі ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Үйде екі-ақ бала болдық. Өзімнен алты жас кіші інім бар. Мен қалада, бөлек тұрамын. Інім қарашаңырақта қалған. Ол үйленгеннен кейін бірден бөлек шықтық. Шығуға мәжбүр болдық.


Негізі інімнің мінезі бала күннен біртүрлі. Оны ата-анамыз да айтып отырады. «Сен пысық, айтқанынан қайтпайтын, дегеніне жетпейтін бала болдың. Ал Ержан өте момын, жуас, сөз көтере алмайтын, көбіне жылап жеңетін еді» деп әлдеқашан бағамызды беріп қойған. Менің де есімде, інімді бақшаға апарып тастаушы едім. Сонда болмашыға көзінің жасын көлдетіп, сыңсылап, созылып отыратын. Мектепте де сабақты нашар оқыды. Өзімен қатар балалардан таяқ жеп, жылап келетін. Сол үшін өзімнен кіші балалармен талай мәрте төбелесіп, ақ тер-көк тер болғанмын. «Ей, еркек сияқты болсайшы, не ол жыламсырап» деп талай мәрте қайрадым, төбелесуді үйреттім. Бірақ ол жасықтығын қоймады. Үйдегілер де бетіне келмей, әбден еркелетіп өсірді.


Жалпы, ер баланы еркелетпей, қатал ұстаған дұрыс екен. Айтқанын әперіп, қалағанын жегізіп өсірген Ержан өсе келе бұзылды. Мінезі тұйықталып, ешкіммен ашылып сөйлеспейтін болды. Қазақпыз, үйге қонақ келеді, өзіміз де ағайын-туғанның той-жиынына барамыз, сондайда Ержан бармаймын деп табандап тұрып алатын. «Қандай оқуға түскің келеді, айтшы» деп жүріп ата-анам университетке түсірді. Бірақ ол жүрдім-бардыммен дипломды әрең алып шықты.


«Көресіңдер, менің балам бар шаруаны үндемей жүріп тындырады» деп үміт артқан әкемнің бірте-бірте ұлынан көңілі қалды. Қайта «үндемегеннен үйдей бәле шығады» екен. Көшедегі сандалбайларға қосылды да, құмар ойынына «қадалды». Ұтылған кездерінде ішіп алып, мас халде көлікке отырып, апатқа ұшырады. Қағып кеткен адамдарға айыппұл төлеп, емдетіп, әрең құтқарып қалдық. Кейін де майда-шүйде бұзақылықтар жасап, ақшаның күшімен жазадан құтқарып қалып жүрдік.


Бір күні анам «Мына баланы үйлендірмесек болмайды, бұлай кете берсе бұзылып тынады» деді. Ағасымын ғой, оңашада сөзге тартып, «үйленетін қызың бар ма, жібі түзу біреу болса, таныстыр, үйлендірейік» деп шынымды айттым. «Ешкімім жоқ» деп қысқа қайырған-тұғын. Екі аптадан кейін бір қызды жетектеп келіп тұр, «мынау болашақ келіндеріңіз» деп. Өзі ішіп алған. Әлгі қыздың обалына қалмайық деп өзімен сөйлесіп едік. «Ержанды ұнатам, тұрмысқа шығуға қарсы емеспін» деп көне қалды. «Олай болса әке-шешеңнің алдынан өтіп, кәдемізді жасап, сені әкелейік, бүгін қайта ғой» деп шығарып салдық.


Қош, сонымен, белгіленген күні келіннің үйіне құдалыққа бармақ болып бәріміз дайындалдық. «Мама, папа, сіздерге салмақ болмасын, қалың малды өзім көтерем» деп інімнің көзінше алдын айтып қойғам. Құдалық болатын күні Ержан удай мас, аяғынан тұра алмайды. «Мен үйленбеймін, қалың малын өзің төлейін деп тұрсың ғой, өзің үйлене сал, тоқалың болады» деп қанымызды ішті. Әрең дегенде көндіріп, сылап-сипап жүріп әрең ертіп апардық. «Тойды екі-үш айдың ішінде жасаймыз» деп құдалармен келісіп, үйге келінді әкеп алдық.


Үйге келген соң мастығының әсерінен «Сендер Дәулетке тойды сразу жасағансыңдар. Қашан көрсем Дәулетті мақтайсыңдар, ол үнемі менен мықты, ал мен бұл үйде екінші сорттағы адаммын» деп жылап, масқарамызды шығарды. Осы уаққа дейін бала-шағамның аузынан жырып, талай қылмысын жауып, былығын тазалап жүрген менің жақсылығымды інім түсінбеген екен. «Ертең той істемесеңдер үйленбеймін, өзің қатын етіп ал» деп келіннің көзінше намысыма тиген соң шыдай алмай қол жұмсадым. Содан бері арамыз жақсы емес.


Бір айдан кейін тойын істеп, ағалық міндетімнен құтылғасын «Мен мына үйде қала алмаймын, еншімді алып шығамын» деп кеткенмін. Біз бөлек кеткелі әке-шешемнің жағдайы тіпті нашарлап кетті. Ержанның тұрақты жұмысы жоқ, әйелі істейді, әке-шешенің тапқанына ортақтасып отыр. Екі күннің бірінде ішіп алып, шу шығарады екен.


«Дәулет, сен қайта көшіп келші» деп анам жалынады. Көңілдерін қимай, қайта барғым келген. «Сен маған тиесілі үйді тартып алмақшысың. Мені далаға қуып шықпақшысың» деп тағы да жала жапты. Содан кейін бетін көрместей өкпелеп, кетіп қалдым. Екеуміз бір-бірімізді көрсек, жаға жыртысатынымыздан ата-анамыз да, әйелдеріміз де әбден мезі болды. Мен тіпті туған бауырымның маған қол ала жүгіретініне жүрегім ауырып, мүлде әке-шешемнің үйіне бармай қойдым.


Ата-анам екі оттың ортасында қалғандай, анда-санда біздің үйге келіп, немерелерінің маңдайынан иіскеп кетеді. «Ержанның келіншегі немере сүйгізсе арманым жоқ еді» деп анам арманда. Келін әлі көтере алмай жүр екен, үшінші жылға аяқ басты.


Меніңше, ініме отбасы да, ата-ана да, бала да керегі жоқ сияқты. Ешқашан ештеңеге басын ауыртпайды, сау кезінде үнсіз өзімен өзі жүре береді, ішіп алса, қырық жылғы өткен-кеткенді айтып, өкпе-назын түгел ақтарып, сойқан салуға әзір тұрады. Жақында ішіп алып мені іздеп келіпті. «Бәленің бәріне сен кінәлісің. Сол күні құдалыққа бармаймын, ол қызға үйленбеймін дегенде күштеп апарып едің. Мені тумайтын қатынға қинап қостың» деп тағы кінәлап кетті.


Шынымды айтсам, туған інімнің осындай қылығынан әбден шаршадым. Жалғыз бауырымның мені жау көретініне жүрегім ауырады. Кей жігіттердің «Інім көлік мінгізді», «ағама мынадай сыйлық жасадым» дегенін естігенде көңілім босап кетеді. Жалғыз ініммен шығыса алмай жатқаныма ел-жұрттан ұялам. Бірақ бауырымның мінезін енді түзету мүмкін емес сияқты. Қайтпек керек, мына жағдайды жөнге келтіруге бола ма? Көпшіліктің кеңесі керек».