"Төсектегі сәтімізді жасырын видеоға түсіріп алыпты": алматылық әйел бұрынғы күйеуінен көрген зәбірін айтып берді

0
7 010

​«Бетімді, арқамды пышақпен тіліп тастаған»


иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Бәрі де қу арақтың кесірі. Ит ішпейтін сол бәле біздің басымызға сор болды. Арақтың кесірінен тәп-тәуір түрімнің сау тамтығы қалмады. Тек жанымның аман қалғанына қуанам», - дейді Гүлназым (өз өтініші бойынша аты өзгертілді) есімді келіншек.


ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан оқырманымыздың күйеуі аталмыш жағдайдан кейін қамауға алынған екен. Бүгінде түрмеде жазасын өтеп жатқан көрінеді. Алайда Гүлназымның бойындағы үрей, қорқыныш әлі сейіле қоймапты. Ол отбасындағы сұмдық жағдайды тілшімізге баяндап берді.


«Алғашқы некедегі жолдасым қызымызға аяғым ауыр кезімде жол апатынан қаза тапты. Қарашаңырақта енем, қайным, бәріміз тұрғанбыз. Қырық күндік асы өткен соң енем маған рұқсатын берді де, төркініме қайтып келдім. Қызымды сол жақта босандым. Ол үш жасқа толған соң қалаға, жұмысқа кеттім. Тіреп тұрған ағам да, әкем де жоқ. Жалғыз інімнің тапқаны қай жыртығымызға жамау болсын, бір жағынан шығысайын дедім.


Біраз жылдан соң екінші күйеуіммен таныстым. Ортақ достарымыз бар-тұғын. Отырыстарда жиі бас қосып қалушы едік. Бір күні ол бәрімізді үйіне қонаққа шақырды да, қайтар кезде қарсыласқаныма қарамай анасы басыма орамал салды. «Мен бұрын тұрмыста болғанмын, бір қызым бар» деп шынымды айтып едім, «Балаңды жатсынбаймыз, қыздың түк кінәсі жоқ» деп көндіріп алды.


Алты айдай жап-жақсы өмір сүрдік. Күйеуім ішпейтін. Кейін жұмысынан босап қалды да, аузы құрғамай арақ ішетін болды. Ішкен кезде оны танымай қалатынмын. Сәл үндемей отырып қалсам да, сөйлемей қалсам да «Не болды, бұрынғы байыңды аңсап отырсың ба?» деп тілімен түйреп алатын. Кейін келе қол жұмсайтын болды. Бар себеп сол – бұрынғы күйеуім. Әлдеқашан сүйегі қурап кеткен күйеуімді сөз етіп, таяққа жыға беретін.


Қызымды мектепке апара жатқанбыз. Бағдаршамның қызылы жанып тұрғанда дәл алдымнан бірінші күйеуімнің інісі өтіп бара жатыр екен. Танысың болған соң қадалып қарайтының анық қой. Соны күйеуім байқап қалды да, күтпеген жерден құлағыма шапалақпен салып жіберді. Сосын жұдырығымен мұрнымнан бір ұрып, сындырды. Құлағымның пердесі де жарылып кетіпті. Әлі күнге дейін есту қабілетім қалпына келмеді.


Осы жағдайдан кейін онымен ажыраспақшы болдым. Кезекті бір төбелесте киім-кешегімді жинап, төркініме кеткелі жатқанмын. «Сен менен кете алмайсың. Кетсең дәл қазір мына видеоны «ютубқа» салып, бүкіл әлемге масқараңды шығарамын» деп бопсалады. Қарасам, екеуміздің жыныстық қатынасқа түскен сәттерімізді жасырын видеоға түсіріп жүрген екен. «Күйеуінің көзіне шөп салған әйел» деп жазып жіберсем, бүкіл әлем бетіңе түкіретін болады» деп кемсеңдеп күлді. Амал жоқ, шешем мен інімнің абыройын ойлап, айтқанына көніп жүре бердім.


Енемнің пенсиясына күнелтіп жүрдік. Ішерге ас, киерге киім таппай, титықтап кеткен соң күйеуімнің рұқсатымен ауылдағы азық-түлік дүкеніне сатушы боп кіргем. «Бір шиша арақ бер» деп күйеуім қылқылдап келеді де тұрады. Онысын айлықтан мен төлеймін. Бір күні шыдай алмай, «Тасыңа ішесің бе, ақшасын өзің төле! Белім қайысып тауар тасып жүріп тапқанымды сенің сасық суыңа жаратып жүрмеймін» деп ұрысқам. Кассаның жанында тұрған пышақты көз ілеспес жылдамдықпен жұлып алды да, бетіме сілтеп жіберді. Абырой болғанда мойнымды осып жібермеді, көзіме тимегеніне де қуандым. Бетімді тіліп кетіпті.


Ол сонда да тоқтаған жоқ, қолымды қайырып, етпетімнен жатқызып алды да, әлгі пышақпен арқамды оса бастады. Жаным мұрнымның ұшына келді. Өлердегі сөзімді айтып, жалынып жатырмын. Бір уақта қалай аузыма түскенін білмеймін, «Сәке, менің аяғым ауыр. Ішімдегі балаңды аяшы» деп жылап жібердім. Сол кезде ғана мені босатты да, дүкеннен тәлтіректеп шығып кетті.


Осы жағдайдан кейін мен онымен тұрсам жазым болатынымды түсіндім де, зорлық-зомбылыққа қарсы ұйымдарға хабарласып, құқықтық көмек көрсетулерін өтіндім. Қазір құрбымның үйінде тұрып жатырмыз. Ол да күйеуінен ажырасқан. Бірігіп пәтер жалдаймыз.


Мұнда келген соң да тыныштық берген жоқ. «Менің үстімнен арыз жазатындай сен кім едің?» деп телефонмен бопсалай бастады. «Пәлен дүкенде неғып жүрсің, осыдан шықшы, көзіңе көк шыбын үймелетемін» деп артымнан аңдуды шығарды. Бұл жағдай менің де, қызымның да жүйкесіне әсер етпей қоймады. Біраз уақытқа дейін үйден шықпай қалдым. Нөмірімді ауыстырып тастадым. Түнімен арқамды осып жатқан сәтін түсімде көріп, ұйқымнан жылап оянатынмын.


Алдымен өз бетімше полицияға арыз жазып, күйеуіме жаза қолдануын өтінгем. Бірақ олар тұрмыстық төбелес ретінде тіркеді де, күйеуімді он бес тәулікке қамай салды. Мұны естіген әйелдерге көмек көрсететін ұйымдардың өкілдері қайта арыз жазып, дене жарақатын салу, өміріне қауіп төндіру баптары бойынша іс қозғатып, күйеуімді екі жылға қаматты.


Бір жыл екі ай болды, құлағым тыншып, қызыммен рақат өмір сүріп отырмын. Он айдан кейін түрмеден босап шықса, қайтадан бопсалап, ұрып-соғып кете ме деген де қорқыныш бар...»