«Сыртымнан күйеуіме жамандайды»: қызылордалық жас келін енесіне өкпелі екенін айтты

0
2 495

«Менікі балалық па?»


«Сыртымнан күйеуіме жамандайды»: қызылордалық жас келін енесіне өкпелі екенін айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Бұрын, қыз кезімде беташарда «келіннің жауы – ене» деген әзілді естіген сайын біртүрлі болатынмын. Себебі өзімнің анам жалғыз келініне қызындай қарайтын. Бізден гөрі сонымен сырласатын. Әлі де солай. Екеуі құрбыдай боп кеткен. Сондай көріністі көрген соң «ене қалай жау болады» деп ойлайтынмын. Сөйтсем ененің бәрі менің анамдай емес екен ғой» дейді Дария есімді жас келін.


Ол өз енесінің қылығын түсіне алмай жүргенін айтып, жай-жапсарын ERNUR.KZ тілшісіне Дарияның өзі баяндапберді.


«Өткен жылы тұрмысқа шықтым. Отбасылық өмірге аяқ басқаныма бес айдың жүзі болды. Жігітіммен үш жыл жүрдік. Екі жыл бұрын ол мені еш ескертпестен алып қашқан. Бұл қылығына ашуланып, жарты жолдан қайтып кеткенмін. «Ұзату тойын істейміз, құда түсіп аласың!» деп шарт қойғам. Сол әңгімем анасына ұнамай қалған екен. «Алмайсың онда» деп баласына ұрысыпты. Бірақ Жанғазы дегенінде тұрып, мені құда түсіп, алып кетті.


Менің жұмысым қалада, Жанғазы ауылдың баласы. Тұрмысқа шығарда жұмысымнан уақытша демалыс алдым. Анам шыр-пыр болып, «Қызым, дайынсың ба? Ауылға келін боласың, ол жақтың тірлігі оңай емес. Әлде де ойлан, жассың, асығыстық жасама» деп ескерткен. Дегенімнен қайтпаған соң «Ертеңгі күні «енем анау, күйеуім мынау» деп қайынжұртыңды жамандап келуші болма, естімейтін болайын» деп әңгімесін аяқтады. Қазір төркінге барсам «бәрі керемет» деп кетемін. Бірақ бәрі мен айтқандай емес...


Мен өзімді керемет сұлумын демеймін, дегенмен Алланың берген түр-әлпеті бар, қарапайым, томпиған қызбын. Жалпы, табиғатымнан өте сабырлымын және баяу қимылдаймын. Ол қасиетім өзіме де ұнамайды. Бірақ, күйеуге шыққан сәттен бастап, осы кісілердің көңілінен шығуға тырысып, барымды салып келемін. Жұмыстан шығып, қазір ауылда тұрып жатырмын. Өмірімде істеп көрмеген нәрселерімнің барлығын үйреніп, игеріп алдым. Таңертең 6-да тұрып, сиыр да сауамын, үйдің бар шаруасын істеймін. Сонда да енеме жақпай қойдым.


Негізі оны өзім қатты жақсы көремін. Ол да бетіме келіп, «Мынауың не?!» деген емес. «Дарияш» деп отырады. Бірақ кешкісін, күйеуім жұмыстан келгенде, қай уақытта сыбырлап қоятынын білмеймін, мені сыртымнан жамандайды екен. «Сен осылай жасапсың ғой, көңіл күйің болмай жүріпсің, мамам былай дегенде дұрыс жауап бермепсің», «Сені баяу қимылдайды деп жатыр, пысық болсайшы» деп жиі ескерту жасайды. Қанша жерден сүйгенім болса да, күйеуімнің өзі естімей, көрмей, анасының сөзіне еріп, мені сынға алғаны жаныма батып жүр.


Кешегі аптада күйеуім басқа бөлмеге жатып қалды. Не болғанын түсіне алмаймын, себебін өзі айтпайды. «Тағы мамаң жамандады ма? Сүймесең неге алдың мені?» деп даусымды қаттырақ шығарып едім, бетіме шапалақпен салып қалды. Артынша өз айыбын түсініп, кешірім сұрады. Жылай беруден де жалықтым.

Таңертеңнен кешке дейін тек үйдің шаруасы. Күйбең тірліктен шаршадым. Күйеуге шыққан соң бір айдан кейін бала көтерген едім, төрт-бес аптадан соң «баланың жүрегі соқпай қалған» деп, жасанды жолмен түсік тастатты. Дәрігерлер қатты шаршағансың немесе бір нәрседен қорқып қалғансың деді.


Күйеуімнің өзгеріп кетуіне осы да әсер етті ме деп қоямын. Бірақ кей кездері көңілді болып қалады. Әзілдесіп, менімен ойнап, тірлікке қолғабыс етіп қалады. Кейде өзінен-өзі өзгеріп, ашуланып, болмайтынға тиісіп шыға келеді. Соңғы кездері ұрысып қалсақ «Кет, көзіме көрінбе! Ашуланып тұрғанда сені ұрып тастағым келеді» дейтінді шығарды. Онысынан қорқа бастадым.


Жанғазыға «Мамаң қателігім болса өзіме айтпай ма? Мұндай нәрсе ене мен келіннің өз арасында шешілетін мәселе ғой. Екеуміздің арамызға түсе бермеші!» деп бетін бері қаратайын десем, «Мені баққан анама не істеу керегін сен үйретесің бе? Айта ма, жоқ па, өзі біледі!» деп жекіп тастайды. Шынымды айтсам, жүйкем жұқара бастады. Бақыттан басым айналып, жас жұбайларша қуанып жүрген кезім жоқ. Күнім жылаумен өтіп жатыр.


Осы жағдайды енеме айтайын десем, батылым бармайды. Жеңгем мен тұрмысқа шығарда «Дария, лажы болса енеңнің майда-шүйде әңгімесін көңіліңе алып, сөзге келме. Тәтті ауыздың дәмін кетірме. Бетің бір ашылса, көңілге сызат түседі, кішкентайсың ғой, кешіре сал» деп ақылын айтқан. Енемнің мына қылығы майда-шүйде әңгіме ме, білмей жүрмін. Әлде менікі балалық па? Бұл қашанға дейін жалғасады?»


Осылай деп шер тарқатқан Дария көпшіліктен кеңес сұрап отыр. Жас келіннің көңіліндегі кірбің қайтсе сейіледі?


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Баламды тастап кетейін бе?»: шымкенттік келіншек екі оттың ортасында қалдым дейді


«Жеңгеме үйленейін десем, әйелімді қимаймын»: түркістандық азамат тығырықтан шығар жол іздейді