​«Шешесіне тартқан оңбаған...»: анасы туған немересін жек көретінін айтқан азамат көпшіліктен кеңес сұрады

0
4 770

«Әйелімнің несімен жақпайтынын түсінбеймін»


​«Шешесіне тартқан оңбаған...»: анасы туған немересін жек көретінін айтқан азамат көпшіліктен кеңес сұрады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Балаң балдан тәтті, немерең жаннан тәтті» дейтін қазақ едік. Осы күні көшеде немересін жетектеп, дүкеннен тәтті әперіп тұрған апаларды көрсем, ішім алай-дүлей боп кетеді», - дейді Жомарт есімді тараздық азамат.


Айтуынша, анасы жалғыз немересін жек көреді екен. Жағдайды Жомарт ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.


«Біздің отбасында 2 қыз, 2 ұлмыз. Екі әпкем тұрмысқа шыққан. Балалы-шағалы. Ал інім әзірге студент, бойдақ. Әкеміз тоқсаныншы жылдардың басында қатты науқастанып, көп ұзамай өмірден өткен. Анам бізді жалғыз асырап, бақты. Жақсы тәрбие берді. Обалы не керек, анамның бізді адам қылғанына өле-өлгенше ризамын. Ол жағынан әңгіме жоқ.


Айтайын дегенім, мен осыдан бес жыл бұрын үйленгем. Ауылда біз сияқты жастарға жұмыс табу оңай болмаған соң, сыныптас жігіттермен бірге Орал жаққа жұмыс істеуге кеткенбіз. Келіншегіммен сол жақта таныстық. Ойда-қырда үш жігіт оралдық аруларды ауылға келін етіп әкелдік қой. Басында анам аттай тулаған. «Ит жеккеннен қатын алғаның қай сасқаның? Сондай қара қатын өз ауылымыздан табылмады ма?» деп жеке шығарып алып айқайлаған. Сүйіп қосылған әрі аяғы ауырлап қалған әйелімді далаға тастап кетпеймін ғой. «Не десеңіз де мен Гүлжанды сүйемін. Одан басқа қызға үйленбеймін» деп тұрып алдым. Аллаға шүкір, қазір бір ұлымыз бар. Беске толды. Тілі тәтті, былдырлап, әрдеңені бір айтады.


Соңғы кездері келіншегімнің қабағы бір ашылмай-ақ қойды. Өзінен-өзі ашуланып, екеуміз оңаша қалсақ бұрқылдап жылайтынды шығарды. Басында жақтырмай, «не боп қалды, ата-анаңды сағындың ба тағы?» деп сұрайтынмын. Басында ештеңені ашып айтпайтын. Сөйтсем мәселе басқада екен. Келіншегімнің сөзінше, менің анам, оның енесі ғой, біздің ұлымыз Мансұрды жақтырмайды екен. Біз жоқта оны ұрсып, зекіп, кәдімгі үлкен адамдардай ұрып отырады екен. Бұл сөзді естігенде сенбегем. «Өз немересін ұратындай анамның есі ауысыпты ма? Жоқ жерден бәле іздеме, енеңмен арадағы болған проблемаңа баланы қыстырма» деп әйеліме айқайлап, тіпті ұрып та жібергем.


Арада біраз уақыт өткеннен кейін келіншенімнің өтірік айтпағанына сене бастадым. Өйткені анам бізге ашуларғанда ала алмаған өшін баламнан алатын секілді. Бірде менің досым той жасап, әйелім екеуміз сол жаққа баратын болдық. «Гүлжанды қалдырып кет, баласына қарап, үйде отырсын. Менің мазам жоқ» деді. Әйелім онсыз да ешқайда шықпайды, жиі баратын төркіні де жоқ. «Мама, тойға бірге барып қайтамыз. Бәрі әйелдерімен барады» деп кетіп қалғанбыз. Түнде тойдан келсек баламның үсті көкпеңбек, жылай-жылай бет-аузы ісіп кетіпті. Біз келгенде ұйықтамай отыр екен. «Сорпаны төгіп алып едім, апам мені ұрды» деп солқылдап жылап жіберді. Сол оқиғадан кейін балама «апаңмен қал» десем шырқырап жылап, қалғысы келмейтінін айтып, безек қағады.


Үлкен кісі болған соң қыздарының үйіне жиі қыдыртып тұрамын ғой. Сонда байқайтыным анам қыздан туған немерелеріне құр қол барғысы келмей, магазиннен сөмкесін сықап толтырып алады. Машина ішінде отырған менің балам әлгі тәттілерді көріп, жылай бастайды. «Сен-ақ тәттіге тоймайды екенсің. Аузың бір тынбайды. Өлмейсің, отыр тыныш!» деп жекіп тастайды. Қыздарының үйіне барған соң анам қыздардың баласын еміреніп, толғанып отырады. Менің балам бір бұрышта соларға көзін сатып қарайды. Осы жағдайды осымен оншақты рет байқадым. Баламның жасты жанарын көрген кезде жүрегім ауырып кетеді.


Осының бәрін анам келінін жақтырмайтындықтан істейтін секілді. Кеше таңертең ұйқыдан тұрып жатсам анам баламды біздің жатын бөлмеге қуып кіріп, құйрығынан ұрып жатыр екен. «Анасына тартқан бәле. Айдаладан қаңғып келіп, бай тауып алған анаңнан асып қайда барасың сен? Тумай, туа шөккір. Тым ерке болып, бетімен кеткен мына балаң» деп майлы құйрықтан тартып-тартып жіберді. Мен анау көрініске шыдап тұра алмадым. Ашумен қатты сөйлеп қоярымды түсіндім де, тез киініп киіп, сыртқа шығып кеттім. Бірақ жүрегім ауырып, көңілім лайланып кетті. Себебі менің әйелім ешқашан анама қарсы келген емес. Қолынан келмейтіні жоқ. Небір торт, пирогтарды пісіріп, «апам келген соң жейміз, апам ауыз тисін» деп отырады. Қай тірлігімен жақпай қалғанын түсіне алмаймын.


Анам неге менің баламды, өзінің туған немересін неге жақсы көрмейді? Неге қыздарынан туған балаларға еміреніп тұрады да менің балама келгенде мейірімі таусылып қалады? Немересімен сырласып, солардың қолынан жетектеп магазинге апара жатқан апаларды көргенде қатты қызығып кетем. Не істесем болады, айтыңыздаршы, оқырман қауым. Анаммен оңаша сөйлескенім дұрыс па? Әлде бұлай айтсам ол кісіні ренжітіп алам ба?


Бұрын үйдің үлкен ұлы менмін, қарашаңырақ маған тиесілі деп ойлайтынмын. Осы күні қаладан үй немесе жер алу жағын ойлай бастадым. Інім үйленсе қатын-баламды алып бөлек кетем-ау...»