​«Тоңазытқыш сатамын деп тонап кетті»: Алматылық келіншек алаяққа оңбай алданып қалды

0
2 315

«200 мың теңгемізден қағылдық»


​«Тоңазытқыш сатамын деп тонап кетті»: Алматылық келіншек алаяққа оңбай алданып қалды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Мына заманда ешкімге сенуге болмайды. Әсіресе ақша аудару, банк ісі, зат сатып аларда абай болған жөн. Себебі қазір алаяқтардың айласына құрық бойламайды. Таяуда ғана Алматы қаласында тұратын Назира Райымбекова интернет дүкен арқылы зат сатып аламын деп, бар ақшасынан айырылып қалды.


Оқиғаның қалай болғанын Назираның өзі «ERNUR.KZ» тілшісіне бастан-аяқ баяндап берді.


«Olx» интернет дүкені арқылы тоңазытқыш алмақ болдым. Өздеріңіз білесіздер, дүкенде жаңа тауардың бағасы удай қымбат. Өзіміз жас отбасымыз, пәтерден пәтерге көшіп жүрміз. Әзірге ұсталғанын ала тұрайық деп шештік. Содан бір тоңазытқышты ұнаттық та, егесіне уатсап арқылы хабарластық. Ол тауарды 80 мың теңгеге бағалап, Алматыға дейін жеткізіп бере алатынын айтты. «Біз Ресейге көшейін деп жатыр едік. Асығыспыз, сол үшін арзанға сатып отырмыз. Сіз ақшаны салып жіберсеңіз, мен тауарды көлікке тиеп, Алматыға жөнелте беремін. Ақшаңыз үшін уайымдамаңыз, өзімнің құжаттарымды жіберемін» деп, жеке төлқұжатын салды. Онымен қоймай ораулы тұрған тоңазытқыштың суретін салды. Шопырдың нөмірі деп Асқар деген бір жігіттің нөмірін де салды. Сосын мен имандай сендім де, өзінің айтуы бойынша жіберген шотына 170 доллар салып жібердім. «Ақшаны доллармен салсаңыз дұрыс еді, себебі біз Ресейге көшіп барамыз» деген соң, келісе салдым.


Ол біраз уақыттан соң телефон шалды да, «әйелім сенбей жатыр, құжаттарыңыды түсіріп жіберіңізші» деп өтінді. Аңқау басым, дереу суретке түсіріп, салып жібердім. Ертеңіне хабарласып, «тоңазытқыш жолға шықты ма» деп сұрағам. «Сіз маған сенбей тұрсыз ба? Ондай болса карта нөміріңізді салыңыз, ақшаңызды қайтарамын» деді. Миым ашып кеткен соң, қоя салайын дедім де, картамды суретке түсіріп салдым.


Бір-екі сағаттан соң әлгі адам қайта хабарласты. «Сізге басқа заттар керек емес пе, бізде мыналар бар, егер қаласаңыз бұларды да арзан бағаға сатып, тоңазытқышпен қоса салар едім» деп әңгімеге тартты. Күйеуіме көрсетіп едім, «Арзан екен, теледидары мен диванын алайық» деп келісе кетті. Бірақ бізде оның бәріне жететін ақша жоқ-тұғын. «Қалтаңызда қанша бар, сала беріңіз, қалғанын жайлап құтыласыз. Жас отбасы екенсіздер, бізден көмек болсын» деп іші-бауырымызға кіріп кете жаздады. Қалай басымыздың айналып қалғанын білмейміз, күйеуімнің шотындағы 50 мың теңгені долларға айналдырып, Арман деген адамның шотына салып жібердік.



Диванды 140 мың, телевизорды 90 мың деді. 230 мыңның 50 мыңын салдық, «тағы біраз бөлігін ертең салыңыз, қалғанын кейін бере бересіз» деген соң, ертеңіне тағы 70 мың аудардық. Ертеңіне Асқар деген жүргізуші хабарласып, Алматыда таңертең болатынын айтып, мекен-жайымызды сұрады. Белгіленген күні тауар келмеді. Шопырдың телефоны сөндірулі болды. Арман деген тауар иесі де телефонын көтермей қойды. Қайта-қайта хабарласып, хат жаздық. Нәтиже болмаған соң күйеуім полицей болып істейтін досына болған жағдайды айтып еді, ол Арман, Асқар деген адамдардың алаяқы екенін анықтап берді. Бізге жіберген құжаттағы адамның бұл іске түк қатысы жоқ екен. Ол да біз секілді алданып қалған адамдардың бірі болып шықты. Алаяқтар әлгіндей жағдаймен жәбірленушілердің құжаттарын сұрап, кейінгі қулықтары үшін пайдаланып отыратын көрінеді.


Осылайша біз 200 мың теңгемізден айырылып қалдық. Полицияға арыз жазғанымызбен одан ешқандай нәтиже шықпады. Интернет алаяқтарын тұсаулау қиын екен. Себебі олар әр жолы әртүрлі телефон нөмірі мен әртүрлі құжаттарды пайдаланып отырады дейді.


Оңбағандардың кесірінен күйеуім екеуміз ажырасып кете жаздадық. «Ауылдың аңқау қатынысың, қайдағы бір сүмелектерге жем болдық» деп мені түтіп жібере жаздады. Өзіміз пәтер жалдап тұрамыз, тапқанымыз тамағымыздан артылмайтын мына заманда әлгі ақша үшін ішім удай ашыды. Қарғап-сілеп қоя салдық. Қайтеміз енді...


Мен басымнан өткен оқиғаны қарапайым адамдар алданып қалмаса екен деп айтып отырмын. «Арзанның сорпасы татымас» деген рас екен. Одан да несиеге жаңа зат алғаным дұрыс еді. Абай болғайсыздар!»